Енді 2%: Қызылорда облысында бөлшек салық мөлшері 50 пайызға төмендетілді

486

0

Сурет ашық дереккөз

Қызылорда қаласы мен жеті ауданның мәслихаты бөлшек салықтың арнаулы режимін қолдана алатын қызмет түрлері үшін бөлшек салық мөлшерлемесін 4%-дан 2%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Жергілікті өкілдік органға Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы ұсыныспен шықты.

Палатаға сауда саласының 57, қызмет көрсету саласының 16, барлығы 73 кәсіпкер салық мөлшерін төмендетуді сұрап, өтініш білдірген болатын.

Бұл кәсіпкерлерге не береді?

Жалпы бөлшек салықтың арнаулы салық режимін мына шарттарға сәйкес келген салық төлеушілер қолдануға құқылы:

– салық кезеңінде қызметкерлердің орташа тізімдік саны 200 адамнан аспайды;

– күнтізбелік жылдағы табысы 600 000 айлық есептік көрсеткіштен аспайды (2023 жылы – шамамен 2 млрд теңгені құрайды);

– осы режимді қолдану үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған қызмет түрлерінің біреуін немесе бірнешеуін ғана жүзеге асырады.

Бөлшек салық мөлшерлемесі 4%, яғни кәсіпкерлер салықтық кезеңде алынған кірістерінің осынша мөлшерін бюджетке төлеуі керек.

Бұл режимге 190 қызмет түрі енгізілді.

Бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету мәселесі Палата жанындағы Сауда, қызмет көрсету және туризм кеңесінің бірнеше отырысында талқыланды.Маусымда облыс әкімінің бірінші орынбасарының төрағалығымен кәсіпкерлік саласында туындаған мәселелерді қарау жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысында қаралды.

Бұл шараларда облыстағы қоғамдық тамақтану және қызмет саласы қауымдастығының төрайымы Ақмарал Әбдіразақов азық-түлік пен коммуналдық қызметтердің бағасының күрт және үнемі өсуінің қоғамдық тамақтандыру орындарының жұмысына теріс әсерін тигізіп жатқанын алға тартты.

Сонымен бірге аймақтағы туризм қауымдастығының төрайымы Сәуле Булегенова қонақ үйлер сапалы қызмет ұсыну үшін ғимарат жағдайын үнемі жаңартатынын, қызметкерлердің жалақы қорын да ескеруі қажет екенін айтып, салық ауыртпалығын жеңілдетуді сұрады.

Бөлшек салық мөлшерлемесін 4%-дан 2%-ға дейін төмендету жөніндегі шешімді жергілікті мәслихаттар қабылдай алады. Осы жағдайды басшылыққа алған Кәсіпкерлер палатасы облыстық мәслихатқа ұсыныспен шықты.

Нәтижесінде маусымда аудандар мен Қызылорда қаласының мәслихат депутаттары бөлшек салық мөлшерлемесін 2%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады.

«Арал ауданында 6654 кәсіпкер тіркелген. Бөлшек салық мөлшерін 3 мыңнан астам кәсіпкердің пайдалануына болады. Бұл кәсіпкерлер үшін өте жақсы мүмкіндік», – дейді Кәсіпкерлер палатасының Арал ауданындағы филиалының директоры Нұрсәуле Ембергенова.

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасында осы мәселемен айналысқан сарапшы Назым Мұрсал аудандардағы кәсіпкерлердің басым бөлігі кіші кәсіпкерлер болғандықтан жеңілдікті қолданатындардың аясы кең болатынын атап өтті.

«Облыста 190 қызмет түрін алатын заңды тұлғалардың өзі 3 мыңға жуық екен. Ал жеке кәсіпкерлердің саны бұдан да көп. Бұл жеңілдікті дара кәсіпкерлік субъектілерінің 45 пайызы қолдана алады.Сауда саласын негізінен кіші кәсіпкерлер құрайды. Олардың басым бөлігі ғимараттарды жалға алады. Палатаға жазған өтініштерінде кәсіпкерлер алып-сатудан түсетін табысы күнделікті күнкөрістен аспайтынын айтқан. Салық ауыртпалығын төмендету туралы шешім кәсіпкерлерге жақсы қолдау», – дейді Палата сарапшысы Назым Мұрсал.

Айта кетейік, бөлшек салық мөлшерін төмендету туралы бастаманы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы көтерді. Нәтижесінде барлық өңірде мәслихаттар бұл мәселені қарап жатыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<