Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауларында ең төменгі жалақы мөлшерін біртіндеп арттыруды тапсырып келеді. Алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеге көтерілетін болды.
«Біз бұған дейін уәде бергеніміздей, Үкімет ең төменгі жалақы мөлшерін біртіндеп өсіре береді. Азаматтардың табысын арттыру үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеруді тапсырамын. Осылайша, біз еңбекақының ең төменгі мөлшерін үш жыл ішінде екі есе көбейттік» деді Президент.
Бұл шара 1 миллион 800 мың адамның жағдайын жақсартуға септігін тигізеді.
Ең төменгі жалақыны көтеру қазақстандықтардың әл-ауқатына қаншалықты әсер етеді? Бұл туралы сарапшылар түрлі пікір айтуда. Мысалы, елімізде тамызда инфляция өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,1%-ды құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы 12,4%-ға, азық-түлік емес тауарлар 13,5%-ға, ақылы қызметтер бағасы 13,9%-ға өсті.
Сәйкесінше, ең төменгі жалақыны көтеру инфляцияның өсуіне әкеледі деген алаңдаушылық бар. Жолдаудың орындалу барысын егжей-тегжейлі қарастырсақ, ең төменгі жалақы мөлшерінің өсуі – қалыпты процесс.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті Экономика институтының заманауи зерттеу әдістері бөлімінің меңгерушісі, әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова ең төменгі жалақы деңгейінің артуымен экономикада шамалы болсын сұраныс көлемі ұлғайып, тұтынушылық деңгей көтерілетінін айтады. Сондай-ақ ол ең төменгі күнкөріс көрсеткішін де қайта қарауды ұсынған.
– Халықаралық еңбек ұйымына мүше елдерде, әсіресе дамыған елдерде төменгі жалақы мөлшері медианалық жалақының 50 пайыздан аса көлемінде тағайындалады. Мысалы, Қазақстанда қазір медианалық жалақы 225 мыңдай болса, ең төменгі жалақы 110 мың теңге болады. Алайда бізде бұлай емес, әр саладағы еңбек өнімділігі есепке алынып, әр салада әртүрлі жалақы тағайындалады. Бір жағынан бұлай жасау әділетті, ал екінші жағынан әр сағатқа төленетін халықаралық стандарт бар. Мысалы, Халықаралық еңбек ұйымы ұстанымына сәйкес еңбектің әр сағатына кем дегенде 3 доллардан ақы есептеледі. Ал енді осыны біздің жағдайымызда есептеп қарасақ, Қазақстанда күніне 8 сағат жұмыс болса, аптасына 40 сағат, айына 160 сағат болады да, оны 3 долларға көбейтсек, айына 480 доллар жалақы шығуы керек. Мұны қазіргі доллар бағамымен теңгеге шаққанда 220 мың теңгеден асады, яғни біздегі төменгі жалақы мөлшері халықаралық стандарттан үш еседей аз, – дейді А.Молдабекова.
Жалпы, ең төменгі жалақы мөлшерінің әлі де төмен күйінде қалып отырғаны туралы пікір негізсіз емес. Өткен аптада Мәжіліс отырысында депутат Ринат Зайытов Қазақстандағы ең төменгі жалақы 300 мың теңге болуы керек деп санайтынын айтқан еді. Депутаттың пікірінше, қазір елдегі ең төменгі жалақы тым аз және ол бұл мәселені бюджетке салмақ түсірмей де шешуге болады.
Тағы бір айта кетерлігі, қазіргі уақытта инфляция жоғары деңгейде қалып отыр. Осы себепті Үкімет ең төменгі жалақыны сәл көтеріп, статистиканы жаңартып отыр деген де пікірлер айтылуда, яғни, қабылданған шара халықтың өмір сүруіне соншалықты әсер етпейді деген пікірлерді де оқыдық.
Қазіргі жағдайда өмір сүру қымбаттап, сатып алу қабілеті төмендеуде. Сондықтан көптеген елдерде ең төменгі жалақыны өсіру жай ғана инфляциямен, сондай-ақ жеңілдіктермен автоматты түрде индекстеледі.
Мысалы, елімізде 2 миллионға жуық адам ең төменгі деңгейде жалақы алады. Бірақ соның ішінде 350 мың мемлекеттік қызметкердің ғана жалақысын көтеру мемлекет қазынасынан жүргізіледі. Бұл – шамамен айына 5 млрд, жылдағы сомасы – небәрі 63 млрд теңге.
Дүниежүзілік банк пен БҰҰ мәліметтері бойынша, 2017 жылғы мәліметтерге сәйкес, кедейшілік шегі бір адамға күніне 2,15 доллар болды. Сәйкесінше, үш баласы бар қазақстандық орташа отбасын алатын болсақ, онда осы жылға жоспарланған бағам бойынша 2,15 доллар бағамымен – бір долларға 470 теңге – отбасы айына 152 мың теңге алады, яғни, еліміздегі ең төменгі жалақы кедейшілік шегінің 56%-ы деген сөз. Оған қоса, ең төменгі жалақы 70 мыңнан 85 мың теңгеге, яғни, 21,4%-ға өсті десек, іс жүзінде бұл тек 2022 жылдың өзінде Қазақстанда ресми түрде 20%-дан асқан инфляцияны жабуға ғана жетеді.
«Біздің экономикада орта деңгейдегі табыс биыл 365 502 теңге болды. Ең төменгі айлық кем дегенде осы шаманың 30%-на тең, яғни 109 мың теңге болу керек еді» дейді экономист Меруерт Махмұтова.
Ең төменгі жалақыны өсіру – игі шара. Өйткені отбасының тұрмыс жағдайы ең төменгі жалақы деңгейіне байланысты. Экономистер түрлі цифрлар мен болжамдарды халық назарына ұсынып отыр. Бастысы – ең төменгі жалақының кезең-кезеңмен өсіп келе жатқаны, яғни алға жылжу бар.
Биболат СӘТЖАН,
«Сыр бойы»
*сурет ашық дереккөзден алынды
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<