Елімізде волонтерлік қызметті қолдау стандарты әзірленеді – Аида Балаева

424

0

Елімізде волонтерлік қызметті қолдау стандарты әзірленеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ел Президентінің бастамасымен қолға алынған волентерлік қозғалыс бүгінде жалпыхалықтық қолдауға ие болған жобаға айналды. Әсіресе, былтырғы пандемия кезінде халықтың шынайы қайырымдылық қасиеті мен елге деген жеке жауапкершілігі ерекше білінді. Осы 1 жылдың ішінде волонтерлік қызметтің қарқыны артып, бағдарламалар мен жобалардың ауқымы айтарлықтай кеңейе түсті. Атап айтқанда, волонтерлік ұйымдардың саны 3 есеге, еріктілер қатары 4 есеге көбейді.

Пандемия кезінде 500 мыңға жуық азамат волонтерлік қызметке қатысып, 1 млн-нан астам жанға нақты көмек көрсетілді. 80 мыңнан астам азық-түлік себеті, 4,5 млн медициналық жабдық таратылды», – деді министр. Оның атап өтуінше, осы қалыптасқан ауқымды мүмкіндіктер мен адами ресурсты сақтай отырып, Волонтерлікті дамытудың жол картасы аясында еріктілер қозғалысын қолдау биыл да өз жалғасын тауып жатыр. «Бұл Nur Otan партиясының да сайлауалды бағдарламасында көрсетілген басымдықтардың бірі. Жол картасының кешенді іс-шаралар топтасы аясында бірқатар бағыт айқындалды.

Атап айтқанда, бірінші – заңнамалық деңгейде өзгерістер енгізу. Оның аясында оқуға тапсыру мен жұмысқа орналасу кезінде жеңілдіктер қарастыру, волонтерлердің құқығы мен міндеттерін кеңейту, еріктілердің ең төменгі жас шегін белгілеу және корпоративтік волонтерлік нормалары сияқты жаңашылдықтар да қарастырылған. Жария талқылаудан өткен соң заң жобасы 1-шілдеге дейін Үкімет қарауына енгізілетін болады. Бұған қоса, волонтерлік қызметті қолдау стандарты әзірленіп, оның негізінде мемлекеттк органдарға осы бағыт бойынша тиісті бағыт-бағдар берілетін болады», – деді Аида Балаева.

Министрдің айтуынша, екінші – волонтерлік инфрақұрылым. «Волонтерлер құрған республикалық және 17 өңірлік фронт-кеңселер өз жұмысын жалғастыруда. Биылғы жылдың 1-жартыжылдығында 113 мыңнан астам волонтердің қатысуымен 6 мыңға жуық іс-шара өткізілді. Үшінші – волонтерлік жобалар мен бастамаларды іске асыру. Жол картасы аясында жалпы сомасы 528,3 млн теңгені құрайтын 40-тан астам жобаны іске асыру қарастырылған. Ақпарат министрлігі тарапынан 13 волонтерлік жобаға 438,6 млн теңге бөлініп отыр. Оның аясында жануарларға жанашырлықты көздейтін «Бірге аяла», аға ұрпақты волонтерлік қызметке шақыратын «Күміс» волонтерлік жобалары, сонымен қатар басқа да өзекті тақырыптар бойынша 130-дан астам шағын гранттар қарастырылған», – деді ол.


 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<