Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ұлыбританиядағы жаңадан тағайындалған елшісі Мағжан Ілиясовты қабылдады.
Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы Біріккен Корольдікпен арадағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту аса маңызды екенін атап өтті.
Президент Мағжан Ілиясовқа екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық іс-әрекетті жандандыруға және басқа да мәселелерге қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.
Тоғыз ай және нақты тапсырма
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевты қабылдады. Мемлекет басшысына Алматы қаласының биылғы тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындысы туралы есеп берілді.
Қала әкімі Президентке экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларының орындалуы жөнінде баяндады. Есеп беріліп отырған кезеңде қысқамерзімді экономикалық индикатор 105 пайызға жеткен. Өңдеуші өнеркәсіп – өсімнің негізгі драйверіне айналды. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 22,1 пайызға артқан. Алматы жеке инвестициялар көлемі жөнінен (22,4 пайыз) өңірлер арасында бірінші орында. Қалада іскерлік белсенділік қалпына келді. Биылғы тоғыз айда жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 37,2 пайызға артты.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасының жүзеге асырылуы және 2030 жылға дейінгі ортамерзімді перспективалары, сонымен қатар дамудың бекітілген негізгі басымдықтарын ескере отырып, қаланың 2040 жылға дейінгі жаңа Бас жоспарын әзірлеу барысы туралы баяндалды.
Мемлекет басшысына инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары, мектептердегі орын тапшылығын төмендету үшін қабылданып жатқан шаралар, бірыңғай бейнемониторинг жүйесін құру жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы мәлімет берілді.
Кездесу соңында Президент қаланың экономикасын одан әрі әртараптандыру және инфрақұрылымын жаңғырту жөнінде тапсырма берді.
Комиссия қызметі жөнінде есеп берді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Игорь Роговты қабылдады.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның қызметі жөнінде есеп берілді.
Игорь Рогов Мемлекет басшысына Комиссияның отырыстарында адам құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың қызметі, сондай-ақ құқық қорғау органдары мен арнайы органдардың қызметінде азаптау фактілерінің алдын алу мәселесі қаралғанын айтты.
Президент адам құқықтарын қорғау мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі екенін атап өтті. Қазақстан Конституциясына сәйкес, адам өмірі – ең жоғары құндылық.
Мемлекет басшысына Еуропа Кеңесі Венеция комиссиясының жұмысы жөнінде мәлімет берілді. Игорь Рогов – Қазақстанның атынан осы комиссияның мүшесі және Омбудсмен институты жөніндегі шағын комиссияның президенті. Президенттің айтуынша, жуырда конституциялық түзетулерді пысықтау барысында Венеция комиссиясының Омбудсмен мәртебесін көтеру жөніндегі ұсыныстары ескерілді. Бұл адам құқықтарын сақтау саласына бақылауды күшейтеді және мемлекетті халықтың сұранысына жедел жауап беруге ықпал етеді.
Игорь Рогов Венеция комиссиясы елімізде жүргізіліп жатқан құқықтық және саяси реформаларға оң баға бергенін айтты.
Қазан айында Венеция комиссиясы, Парламент Мәжілісі мен Әділет министрлігі «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заң жобасын талқылауды жоспарлап отыр.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<