Республика күні қарсаңында Президент Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақты нығайтуға қосқан елеулі үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында еңбек ардагері, «Парасат» орденінің иегері Нәжмадин Мұсабаев, облыстық мәслихат депутаты, «Құрмет» орденінің иегері Жорабек Нұрымбетов, Ақпарат саласының үздігі, сарапшы журналист «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Айткүл Шалғынбаева бар.
Марапат төрінен көрінген жерлестеріміз өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өз әсерлерін бөлісті.
– Біздің замандастарымызға тәуелсіздікті көру бақыты бұйырды. Бұл кезең еліміздің нарық экономикасына көшу мерзіміне сәйкес келді. Тоқсаныншы жылдардың басында нарық қатынастарына көшу басталғанда Қазақстанның экономикасы нағыз тұралап тұрған кез еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Жаңақорған ауданында бес жыл аудан әкімі болып қызмет атқардым. Сол уақыттарда тәуелсіздіктің 10 жылдығына орай «Ерен еңбегі үшін» медалін алсам, 15 жылдығында «Құрмет» орденін иемдендім. Енді, міне, Республика күні қарсаңында «Парасат» орденін еншіледім. Бұл – мақтаныш емес, еңбектің еленгені. Мені қуантқан жайт – биыл 7 азаматқа «Парасат», 15 азаматқа «Құрмет» ордені, 22 азаматқа «Ерен еңбегі үшін», 2 азаматқа «Шапағат» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. Осының ішінде «Парасат» орденінің 3-і еңбек ардагерлеріне бұйырды. Бұл ардагерлердің ұрпаққа жасаған еңбегінің қайтарымы деп білемін, – деді Нәжмадин Мұсабаев.
Мұнан кейін сөз алған сарапшы журналист Айткүл Шалғынбаева да тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің, өңірдің әл-ауқаты, еңбек адамдарына ерекше көңіл бөлініп, еленуін сөз етті.
– Расымен, Нәжмадин Түрікбенұлы айтқандай, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының қиыншылығы есте қалды. Нағыз тоқырау заманының орын алған тұсы еді. Біздің облысымыз үшін де ол жылдар оңайға түспеді. Бірақ соны еңбек адамдарының арқасында жеңе білдік. Бүгінде қай саланы алып қарасаңыз да даму бар. Оны облыс бюджетінің 744 млрд теңгеден асқандығынан аңғаруымызға болады. Бұл өңіріміз үшін үлкен жетістік болса, осы жеңістің артында қаншама адамның маңдай тері тұр. Осындай өңірдің даму жолында еңбек етіп, өсуіне үлес қосқан жандарға құрмет көрсетілуі бізді қуантады, – деді ол.
Ал Президент қолынан награда алған Жорабек Нұрымбетов мұндай құрметке ие болу халықтың бірлігінің, сушылардың адал еңбегінің арқасы деп біледі.
– Мемлекет басшысының қолынан марапат алдым. Бұл – мен үшін үлкен қуаныш. Менің ғана емес, бүкіл Сыр өңірі сушыларының адал еңбегіне берілген баға. Президент өзінің Жолдауында марапаттарды қарапайым жұмысшыларға, сушыларға, геологтар мен кеншілерге береміз деп айтқан болатын. Менің марапатым – осының көрінісі. Әрдайым адал еңбек етіп, қандай істе болмасын ауызбірлік пен татулық танытатын болсақ, біздің өңірден әлі талай еңбек ері, қоғам қайраткерлері мен «құрмет» орденінің иегерлері шығатыны сөзсіз, – деді Жорабек Ибрагимұлы.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<