Ендігі міндет тегеурінді

402

0

Газеттің өткен нөмірінде хабарланғандай, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық  даму жағдайына арналған кеңейтілген жиын болды. Облыс басшысының орынбасарлары өздері жетекшілік ететін салалар бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.  Жасыратыны жоқ, кеңейтілген жиында көп мәселенің ақ-қарасы сарапқа түсіп, көрсеткіштерге кесімді баға берілді.

Инвестиция тартуда белсенділік керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында Үкімет пен әлемде орын алып жатқан геосаяси ахуалдың ушығуына байланысты  қаржылық-экономикалық дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін шараларды қабылдау қажеттігін тапсырған болатын. Осы орайда облыстың экономикалық даму көрсеткіштері бойынша алғаш болып облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғали Қордабайдың баяндамасы тыңдалды.

Баяндамашының айтуынша, ҚР Премьер министрі мен облыс әкімінің арасындағы меморандум, 2021-2025 жылдарға арналған облыстың даму жоспары және 2022 жылға арналған облыс әкімінің іс-қимыл жоспары шеңберінде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету шаралары жүзеге асырылуда. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында барлық макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика қалыптасқан. Тек өнеркәсіп өндірісінде мұнай өндіру көлемі 8,4 процентке азаюы себебінен өндірілген өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,2 процентке төмендеген.

– Кен орындарының сарқылу салдарынан үш айда 1 млн 17 мың тонна мұнай өндірілсе,  жалпы 2022 жылдың қорытындысымен 3,5 млн тонна мұнай өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 16,7 процентке төмендеу күтілуде. Мұнай-газ саласындағы жағдайды реттеу және мұнай кен орындарын анықтау мақсатында былтырдан бері «Шу-Сарысу», «Арал» және «Сырдария» шөгінді бассейіндерінде геологиялық-геофизикалық зерттеу жұмыстары  басталды. Биыл «Шу-Сарысу» бассейінін зерттеу аяқталса, «Арал» шөгінді бассейніндегі шығыс және батыс учаскелерінде  басталатын болады. Қаржысы республикалық бюджеттен қарастырылған. Ал Сырдария шөгінді бассейніне қаржы қарастырылмаған. Жобалық құжаттамасы дайын. Жауапты мамандар биыл республикалық бюджеттен қаржы бөлу мәселесін пысықтауы қажет, – деді Н. Қордабай.

Өнеркәсіптің өңдеу саласында 48,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда  1,5%-ке артқан. Алайда аудандар арасында төмендеу тенденциясы орын алғандары бар. Атап айтқанда, Шиеліде 11,1%, Қазалыда 14% және Қызылордада 19,1%-ке төмен. Биылғы үш айда 51,4 млрд теңгенің инвестициясы тартылып, өсім 14,9%-ті құрағанымен, бірқатар аудандар көрсеткіштің төмендеуіне жол берген. Мәселен, Арал 54%, Қазалы 23,1%, Жалағаш 45,3%, Жаңақорған 51,4% және Сырдария ауданы 58,4%-ке азайған.

– Инвестициялардың тартылуы  инвестициялық жобалардың іске асырылуымен тікелей байланысты. Сондықтан аудандар мен Қызылорда қаласы әкімдіктері экономикалық салада, әсіресе өңдеу саласында инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету бойынша белсенді болуы керек. Үш айда 10,7 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылып, өсім 27,7%-ті құрады. Ол негізінен Қызылорда қаласы, Жаңақорған, Қармақшы және Сырдария аудандары есебінен қалыптасып отыр, – деп атап өтті баяндамашы.

Ал тұрғын үйді пайдалануға беруде Арал ауданы ғана төмендеуге жол берген.  Шағын және орта бизнесті одан әрі дамыту мүмкіндіктерінің бірі ретінде  көлемді бастапқы инвестицияны талап етпейтін және жылдам ресурстар айналымын қамтамасыз ететін шағын кәсіпорындарды ұйымдастыру қажет. Биылдан бастап 2023 жылға дейінгі өңірлік экономиканы дамыту жоспары жүзеге асырылуда. Биыл жоспар аясында құны 7,5 млрд теңге болатын және 966 жұмыс орнын құрайтын 206 жобаны іске асыру жоспарланған. 1 сәуірге оның 77-сі іске қосылып, 269 жұмыс орны ашылды.

– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы жыл сайын әр 10 мың адамға шаққанда кемінде кәсіпкерлік саласы арқылы 100 жұмыс орнын құруды тапсырған болатын. Осы орайда айтылған даму жоспары аясында құрылатын 966 жұмыс орны өте аз. Сондықтан аудандар мен қала әкімдігі бұл бағыттағы жұмысты жандандыруы керек, – деп атап өтті Н.Қордабай.

Ауыл шаруашылығы саласында есепті кезеңде 13,6 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 1,4 %-ке артып отыр. Салаға тартылған инвестиция   2,5 процентке, экспорт  1,5 есеге артқан. Биыл облыс бойынша  су пайдаланушылар арасында суландыру лимиті 3,6 млрд текше метр болып белгіленіп, барлық егіс көлемі 185 мың гектарды құрап, оның ішінде негізгі дақыл – күріш көлемі 78 мың гектарға егіледі деп жоспарлануда. Ал аяқсумен жабдықтау мәселесі бойынша бүгінде «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішіне жиналған су көлемі өткен жылдан 1,2 млрд текше метрге кем. Су тапшылығының алдын алуға байланысты  Үкімет резервінен 3,6 млрд теңге қаржы бөлінген.

Облыстың жергілікті бюджет кірістерінің жалпы жылдық жоспары 72 млрд 31 млн теңге болса, ол облыстық бюджеттің нақты көлемінің 18,4 процентін құрайды екен.

– Биылғы  бірінші тоқсан қорытындысы бойынша бюджеттің өз кірістері 131,7 процентке орындалып, 4 млрд теңге артық түсім түсті. Аудан бөлінісінде Арал, Қармақшы, Шиелі және Жаңақорған аудандарының жылдық жоспары 25 проценттен артық орындалса, бірқатары бұл көрсеткіштен төмен. Олар: Қазалы, Жалағаш аудандары мен Қызылорда қаласы. Сонымен қатар, Шиелі ауданы өз кірістерінің жылдық жоспарын 2 млрд 367 млн  теңгеге бекітіп, бірінші тоқсанның қорытындысымен жылдық жоспардың  44,9 процентін орындап отыр. Осы орайда нақты салық төлеушілерге түгендеу жұмыстарын қайта жүргізіп, бюджет кірісінің жылдық жоспарын  қайта қарау қажет, – деді Н. Қордабай.

Бюджет кірістерін толықтыру резервінің бірі – салық түсімдерінің берешегі. Биылғы 1 сәуірдегі жағдайымен  облыс бойынша берешек 2,2 млрд теңгені құраған. Бұл ретте жергілікті бюджеттің салық түсімдері берешегінің едәуір үлесі Қызылорда қаласы мен Сырдария, Жаңақорған аудандарына тиесілі болып отыр. Сырдария ауданы бойынша 994,3 млн теңге, Қызылорда қаласы 957 млн теңге, Жаңақорған  ауданы  213,9 млн теңге.

Бюджеттің шығыс бөлігі бойынша биылғы 1 наурыздағы жағдаймен республикалық бюджеттен берілген нысаналы трансферттерді қоса алғанда облыс бюджетінің көлемі 390,3 млрд теңгені құрайды. 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 38,8 млрд теңгеге, немесе 10 процентке жоғары. Ал бюджет шығындарына келсек, оның басым бағыты –  әлеуметтік міндеттемелерді мүлтіксіз орындау. Осыған байланысты биылға арналған шығыстардың ең үлкен үлесін әлеуметтік шығыстар құрауда. Биыл бұл  267,3 млрд теңгені, яғни, жалпы бюджет шығысының 68,4 процентін құрауда. Оның ішінде білім саласы – 215,3 млрд теңге, денсаулық – 6,5 млрд теңге, әлеуметтік көмек – 27,1 млрд теңге, мәдениет және спорт саласына 18,4 млрд теңге жоспарланған. 

Жалпы облыс бюджетінің шығындар жоспары 99,7 процентке орындалған. Игерілмеген қаржы –  238,9 млн теңге.  Оның ішінде үнемделген қаржы 112,5 млн теңге болса, өзге де  себептермен игерілмегені –126,4 млн теңге.

Тұрғын үй және тұрмыстық ахуал

Мұнан соң өңірдің нақты секторы бойынша облыс әкімінің  орынбасары Мархабат Жайымбетов баяндады.

Тұрғын үйлерді пайдалануға беру индикаторы биылға 683 мың шаршы метр болып бекітілген. Қаңтар-наурыз айларында тұрғын үйлерді пайдалануға беру көрсеткіші республикада 2 млн 878 мың шаршы метрді құрап, өсім 0,4 процент болды. Ал облыста бұл көрсеткіш шамамен 140 мың шаршы метрді құраған. Құрылыс жұмыстарының көлемді индикаторы үш айда республикада 589 млрд теңгені құрап, өсім 8,6 процент болса, облыста 10 млрд 672 млн теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен  салыстырғанда 27,7 процентке артқан.  Көлік инфрақұрылымын дамытуға барлығы 12,7 млрд теңге бөлініп,  259 шақырым жол желісін жөндеуден өткізу көзделген. Нәтижесінде өңірде облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық индикаторы 80 процентке орындалады деп күтілуде.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елді мекендерді 2025 жылдың соңына дейін толықтай ауызсумен жабдықтау қажет. Бүгінде облыс тұрғындарының 98 проценті орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Оның ішінде қала 100 процент, ауылдық елді мекендер 86 процент. Биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 14 жобаға 3,1 млрд теңге қаржы бөлінді. Ендігі мақсат – 2022-2025 жылдар аралығында орталықтандырылмаған 32 елді мекеннің ауызсу мәселесін шешуге жұмыс жасайтын боламыз. Облыс тұрғындарын табиғи газбен қамту үлесі 67 процентті құрайды. Төрт қаланың үшеуі, 230 ауылдық елді мекеннің 17-сі газдандырылған. Биыл 8 елді мекенді газдандыруға 3,5 млрд теңге бөлінді, – деді М. Жайымбетов.

Жалпы облыс көлемінде  электр желісінің 67 процентінің тозығы жеткен. Былтыр  қаладағы  «Титов»,  «Қызылжарма», «Арай» шағын аудандарының тозығы жеткен 40 шақырым және Сексеуіл кентінің 27 шақырым электр желісін қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Биыл аяқталады деп күтілуде.

– Мемлекет  басшысының тапсырмасына сәйкес облыста 914 көпқабатты тұрғын үйдің 910-на  басқарудың жаңа формасы құрылды. Дегенмен, рәсімдеу жұмыстары толығымен аяқталмаған. Қазір жұмыс істеп тұрған ПИК-тер өз қызметін биылғы 1 шілдеден бастап тоқтатады. Осыған байланысты көпқабатты тұрғын үйлерді әділет органдарына тіркеу, нысандарды күтіп-ұстауға қатысты шот  ашу,  жұмыстарды  ұйымдастыруды  жылдамдату үшін қала және аудан әкімдеріне тапсырма беруіңізді сұраймын, – деді баяндамашы.

Өңір экономикасын  әртараптандыру үшін Индустрияландыру бағдарламасы аясында 46 жоба бойынша жұмыс жүргізілуде. Оның ішінде құны 45 млрд теңгені құрайтын 4 жоба былтыр іске қосылды. Биылғы үш ай қорытындысымен өнеркәсіп өндірісінің көлемі 224 млн теңгені құрап, 4,2 процентке төмендеген. Оның  себебі   жоғарыда   айтып  өткендей, мұнай өндірісінің төмендеуімен байланысты.

– Өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 48,2 млрд теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,5 процентке артты. Сонымен қатар биыл құны шамамен 11 млрд теңгені құрайтын 5 жобаны іске қосу жоспарланды.  Одан  бөлек, екінші жартыжылдықта  екі ірі инвестициялық жобаны бастау, яғни, «Шалқия» кенішінде тау-кен байыту комбинаты және кальциленген сода зауытын іске қосу күтілуде, – деп атап өтті Мархабат Жайымбетұлы.

Алғашқы тоқсан қорытындысы бойынша жалпы сауда көрсеткіші 130,6 млрд теңгені немесе былтырғы жылмен салыстырғанда 100,9 процент өсімге қол жеткізілген. Бұл бағытта биыл жалпы құны 50,4 млрд теңгені құрайтын 23 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.

Ел саулығы бәрінен маңызды

Жиында сонымен қатар әлеуметтік салада атқарылған жұмыстар бойынша облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменованың баяндамасы тыңдалды.

Биыл білім саласының жалпы бюджеті 204,5 млрд теңгеге жетіп, былтырмен салыстырғанда 17 %-ке артқан.

Аймақта 674 мектепке дейінгі ұйымда (598 балабақша 162  мемлекеттік, 436  жеке, 76  шағын орталық) 58 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Балабақшалардың 73%-і жекеменшік сектордың үлесінде. Облыста 3 пен 6 жастағы балалардың қамтылуы 100% болса, екі жастағы балалардың қамтылуы 54,7 %-ті құрайды.

– 25-90 орындық мемлекеттік балабақшаларда жан басына шаққандағы қаржы жетіспеуі орын алуда. Қазіргі кезде 1,7 млрд теңге қажеттілік туындап отыр. Тиісті нормативке өзгеріс енгізу үшін БжҒМ-ға ұсыныс берілді, – деді Б Шәменова.

Орта білім беру саласына тоқталсақ, облыста жалпы 311 мектеп бар (295 мемлекеттік, 16 жеке), ондағы оқушылар саны – 176 771. Аймақта 4 350 орынға арналған 9 мектептің құрылысы жүргізілуде. Аталған мектептер 2 үш ауысымды, 2 апатты, 2 орын тапшылығы бар мектеп мәселесін шешетін болады. Жалпы апатты, үш ауысымды, орын тапшылығы мәселелерін шешу бағытында 2025 жылға дейін 52 мектеп құрылысын салу жоспарланған. Биыл 7 мектептің күрделі жөндеуіне 2,7 млрд. теңге бөлінді, 9 мектепке күрделі жөндеуге жоба-сметалық құжаттары әзірленуде.

– Қосымша білім беру бойынша айтсақ. Балаларға қосымша білім беретін  60  ұйымда 53 279 бала қамтылған. Биыл Қызылорда қаласында 150 орындық қосымша білім беру орталығы, Қармақшы ауданында 150 орындық тынығу лагері, Жалағаш ауданында 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебі ашылады. Балаларды қосымша біліммен қамту көрсеткішін 85%-ке жеткізу үшін 514 млн теңге қаржы қажет, – деп атап өтті Балжан Мөрәліқызы.

Техникалық және кәсіптік білім беру бағытында 2021-2022 оқу жылында 30 колледжде аймақтың еңбек нарығына қажетті 97 мамандық 163 біліктілік бойынша барлығы – 19 692 студент білім алуда. Биылға 4708 орынға мемлекеттік тапсырыс берілген. Колледждердің материалдық-техникалық базаларын заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан жүзеге асырылды. 9 колледждің материалдық-техникалық базасын жабдықтау үшін республикалық бюджеттен 2,7 млрд теңге қаржы қаралып, заманауи құрылғылармен жабдықталған.

Жалпы білім саласында  былтырғы инвестиция көлемі 11,8 млрд теңгені құраса, биыл ол  6,5 млрд теңге болады деп жоспарлануда. Сонымен қатар биыл жеке инвесторлар есебінен 3 мектеп құрылысы салынуда.

Екінші үлкен саланың бірі – денсаулық сақтау. Облыс халқының саны 828,8 мың адамды құрайды.  Биылғы 1 қаңтарда медициналық ұйымдарға 804 124 тұрғын тіркелген. Оларға медициналық көмекті 260 медицина ұйымы көрсетеді. Жалпы қаржыландыру көлемі былтыр  88,6 млрд теңге.

Қаладағы емханалардың жүктемесін төмендету мақсатында қазір Тасбөгет кентінде орналасқан №4 қалалық емханаға бұрынғы қалалық туберкулезге қарсы аурухана ғимаратын,  бұрынғы «Облыстық туберкулезге қарсы балалар санаториясы» ғимаратын қалалық туберкулезге қарсы аураханаға қайта бейімдеу жұмысы жүргізілуде. Қазіргі кезде мемлекеттік сараптама қорытындысы күтілуде. Сондай-ақ, бұрынғы облыстық психикалық денсаулық орталығының ғимараты «Орталық емхана» болып қайта бейімделді. Жалпы құны 6,4 млрд теңге құрайтын 200 төсектік  модульдық инфекциялық аурухананы  қазіргі таңда науқастардың болмауына байланысты қайта бейіндеу мәселесі туындауда. Бұл мақсатта облыстық фтизиопульмонология орталығының базасынан «Оңалту орталығы» немесе «облыстық онкологиялық ауруханасын» ашу көзделуде, – деді Б.Шәменова.

Сонымен қатар, Қызылорда қаласында IV санаттағы Облыстық қан орталығын салу жобасына мемлекеттік сараптама жүргізіп, жоба-сметалық құжаттама әзірлеуге жергілікті бюджет есебінен қаражат бөлініп, 2,6 га жер учаскесі  бөлінген. Оның құны 2,9 млрд теңгені құрайды. Жобаға республикалық бюджет есебінен 250 млн теңге мөлшерінде қаражат бөлу көзделген. Сондай-ақ, облыстық денсаулық сақтау ұйымдарына 16 дәрігерлік амбулатория ғимаратын салу қажет етеді. Қазір 14 нысанның сараптама қорытындысы шыққан, екеуінікі жасалуда.

Облыста маман тапшылығы 144 дәрігерді құрайды. Биыл өңірге 31 резидент келеді деп күтілуде.

Ана мен сәби өлімі бойынша аймағымыз  республика өңірлерінің ішінде  жоғары болып тұр. Биылғы 3 айда облыс көлемінде 1 жасқа дейін 74 бала шетінеп, былтырғы жылмен салыстырғанда (2021 жыл – 39 сәби), 2 есеге жоғарылаған. 2 ана өлімі орын алған.

Тұрақтылық мызғымауы тиіс

Жиында сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртайдың баяндамасы тыңдалды. Ол өзі жетекшілік ететін сала бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды саралады.

– Бүгінде еліміз өзінің дамуындағы жаңа кезеңге қадам басты. Бұл сындарлы кезең әрқайсымыздан қажырлы еңбекті талап етеді. Бүгінгі күні өңірімізде қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Облыста әлеуметтік саяси шиеленістің алғышарттарын анықтау бойынша тұрақты мониторинг жүргізіліп, өзекті мәселелер тоқсан сайын «Ықтимал әлеуметтік шиеленіс ошақтары картасына» енгізілуде. Анықталған мәселелерді жедел әрі оңтайлы шешу бойынша шаралар қабылданады. Былтыр «Ықтимал әлеуметтік шиеленіс ошақтары картасына» 34 мәселе енгізіліп, 19 мәселе оң шешімін тапқан.  Ал, биылғы жылдың I тоқсаны бойынша картаға 22 проблемалық мәселе енгізіліп, 8 мәселенің өзектілігі жойылды. Қалған мәселелер бойынша құқық қорғау, арнайы және прокуратура органдарымен ведомствоаралық деңгейде жұмыстар үйлестірілуде, – деді ол.

Биыл жергілікті тұрғындар тарапынан жер дауы мен компаниялардағы жалақы мәселесіне байланысты наразылықтар жиі орын алған (37 жиын) және олардың басым көпшілігі облыс әкімдігіне келген. Ықпалды азаматтық қоғам – мемлекет дамуының негізі. Бұл орайда Қызылорда облысында 1193 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Осы жылы облыста 105 әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға 765 млн 30 мың теңге қаралды. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясындағы жобалар салалық принцип негізінде 13 бағытты қамтып, үкіметтік емес ұйымдар тарапынан 460 адамды жұмыспен қамту жоспарланды.

– Қоғамның ажырамас бөлігі – жастар. Облыс халқының 21,6 процентін құраушы жастар саны – 176 300. 2020 жылмен салыстырғанда жастардың бірқатар негізгі көрсеткіштерінде төмендеу байқалады. 2021 жылдың қорытындысымен жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4,1 процентті (2020 ж. – 4,3%) құраса, NEET санатындағы жастар үлесі 7,9 процентке төмендеді (2020 ж. – 8,3%).  Сондай-ақ,  79169 жас мерзімдік және тұрақты жұмыспен қамтылса, 1500-і жаңа бизнес идеяларын жүзеге асыру үшін мемлекеттік грант иеленді. Дегенмен, NEET санатындағы жастар үлесін төмендету, оларды жұмыспен қамту және кәсіпкерлікке баулу, жұмыс жасайтын жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері әлі де өзекті болып қалуда. Осы ретте, NEET санатындағы жастарды анықтау, қоғамға бейімдеу мақсатында адрестік жұмыстар қолға алынды. Атап айтқанда, облыстық жастар ресурстық орталығында NEET санатындағы жастармен жұмыс жасайтын арнайы бөлім құрылып, қала, аудандық орталықтарда жауапты мамандар бекітілді, – деп атап өтті Қ.Нұртай.

Былтыр 5052 жас тұрғын үй кезегіне тұрса, соның 234-і, яғни, 4,6 проценті ғана баспаналы болған. Осы ретте Қайрат Нұртай  «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасының жалғасы ретінде жастар мен жас отбасыларға арналған «Орда» Жол картасын қайта жандандыруды ұсынды.

Көшке ілесу көп міндет жүктейді

Жиында сөз алған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірдің негізгі макроэкономикалық даму көрсеткіштерінің басым көпшілігі республикалық деңгейдегі орташа көрсеткіштен төмен екенін айтып, орын алып отырған басты мәселелерді саралап берді.

– Баяндамалардан тыңдағандарыңыздай, аймақта күрделі проблемалық мәселелер жеткілікті. Қызылорда облысының негізгі макроэкономикалық даму көрсеткіштерінің басым көпшілігі республикалық деңгейдегі орташа көрсеткіштен төмен. Облысымызда өткен жылдың қорытындысымен құрылыс жұмыстарының көрсеткіші төмен болып (93,8%), өңірлер арасында соңғы орынға тұрақтады. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында өнеркәсіп өндірісі көлемі  4,2 процентке (224,4 млрд теңге) төмендеп, республикалық деңгейде «көш соңында» келе жатыр. Қазалы, Шиелі, Арал аудандарында бірнеше макрокөрсеткіштер бойынша қалыс қалу фактісі орын алған. Өнеркәсіп өнімі, құрылыс жұмыстары, өңдеу өнеркәсібі, тұрғын үйді пайдалануға беру, жалпы барлық салада төмендеу тенденциясы орын алған, – деп атап өтті облыс әкімі.

Президент Жолдауларында, мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларда жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен орындап, оң нәтижелерге қол жеткізу міндеті тұрғаны белгілі. Мұнай өндіру көлемі өңірде жыл сайын төмендеуде.  Былтыр  өндіру көлемі 4,3 млн тоннаны (2020 жыл – 4,6 млн тонна)  құраса, биылғы жылға 3,5 млн тонна өндіріледі деген болжам бар. Осы ретте аймақ басшысы  орынбасары Мархабат Жайымбетұлына  облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасына салалық министрлікпен «Сырдария» бассейнін геологиялық барлауға республикалық бюджеттен қаржы бөлу және барлау ұңғымаларын 3000 метр тереңдіктен астам бұрғылауға келісім алу жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Премьер-Министр мен облыс әкімі арасында жасалған меморандум аясында биыл  879 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған. Өткен жылдың қорытындысымен инвестиция тарту көлемі бойынша облыс республика деңгейінде ең төменгі нәтижені көрсеткен. Осы орайда Нұрлыбек Машбекұлы «көтере алмайтын шоқпарды беліне байлаған» сала басшыларын сынады.

– Былтыр инвестиция тарту көлемі бойынша облыс республика деңгейінде ең төменгі нәтижені көрсетті. Сөйте тұра, қаржыландырудың барлық көздері есебінен қанша инвестиция тарту мүмкіндігін есептемей, биыл 3 есе артық көрсеткішке Меморандум жасалған. Бұл – енді ақылға қонбайтын мәселе! Қала, аудан әкімдері, басқарма басшылары мәселені тек кабинет деңгейінде шешуді үйренген. Осы себепті өңірдің даму қарқыны жоқ. Жаңа жобалармен жұмыс жасалмаған. Мысалы, республикалық бюджетті нақтылау барысында Қызылорда облысы тарапынан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне небәрі 8 млрд теңгеге ғана жоба мақұлданған. Ал, қалған облыстар кем дегенде 20-75 млрд теңге көлемінде жобалар ұсынып, өңірлеріне қаржы тартуда. Басқа облыстар қаржы тарту бағытында қалай қарекет ететінін Үкіметте жұмыс жасаған уақытында көрдім. Әр есікке кіріп, мәселені түбіне дейін жеткізеді. Ал, бізде ше? Бюджеттік өтінімді жолдаумен шектеледі. Бұл жауапты сала басшыларының жұмысты қажетті деңгейде ұйымдастыра білмей, немқұрайлық танытқанын байқатады. Бұл мәселе менің тұрақты бақылауымда болады, – деп қадап айтты облыс әкімі.

Сондай-ақ, пайдалануға беру мерзімі өткен нысандар туралы да айтып, нақты тапсырмалар жүктеді.

– Облыс көлемінде пайдалануға берілу мерзімі өтіп кеткен нысандар жетерлік. Соның бірі – құрылысы 2016 жылы басталған Шыны зауыты жанындағы темір жол құрылысы әлі күнге дейін пайдалануға берілмеген. Осындай нысандар халықтың билікке деген сенімсіздігін тудырады. Пайдалануға беру мерзімі өтіп кеткен нысандардың басым көпшілігі әлеуметтік нысандар. Бұл – жауапты басқармалардың құрылыс нысандарының кестеге сәйкес жүргізілуін уақытылы қадағаламауының нәтижесі. Тағы ескеретін бір мәселе, құрылысын аса қажет деп санап, оның құжаттамаларын дайындауға қаржы алып, ал құрылысын жүзеге асыруға келгенде дәрменсіздік танытатын әкімдіктер мен басқармалар бар. Дәлірек айтсақ, 2020-2021 жылдары 22 жоба бойынша жоба-сметалық құжаттама мерзімі өтіп, жүзеге аспай қалған. Жобалардың құжаттамасын әзірлеуге бюджеттен жалпы  54 млн  теңге бөлінген. Демек, бұл қаржы «желге ұшты» деген сөз. Сондықтан, кез келген жобаны әзірлеу алдында оны қаржыландыру мен жүзеге асыру тетігін де ойластыру қажет. Бүгінде облыс бойынша жалпы құны 103 млрд теңге құрайтын 162 жоба бар. Олардың құжаттарын әзірлеуге жергілікті бюджеттен 4 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Жобаларды  жүзеге асыру үшін бюджеттің мүмкіндігі ескерілмеген, – деп мәселені өткір қойған облыс басшысы орынбасары Мархабат Жайымбетовке жоба-сметалық құжаттарды әзірлеудің өзектілігі мен тиімділігін қарайтын арнайы кеңес құруды тапсырды.  Сонымен бірге, кеңестің құрамында жобалау саласындағы сарапшылар және депутаттар болуы тиіс екенін,  алдағы уақытта сол кеңес оң қорытынды қабылдағаннан кейін  ғана жоба-сметалық құжат әзірлеуге қаржы бөлінетінін ескертті.

Жиында сондай-ақ, облыс әкімі Ресей мен Украина арасындағы геосаяси жағдайдың салқыны біздің елімізге де кері әсер ететінін айтып, шағын және орта бизнесті дамытудың маңыздылығына тоқталды.

– Қызылорда облысының экспорт құрылымында Ресей Федерациясына жіберілетін тауарлардың үлесі 17,8%-ті құраса, импорт үлесі 41% болып отыр. Қазірдің өзінде салынған санкциялар Ресей Федерациясынан жабдықтар мен басқа да өндірістік материалдарды сатып алатын аймақтағы кәсіпорындардың жұмысына кері әсерін тигізуде. Өз кезегінде, бұл өңірлік кәсіпорындардың шығынға ұшырауына және жұмыс орындарының қысқаруына алып келеді. Осыған байланысты, тиісті облыс әкімінің орынбасарлары Ресейге салынған санкциялардың өңірдің экономикасына әсерін азайту мақсатында жергілікті кәсіпорындармен кездесіп, форс-мажорлық факторларды анықтап, олармен бірлесіп тез арада іс-қимыл жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұдан бөлек, өңірдегі шағын және орта бизнес субъектілерін қаржыландыруды ұлғайту және қолжетімділікті арттыру қажет. Нарықтың құбылмалы кезеңінде инвесторлардың өзі ірі бизнес жобаларды қаржыландыруға тәуекелдері жете бермейді. Дағдарыстан қорқады. Сондықтан, шағын және орта, «гаражды бизнес» (үй немесе шағын нысандағы өндірістер, цехтар) идеяларды қолдап, шағын цехтар жұмысын жандандыру қажет. Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы  тек кәсіпкерлер құқығын қорғау, олардың арыз-шағымдарын қараумен шектелмей осындай жобаларды жүзеге асыруда белсенділік таныту қажет! – деп нақтылады Н.Нәлібаев.

Өңір аграрлы-индустриялық аймақ қатарында. Экономиканың негізгі көлемі мұнайдан кейін ауыл шаруашылығы саласына тікелей байланысты. Су тапшылығына байланысты биыл егін көлемі өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға қысқарып отыр.

– Бұл тек егістік көлеміне ғана қатысты емес, ондағы жұмысшылардың да қысқаруына әкеп соғады. Кейбір аудандарда жер дауы мәселесі (Қармақшы және Сырдария аудандары) салдарынан әлі де болса шаруашылықтардың дайын еместігі байқалады. Биылғы жылға вегетациялық кезеңге бөлінетін су лимиті бекітілген жоқ. Шаруа қожалықтары ауыспалы егістік қағидаларын сақтауда үлкен тәуекелдер бар екенін жеткізуде. 23 сәуірде «Дала күні» салтанатты шарасында облыстың шаруа қожалығы басшыларын жинап, саладағы проблемалық мәселелерді талқылайтын боламын, – деді облыс әкімі.

Тағы бір өзекті мәселе – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларының тұрақтылығын сақтау. Президент биылғы  Жолдауда дағдарысқа қарсы шаралар қабылдауды тапсырды. Үкімет басшысымен апта сайын мәжіліс өткізуді тұрақты бақылауға алған. Дегенмен, соңғы аптада бірқатар азық-түлік бағаларының өсу факторы байқалады (5 өнімнің бағасы өскен. І сортты нан – 5,6%, макарон – 7,5%, пияз – 23,6%, капуста – 4,6%, қант – 2%). Сарапшылардың пікірінше елде ұн тапшылығының болуы ықтимал. Осы орайда аймақ басшысы тиісті сала басшыларына  астық нарығында сұраныстың артуына байланысты облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясының» ресурстары арқылы астық бөлінуін және облыс халқын қажетті ұнмен қамтамасыз ету жөнінде тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ, облыс әкімі қаладағы үш ауысымда оқытатын мектептер, денсаулық сақтау саласында ана мен бала өлім-жітімінің көбеюіне, қала тазалығына байланысты да орын алған мәселелерге тоқталып, сала басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді және өз қызметтік міндетін мардымды орындай алмаған аудан әкімдері мен бірнеше басқарма басшысыларына «сөгіс» берді.  Жиын соңында облыс басшысы аудан көлеміндегі мәселе сол жергілікті жерде шешілуі керек екенін айтып, аудан әкімдеріне Президент тапсырған ««Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын ұстануды ескертті.

– Нақты мәселесі бар тұрғындарға Облыстық мекемелер үйінің есігі қашан да ашық болуы қажет. Дегенмен, облыс әкімінің орынбасарлары, барлық басқарма басшылары, қала және аудан әкімдері өз деңгейлеріңізде шешетін мәселені, облыс әкіміне дейін жеткізбеу қажеттігін ескертемін! Өздеріңіз білесіздер, өңірде 24 облыстық басқарма жұмыс жасайды. Енді, соның 8-і қысқарып, облыс әкімдігінің құрылымында 16 басқарма қалатын болады. Бұл бізге қызметтердің қайталануын жоюға, жалпы жұмыс мөлшерінің тепе-тең реттелуін қамтамасыз етуге және басшылық құрамды оңтайландыру есебінен әкімшілік шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді. Дәл осылай қала және аудан әкімдіктерінің де құрылымын өзгерту қажет. Сондай-ақ, осы тапсырма аясында әкім аппаратында бұдан әрі облыс әкімінің штатты және штаттан тыс кеңесші лауазымдары болмайды. Бұл қала және аудан әкімдеріне де қатысты. Менің ойымша, біздің кеңесшілеріміз – ол халық! – деп шегелей түсті облыс әкімі.

Үш сағаттан аса өткен жиында өңірдің әр саласы баса назарға алынып, атқарылып жатқан жұмыстар, алдағы міндеттер, туындаған мәселелер жан-жақты сараланып, талқыланды. Аймақ басшысының сын-ескертпелері мен тапсырмалары нәтижеге бастайды деп білеміз.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<