ЕМХАНАНЫҢ ЖЕТІСТІГІ

599

0

Ресей-Қазақстан-Украина-Беларусь мемлекеттері мамандары тарапынан жүргізілген сараптамалар нәтижесінде Жаңақорған аудандық емханасы Қызылорда облысы бойынша 5-ші, республика бойынша 7-ші орынды иеленді.
Халықаралық рейтингтер одағының қолдауымен Қазақстан Республикасындағы Ұлттық Бизнес-Рейтингтерді ұйымдастыру комитеті 10 жылдан бері жалпы мемлекеттік рейтингтік бағдарлама шеңберінде халыққа қызмет көрсететін кәсіпорындар арасында сараптама жүргізіп келеді. Мұндай ауқымды шараны өткізудің негізгі мақсаты – Қазақстандағы кәсіпорындардың мемлекеттік статистикалық есептілігіне жоғары деңгейде сараптама жүргізу және марапат мінберіне лайықты есімдерді анықтау.
Жақында Ұлттық Бизнес-Рейтингтер Одағы өткізген жеңімпаздарды марапаттауға арналған салтанатты шарада аудандық емхананың «Қазақстан көшбасшысы – 2013» Ұлттық сертификаты мен арнайы медаль иеленгендігі жөнінде ақжолтай хабар жетті. Сондай-ақ мекеме жұмысын ұйымдастырудағы жемісті еңбектері үшін емхана бас дәрігері Жақсылық Абдусаметовке «Қазақстан Даңқы» ордені табыс етілді. Мекеменің бас есепшісі Мұса Мұстафаевқа «Үздік маман-2013» арнайы сертификаты, мекеменің бас экономисі Талғат Қалмаханға «Еңбек жолындағы өнімділігі үшін» медалі берілді. Бұл жетістік емхана әкімшілігінің ұйымдастыру жұмыстарының өз дәрежесінде жүргізілгендігі мен ұжым қызметкерлерінің тынымсыз еңбегінің нәтижесі.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<