Жақында Мәскеу қаласынан ақжолтай хабар жетті. Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің Алғысы үш бірдей жерлесімізге, атап айтқанда, қоғам жанашыры Дәурен Әбілқайыров, облыстық мәслихат депутаты Гүлшат Исаева және белгілі журналист Нұрсұлтан Мықтыбаевқа жарияланғаны хабарланды. Жоғары дәрежелі марапаттар сырбойылықтарға Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында табысталды.
Еліміздің Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәурен Абаев бастаған ұжымның марапаты жерлестерімізге Халық Қаһарманы, қазақтың аты аңызға айналған тұңғыш ұшқыш қызы Хиуаз Доспанованың ерлігін ұлықтауға арналған шараны ұйымдастыруға қосқан өлшеусіз еңбектері үшін берілген.
Естеріңізде болса, тамыз айында «Хиуаз, ұлы дала қыранысың» деген атпен жарық көрген мақаламызда Мәскеудегі шара туралы егжей-тегжейлі жазған болатынбыз. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, әнші, композитор Сәуле Жанпейісованың «Ер есімі – ел есінде» атты авторлық әндер кешінде даңқты ұшқыштың құрметіне арналған «Хиуаз» әнінің тұсауы кесіліп, оның қан майдандағы ерлігі кеңінен дәріптелді. Патриотизмге толы әннің сөзін жазған Нұрсұлтан Мықтыбаев кешке арнайы қатысып қана қоймай, сол кешті жүргізді. Әнді батыр апамыздың жерлесі әрі композитордың шәкірті, Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрының солисі Шыңғыс Нұрғалиұлы орындады.
Ал осы шараға Қызылорда қаласынан арнайы барған «Торғай-Петролеум» АҚ-ның бұрынғы басшысы Дәурен Әбілқайыров пен облыстық мәслихат депутаты Гүлшат Мұсаева ерлікті, елдікті дәріптеуге өздерінің үлестерін қосқан еді.
Міне, аталған Алғыста Мәскеу төрінде өткен шараға қатысқан азаматтардың әрбірінің қосқан елеулі үлестері жан-жақты ескеріліп, ерекше атап өтілген.
– Сіздерге Ұлы Отан соғысы кезінде ерлігімен ерекше көзге түскен даңқты батыр, есімі аңызға айналған қазақтың тұңғыш әрі жалғыз ұшқыш қызы, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованы ұлықтау, оның өнегеге толы өмірін өскелең жас ұрпаққа насихаттау жолында атқарған еселі еңбектеріңіз үшін риясыз алғысымызды білдіреміз.
Кеудесін Отан үшін оққа тосқан батырларымыздың ерлігін ұмытпау – ең асыл қасиет. «Қызыл Жұлдыз», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегері Хиуаз Қайырқызының есімін Мәскеу төрінде дәріптеу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлікке пара-пара дүние екендігі ақиқат. Осы тұста сіздер нағыз ерлік пен патриотизмнің, отансүйгіштіктің үлгісін көрсетіп, азаматтық адал борыштарыңыз бен берік ұстаным танытқандарыңызды ерекше атап өткіміз келеді.
Халық қаһарманына арналған шаралар легінің Мәскеу қаласында, оның ішінде «Халық шаруашылығының жетістіктері көрмесі» аумағындағы «Қазақстан» павильонында ұйымдастырылуы, Хиуаз Доспановаға арналған әннің де Ресей Федерациясында тұсауы кесілуі тек қазақстандықтарға ғана емес, осында тұрып жатқан отандастарымызға да ерекше қуаныш сыйлады.
Алдағы уақытта да мемлекеттік маңызды шаралар мен қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, адалдық пен елжандылық таныта берулеріңізге тілектеспіз. Егемен еліміздің жарқын болашағы жолындағы қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға бақ-береке тілейміз! – делінген марапат мәтінінде.
– Бұл, шын мәнінде, өзіндік мәнге ие, саяси және тарихи маңыздылығы жоғары шаралар легі болды, – деп атап өтті дипломатиялық органның кеңесші-уәкілі Ерлан Шәмішев.
Айта кетейік, дәл осындай марапаттау салтанаты Алматы қаласында да ұйымдастырылып, Елшіліктің Алғысы «Хиуаз» әнінің авторы, жезтаңдай әнші Сәуле Жанпейісова мен оны орындаған Шыңғыс Нұрғалиұлына да табыс етілді.
Айдын ӘБДІХАЛЫҚ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<