Еңбек адамы және жаңа қағидалар

5

0

Қазақстанда қолға алынған конституциялық реформа елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі ретінде бағалануда. Жаңа Конституция жобасы мемлекетті басқарудың заманауи қағидаттарын қалыптастырып қана қоймай, қарапайым еңбек адамының құқықтары мен әлеуметтік қорғалуын күшейтуге бағытталған.

Айта кету керек, Конституция жобасын талқылау ашық әрі жария форматта өтуде. Осы уақыт аралығында саяси партиялардан, қоғамдық бір­лестіктерден және ел азаматтарынан 4000-ға жуық ұсыныс түсті. 30 қаңтарда жарияланған құжат қоғамда кеңінен талқыланып, әр азаматтың пікірін білдіруіне мүмкіндік берілді. Бұл – реформаның халық мүддесіне негіз­деліп отырғанының айқын көрінісі.

Ұсынылып отырған өзгерістердің өзегінде адам фак­торы тұр. Әсіресе, еңбек адамының қоғамдағы орны мен рөлі жаңа мазмұнда айқындалып отыр. Жаңа Конституцияда еңбек тек азаматтың жеке таңдауы емес, мемлекеттің тікелей жауапкершілігі ретінде қарастырылады. Еңбек ету құқығының конституциялық деңгейде бекітілуі жұмыспен қамту, лайықты еңбек жағдайын жасау және әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету міндетін мемлекетке жүктейді.

Осы себепті кәсіподақтар жаңа Конституция жобасын қолдап отыр. Құжатта еңбек адамының мүддесін нақты құқықтық тетіктер арқылы қорғауға бағытталған нормалар күшейтілген. Әлеуметтік әділеттілік, тең мүмкіндік пен қорғалған еңбек – кәсіподақ қызметінің басты ұстанымдары, ал жаңа жоба осы қағидаттарды заңдық тұрғыдан бекітеді.

«Жаңа Конституция – бұл мемлекетті басқарудың жаңа жүйесін қалыптастыратын әрі қарапайым азаматты қорғауға бағытталған қоғамдық келісім. Бұл жобаның негізінде адам тұр. Онда өмір сүру, еңбек ету құқығы мен бостандықтар нақты айқындалған. Заң талаптары анық болған жерде еңбек адамының дауысы естіледі, ал әділдікке қол жеткізуге мүмкіндік туады» деп атап өтті ҚР Кәсіподақтар федера­циясының төрағасы.

Жаңа Конституция әлеуметтік диалог пен қоғамдық бақылау тетіктерін күшейтуді көздейді. Бұл еңбек қатынастарындағы ашықтықты арттырып, шешім қабылдау үдерісіне қоғамдық ұйымдардың қатысуын кеңейтеді. Мұндай өзгерістер кәсіподақтардың институционалдық рөлін нығайтып, еңбек мәселелерін тек ведомстволық шеңберде емес, қоғамдық талқылау деңгейінде қарастыруға жол ашады.

«Заң мен тәртіп» қағидатының конституциялық деңгейде бекітілуі де еңбек адамы үшін айрықша мәнге ие. Заң алдында бәрінің тең болуы, сот жүйесінің тәуелсіздігі мен құқықтық мәдениеттің орнығуы жұмысшының өз құқығына деген сенімін арттырады. Бұл еңбек қатынастарындағы әділетсіз­діктің алдын алуға бағытталған берік құқықтық негіз болып саналады.

Сонымен қатар, Кәсіподақтар федерациясы халыққа жариялаған Үндеуінде жаңа Конституция жобасын қолдауға шақырып, аталған құжатты Әділетті Қазақстанды қалыптастырудың берік іргетасы ретінде бағалады. Үндеуде еңбек адамының құқықтарын күшейту, әлеуметтік әріп­тестікті дамыту және мемлекеттің әлеуметтік жауапкер­шілігін нақтылау реформаның басты басымдықтары екені атап өтілген. Федерация өкілдері конституциялық өзгерістер қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға, заң үстемдігін нығайтуға және әрбір жұмысшының мүддесін қорғауға бағытталғанын жеткізді.

Жаңа Конституция – еңбек адамының еңбегін баға­лайтын, оның үнін еститін және құқықтарын нақтылайтын құқықтық негіз. Осы себепті кәсіподақтар бұл реформаны әлеуметтік тұрақтылық пен әділетті қоғам қалыптастыруға бастайтын маңызды қадам ретінде қабылдайды.

Мақсұт НӘЛІБАЕВ,

Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар

бірлестігінің төрағасы,

облыстық мәслихат депутаты