Еңбек адамына құрмет еселене береді

565

0

Кеше Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық-драма театрында дәстүрлі «Алтын дән» салтанатты шарасы өткізілді. Облыстың 85 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келген мерекеде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев дала еңбеккерлерін марапаттап, олардың еселі еңбегін атап өтті. Сыр өңірінің қамбасын молайтып, уақытпен санаспай жұмыс істеген барша азаматтың адал ісін жоғары бағалап, лебізін жеткізді.

Президент пәрменінен пайда көп

Салтанатты шарада ең әуелі облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ала жаздай еңбектеніп, қамбаны күрішке толтырған шаруалардың адал еңбегін жоғары бағалайтынын айтты.

– Алты алашқа ана болған Сыр өңірінің облыс болып құрылғанына биыл 85 жыл. Қызылордалықтар бұл мерейтойға үлкен табыспен жетті. Жақында облысқа іссапармен келген Мемлекет басшысы аймақтың дамуына жоғары баға берді. Қасым-Жомарт Кемелұлы Нағи Ілиясов ауылында өткен еңбек адамдарымен кездесуде: «Шын мәнінде, еңбек адамдары – халқымыз үшін ең қажет азаматтар. Ең алдымен, біз еңбек адамдарына құрмет көрсетуіміз керек. Сіздер ақ күріштің атасы – Ыбырай Жақаевтың жолын жалғап жүрсіздер. Сондықтан мен сіздерді қолдаймын» деп қошемет білдірді. Президент Сыр өңірінің бренді – күріш өндірісін көру үшін «Алтын орда» зауытында болды. Ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерінің өнімдерімен танысып, диқандар мен шаруалардың еңбегіне табыс тіледі. Бұл – барша еңбек адамдарына берілген оң баға, көрсетілген құрмет, – деді облыс басшысы.

Қазан айының ортасына таяу өңірге іссапармен келген Президент бірнеше жобаны мақұлдағанын да айта кеткен жөн, яғни, аймақ үшін жемісті болды. Мәселен, облыс әкімі Мемлекет басшысына «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі 566 шақырымын І санаттағы 4 жолақты жолға ауыстыру жоспарланып отырғаны туралы мәлімет берді. Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі жол шын мәнінде өте тар екенін атап өтіп, оны кеңейту жұмыстарын тезірек бастау қажеттігіне назар аударды. Үкіметке мәселені шешу үшін тез арада қаржы бөлуді тапсырды. Жоба құны 1,1 трлн теңге болмақ. Бұған қоса, Президентке «Қызылорда-Жезқазған» автожолын салу барысы туралы баяндалған. Қазір Қызылорда облысының аумағына тиесілі 216 шақырым жолдың 104 шақырымы аяқталуда.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына облыс орталығын ыстық сумен қамту мәселесі де жеткізілді. Өңір басшысы Қызылорда мен Көкшетау өңірінде ыстық су мәселесі шешілмегенін атап өтіп, оңтайлы шешу керек екеніне  тоқталған. Бұл ретте Президент Үкіметке жалпы 23 млрд теңге, соның ішінде 11,5 млрд теңгені 2024 жылы, қалған 11,5 млрд теңгені 2025 жылы бөлу туралы нақты тапсырма берді.

Диқандардың даңқы биік

Салтанатты жиында Нұрлыбек Машбекұлы Премьер-министр Әлихан Смайыловтың Cыр диқандарына жолдаған арнайы құттықтау хатын оқып берді. Қазір аймақтың даму көрсеткіші мақтап айтуға тұрарлық. Облыста 9 айдың қорытындысымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 157 млрд теңгеге жетті. Ал жалпы ішкі өнімдегі осы саланың үлесі 6 пайызды құрады. Кейінгі 3 жылдың ішінде ауыл шаруашылығының негізгі қорына 32 млрд 700 млн теңге инвестиция салынды. Биыл жалпы құны 7,9 млрд теңгені құрайтын 11 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Жыл ішінде салаға 14,0 млрд теңге қаржылай қолдау жасалды. Оның 4 млрд 700 млн теңгесі егін шаруашылығын субсидиялауға бағытталды.

Расын айтайық, биыл су тапшылығы қатты сезілген жыл болды. Соған қарамастан Сыр диқандары ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Егістік көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4 мың 800 гектарға ұлғайтылып, 193 мың 400 гектар жерге егін егілді. Оның ішінде күріштік алқап 89 мың 100 гектар. Күні кеше жиын-терім науқаны аяқталып, әр гектардан орта есеппен 56,5 центнерден өнім алынды. Қамбаға 503 мың тонна астық түсті.

Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанда еңбек адамы ең бірінші орында тұрады. Себебі отаншылдық – ең алдымен туған елінің игілігіне қызмет ету» деген еді. Осы орайда дәстүрлі мерекенің ең басты құрметі еңбек адамдарына көрсетілді. Күрішшілер, сушылар, комбайншылар, механизаторлар, диқандар, малшылар сахна төріне шығып, марапатқа ие болды.

Іс-шарада сала қызметкерлері Премьер-министрдің алғыс хатымен, Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен, Құрмет грамотасымен марапатталды.

Жыл қорытындысымен топ жарған озаттар түрлі номинация иеленді. Төрт түлік өсімін қамтамасыз еткені және өнім өндіруде жоғары жетістіктерге жеткені үшін Арал ауданы марапатталса, «Егін шаруашылығы» номинациясында Шиелі ауданы жеңімпаз атанды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы бойынша жоғары көрсеткішке Қазалы ауданы қол жеткізді. «Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген үздік аудан» номинациясы бойынша Жаңақорған ауданы марапатталды. Бұдан соң мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласты. Сахна жұлдыздары дала еңбеккерлерінің құрметіне әсем ән шырқап, мерекені думанға бөледі.

Мадияр Төлеу

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<