Жыл сайын елімізде бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарын таңдау екі ай бойы өткізіледі. Дәстүрлі шара биыл да еліміз бойынша 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында жүргізіледі. Осыған байланысты өңірлік коммуникациялар қызметінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ облыс бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов брифинг өткізіп, науқан жайлы баяндады.
– Бүгінде қордың денсаулық сақтау субъектілерінің деректер базасында облыс бойынша 26 БМСК ұйымы тіркелген, оның ішінде 12-сі – мемлекеттік, 14-і – жекеменшік. Осы жылдың 1 қыркүйегіне БМСК ұйымдарына 817591 адам тіркелген. Олардың көпшілігі, яғни, 674383 адам мемлекеттік емханаларда, қалған 143 208-і жекеменшік емдеу, алдын алу ұйымынан қызмет алады. Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылғы емханаларға тіркеу науқанының қорытындысы бойынша БМСК ұйымын еркін таңдау қызметін өңірдің 10277 тұрғыны пайдаланған. Олардың көпшілігі, нақтырақ айтқанда, 8660 адам тікелей БМСК ұйымына өтініш беру арқылы тіркелсе, қалғаны egov.kz порталы арқылы өткен. Тіркелген азаматтардың басым көпшілігі, яғни 9839 адам жеке клиникаларды, қалған 677 адам мемлекеттік емханаларды таңдады, – деді Бақыт Торғайбайұлы.
Емхананы таңдағанда үйден 15-20 минут уақытта жаяу жететін жерде орналасқаны жөн. Ал тіркелу екі әдіс арқылы жүргізіледі. Біріншісі, www.egov.kz сайты арқылы барлық азаматтарға арналса, екінші әдіс халықтың жекелеген санаттарына ғана арналады. Олар емханаға жеке басын куәландыратын құжатпен тікелей жүгіне алады. Емхананы еркін таңдау құқығын пайдаланбаған азаматтар бұрын өзі таңдаған БМСК ұйымында тіркелген күйі қалады. Науқан кезінде БМСК ұйымына тіркелген азаматтар келер жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық көмек ала бастайды. Бұл ретте бұрынғы тіркелген БМСК ұйымынан есептен шығару автоматты түрде жүзеге асырылады.
Тұрғын МӘМС жүйесінде сақтандырылу мәртебесі болмаса да емханаға тіркелудің еркін таңдауын пайдаланғанымен, әрі қарай толыққанды жоспарлы медициналық көмектер алу үшін сақтандырылуы тиіс.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<