Емдік массаждың ерекшелігі

1275

0

Жалағаш ауданының тұрғыны Манарбек Қожахметовтың «Салта» жеке кәсіпкерлік орталығы 6 жылдан бері аудан тұрғындарына жүйелі қызмет көрсетіп келеді. Орталықта нүктелі-емдік массаж жасау арқылы остеохондроз, артрит, артроз, сколиоз, ДЦП, дисплазия диагноздары бойынша мойын, беломыртқа, аяқ-қол ауруларына шалдыққан науқастарды емдейді. Жоба жетекшісі М.Қожахметов көз жанарынан айырылған, І топтағы мүмкіндігі шектеулі азамат. Бірақ кейіпкеріміздің іске асырып отырған кәсібіне қарап, заман талабына ілесуге қабілеті де, мүмкіндігі де бар екенін байқадық. 

Дәлірек айтқанда, дәрігердің жолдамасымен  туабітті сал ауруына шалдыққан балалар және инсульт алған науқастар осында келіп, массаж қызметіне жүгінеді. Орталықта олардың тиісті жаттығулармен  айналысуына  барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ, мұнда қытайдың классикалық массажын алуға болады. Күніне 10-15 адамға қызмет көрсететін орталық көптеген науқастардың көңіліне үміт ұялатып, өмір сүруге деген құлшыныстарын арттырып келеді.

Емшінің айтуынша, кейінгі жылдары дүниеге келген сәбилердің ұршығы жетілмей қалуы көп кездеседі. Дисплазия деп отырғанымыз осы. Бірақ оларды дер кезінде нүктелі массаж арқылы емдеуге болады. Сондықтан бұл диагноз бойынша келушілер қатары көп. Бізді таңғалдырғаны ДЦП диагнозы қойылған жасөспірім қыз бала осында келіп, нүктелі-емдік массаждың толық курсын қабылдағаннан кейін аяғын басып, жүріп кеткен.

– 2016 жылы елордадағы мүмкіндігі шектеулі жандардың конфедерациясының қолдауымен 3 ай оқып, қытайдан келген профессордан дәріс алдық. Осы мерзім аралығында бізді оқытумен қатар тәжірибеден өткізіп, арнайы сертификат берді. Ал, 2017 жылы кәсіпкерлік бағытында 1 млн теңге грант алып, жұмысты бастадық. Алғашқы уақытта тұрғындарды қабылдайтын мекен-жайымыз жоқ, сондықтан көше бойындағы жарнамаларға қызмет көрсететініміз жайлы қысқаша мәлімет қалдыратынбыз. Сол бойынша тұрғындардан көптеген шақыртулар  түсіп, үйіне барып массаж жасап жүрдік. Осылайша жұмысты бастап кеттік. Әйтсе де әртүрлі емдеу әдістері бойынша арнайы құрал-жабдықтар жетіспейтін. Ал, банктерден несие алуға құжат өткізсек, кепілге мүлік қажет екенін айтты. Сонымен, аудандағы кәсіпкерлік бөлімінің қолдауымен, 2020 жылы құрылысы бітпей тұрған үйімізді кепілге қойып, төмен процентпен 2 млн теңге көлемінде несие алдық. Алдағы уақытта сол үйіміздің екі бөлмесін массаж орталығы етіп жабдықтаймыз. Одан соң кәсібімізді кеңейтіп, фитнес орталығын ашу да ойымызда бар.

Жұбайым Салтанат Есенбаеваның бастапқы мамандығы мұғалім болатын. Кейін медбике мамандығын оқып алды, нүктелі-емдік массаждың арнайы курсын да бірге оқығанбыз. Сондықтан екеуміз де емдеу әдісін бірден меңгердік. Ал, әзірге жалға алып отырған пәтеріміз тар болғандықтан жұмыс істеуге қолайсыз, – дейді емші.

Оның айтуынша, нүктелі-емдік массаж алуға  келушілердің қатары көп. Алғашқыда тек аудан тұрғындары болса, бүгінде бір шеті Жаңақорған, бір шеті Байқоңырдан ем алушылар келеді. Ал, аудан орталығындағы өздігінен жүре алмайтын науқастарға өзі барып массаж жасайды екен.

Жоғарыда айтып өттік, туабітті сал ауруы (ДЦП) диагнозымен ауыратын 6 жасар қыз науқасынан айығып келеді. Бізбен әңгімелескен әжесі Феруза Мусаханованың айтуынша, Аяулым Әмірханға алты айлығында осы диагноз қойылған екен. Өйткені ол өзге сәбилер секілді еңбектемейтін, отыра да алмайтын, яғни, ұршығы дамымай қалған. Сол уақыттан бері дәрігер тағайындаған дәрі-дәрмектен бөлек, «Салта» массаж орталығынан үзбей ем алып келеді. Соның арқасында бала бірте-бірте еңбектеп, тәй-тәй басатын болды. Арада 6-7 жыл өткенде Аружан аяғын басып, өзі жүретін жағдайға жетті. Өткен жылы мектепке барып, 6 жасар тобында оқыды. Дегенмен әзірге ұзақ жүре алмайды. Сабаққа ата-анасының көмегімен баратын. Ал, алдағы оқу жылында ол 1-сыныпқа баруы керек. Осы орайда әжесі Аяулымның денсаулығына әлі де көп күтім қажет екенін айтып, үйден оқытылғанын қалайды.

Біз барған кезде Манарбек Қожахметов 3-4 айлық шамасындағы сәбиге массаж жасап жатыр екен. Сонда байқағанымыз, сәби бірде шырқырап жылап, бірде тыныштала қалады. Демек, емші қажет нүктені тап басып тұрғаны анық. Емшінің айтуынша, егер диагнозы дұрыс қойылса, науқастың қай түрін де емдеуге болады. Ең бастысы – адамның өз-өзіне деген сенімі, рухының мықтылығы.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

Жалағаш ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<