Ендігі еңбек – егін күтімі

597

0

Жергілікті диқандар егін егу науқанын толық аяқтап, бүгінде оны күтіп-баптауға кірісіп кетті. Көктем мезгілінде көпшіліктің көңілін «Биыл судың жағдайы қалай болады?» деген сауал күпті еткені рас. Қазақстан Үкіметі мен облыс басшылығының қолдауымен бұл мәселе оңтайлы шешілді. Сыр өңіріне егілген дақылды тұрақты суаруға 3,7 млрд текше метр су лимиті белгіленді. Бұл – өткен жылдармен салыстырғанда көңіл демдейтін көрсеткіш.

Жергілікті диқандар егін егу науқанын толық аяқтап, бүгінде оны күтіп-баптауға кірісіп кетті. Көктем мезгілінде көпшіліктің көңілін «Биыл судың жағдайы қалай болады?» деген сауал күпті еткені рас. Қазақстан Үкіметі мен облыс басшылығының қолдауымен бұл мәселе оңтайлы шешілді. Сыр өңіріне егілген дақылды тұрақты суаруға 3,7 млрд текше метр су лимиті белгіленді. Бұл – өткен жылдармен салыстырғанда көңіл демдейтін көрсеткіш.

– Дарияның төменгі бөлігінде орналасқан еліміздің Түркістан және Қызылорда облыстары кейінгі төрт жылда су тапшылығын сезініп жүрген болатын. Тиісті министрлік Сырдария өзенінің вегетациялық кезеңіндегі су тапшылығының алдын алу мақсатында көршілес мемлекеттермен келіссөздер жүргізді. Қазіргі уақытта су пайдаланушылар тарапынан күріштің өсу фазасына сәйкес бастапқы суға бастырылған алқаптардың суын тартып, тыңайтқыш себуде. Су пайдаланушылардың сұранысын қамтамасыз ету мақсатында біздің филиал облыс және аудан әкімдіктерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ филиалдың аудандық өндірістік бөлімшелерінің барлық мамандары күндіз-түні егін алқаптарына су жеткізіп беру бағытында жұмыс жасауда, − дейді «Қазсушар» РМК облыстық филиалының директоры Роллан Ахметов.

Су лимитіне сәйкес нақты кезеңде облыста ауыл шаруашылығы дақылдары 190,5 мың гектарға егілді. Оның ішінде күріш көлемі 82,4 мың гектар. Өткен жылдармен салыстырғанда күріш 7,8 мың гектарға азайтылған. Азайтылған егін көлемінің орнына әртараптандыру бағытында суды аз қажет ететін дақылдар егуге мән берілуде. Олардың қатарында майлы және көкөніс-бақша, картоп дақылдары бар. Атап айтқанда, дән жүгері 1,7, сүрлем жүгері 793, мақсары 4,7, картоп 4,1, көкөніс 6,6, бақша 9,2 гектарға, ал асқабақ 308, тары 535, сұлы 5, күнбағыс 156, қант құмайы 290, соя 135, жаздық арпа 382, жаздық бидай 5,7, күздік бидай 3,6 мың гектарға егілді. Сонымен қатар, 21,8 мың гектар жаңа жоңышқа, 48,3 мың гектар ескі жоңышқа бар. Өткен жылдың күз айларында 3,7 мың гектар күздік бидай егіліп, 50,6 мың гектар сүдігер айдалды.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметіне сүйенсек, тұқым мәселесі толықтай шешілген. Сондай-ақ көктемгі егін егуге қажетті минералдық тыңайтқыш толығымен қамтамасыз етілген. Қолдағы барлық 3799 ауыл шаруашылығы техникасы жөндеуден өткізілді. Оған қоса биыл көктемгі егін егу мен дала жұмыстарына 13,7 мың тонна арзандатылған дизель отыны белгіленген. Оны өңірге бөлінген 4 оператор қамтамасыз етеді. Қаралған қаржы толығымен төленді.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, көктемгі дала жұмыстарын қосымша қаржыландыру жүзеге асуда. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 2,2 млрд теңге бөлінді. Қаржы ауыл шаруашылығы құрылымдарын несиелендіру мақсатына жұмсалады. Ол пайыздық мөлшерлемені және қарыздарын кепілдендіру  шеңберінде субсидиялауға арналған, – деп атап өтті басқарма мамандары.

Алда егіншілерді маңызды кезең күтіп тұр. Қолдағы суды ысырапсыз және үнемді пайдалану мәселесі кезек күттірмейді. Сала мамандары тарапынан бұл бағытта нақты жұмыстар жүзеге асып келеді. Үкімет резерві есебінен берілген насос қондырғысын су жетіспеушілігіне қарай белгіленген орындарға құру ескеріледі. Су тапшылығына қатысты ескертпеге қарамастан, кейбір шаруашылықтар канал сағасынан қашық немесе биік алқапқа егін еккен жағдайлар бар. Олар өз қаражаты есебінен насос қондырғысын орнатуы тиіс.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<