Ең танымал әлеуметтік төлемдер

861

0

Қазақстанда әлеуметтік төлемдер ішіндегі жүктілік және босану бойынша жәрдемақыларды ресімдеу және оны алу жолы мәселесі – тұрғындар арасында ең танымал қызметтердің бірі. Бұл мәселе, әсіресе, отбасыда бірінші бала дүниеге келгенде өзекті. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының әлеуметтік-еңбек саласы мәселелері жөніндегі байланыс орталығына осыған байланысты жиі сауалдар қойылады. Аталған мәселе бойынша көрсетілген қызметтің үлесі зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша барлық өтініштің шамамен 20 пайызын қамтиды. Бұл қызмет бойынша өңірлер арасында Алматы (13,7%) көш бастап тұр, ары қарай тізімді Түркістан (11,5%), Маңғыстау (9,7%) және Алматы облысы (9,6%) жалғайды, үздік бестікті Нұр-Сұлтан қаласы (9,2%) қорытындылайды. Ал Солтүстік Қазақстан (0,7%), Қостанай (2,2%) және Павлодар (2,6%) облыстарынан жүктілігі және босануы бойынша жәрдемақылар туралы аз сұрау келіп түскен. Байланыс орталығы мынадай бағыттар бойынша кеңес береді: зейнетақы, әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік сақтандыру, еңбек қатынастары және халықты жұмыспен қамту, көпбалалы отбасыларға ай сайынғы жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, БЖЗҚ-дан зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу және басқа да мәселелер. Қызмет көрсету барысында байланыс орталығының мамандары ҚР ЕХӘҚМ-нің «Е-Макет» және «Зейнетақы және жәрдемақы алушылардың орталықтандырылған дерекқоры» ақпараттық жүйелерін пайдаланады. Күн сайын байланыс орталығының 60 операторы клиенттердің 3-5 мыңға дейінгі өтінішін қабылдап, қызмет көрсетеді. Клиенттерге ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін ресми Telegram, Instagram, Faceboоk әлеуметтік желілерінде, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ресми сайтында зейнетақы мен әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты жиі қойылатын сұрақтардың жауабын жариялауды жалғастырады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<