Еңбек адамы – ел мақтанышы

833

0

Әр саланың өз қиындығы мен қызығы болады. кәсібінің шебері болу – әрбір жанның мамандыққа деген жауапкершілігінен бастау алары сөзсіз. Жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязында қолайсыз жағдайлардың бел ортасында жүретін кәріз су жүйесі қызметкерлерінің жұмысы кәсібилікті талап етеді. Олар атқарған жұмыс  қоғам үшін өте пайдалы.

Он бес жылдан бері «Қызылорда су жүйесі» МКК Орталық кәріз су жүйелерін пайдалану аумағының шебері болып еңбек етіп келе жатқан Қуаныш Байділдаев – қарапайым еңбек адамы.

Қаладағы кәріз жүйесінің қалыпты жұмыс істеуіне үлес қосып жүрген ол өңірлік коммуникациялар қызметінде қонақ болып, БАҚ өкілдеріне өз жұмысы туралы тарқатып айтты.

– «Қызылорда су жүйесі» мекемесінде 15 жылдан бері еңбек етіп келемін. Осы уақыт аралығында 20 авариялық жағдаймен бетпе-бет келіп, қауіптің алдын алдық. Бұл жағдайлар көбіне құбырлардың тозуынан болып жатады. Біз ақау болған аумақты аз уақыт ішінде қалпына келтіреміз. Мекемеде 8 қызметкер бар. Олар өздеріне бекітілген аймақта жұмыс істейді. Осы адал еңбектің арқасында отбасымызды, балаларымызды ешкімнен кем қылмай асырап келеміз. Қала тұрғындары біздің жұмысымызды бағалап, өз алғыстарын айтады. Соның арқасында саламызға деген құрметіміз артады, – деді ол.

Қуаныш Байділдаев қаладағы кәріз жүйесінің 15 жыл бұрынғы жағдайымен қазіргі жағдайын салыстыру мүмкін емес екенін айтты. Бүгінде барлық құбырлары жаңартылған. Сондай-ақ, қолданатын құралдар да заманға сай, ыңғайлы.

Брифинг барысында қаншалықты ауыр болса да, шын жүрегімен адал іс атқаратын еңбек адамын көрдік. Олар қолын бір сілтеп, жеңіл жұмыс қарастыруды ойламаған.

– Қиындық кез келген жұмыста болады. Барлығы төзімділік пен шыдамдылықты талап етеді. Бірақ ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге де болмайды. Адам тұрақты болуы керек. Өзіме ыңғайлы, жалақым да көңілге қонымды. Басшылық тараптан еңбегіміз еленеді. Еңбек адамына бұдан артық не керек? – дейді Қуаныш Байділдаев.

Иә, адам өз несібесін еңбектен ғана табады. Қолынан келгенін аянбайтын әр адамға әркез сый-құрмет көрсетілуі тиіс.  Президенттің: «Қарапайым еңбек адамына деген құрметті арттырып, ел сүйсініп қарайтындай жағдай жасау қажет» – деп атап өтуі өте орынды. Тынымсыз тірлік етіп жүрген еңбек адамдары үлкен құрметке лайық.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<