Еңбек адамының құқығы ең бірінші орында

344

0

Еңбек адамы дегенде елдің ойына алдымен кәсіподақ ұйымдары оралатыны айқын. Өйткені, оның құқығын қорғайтын да, көмек беретін де бірден-бір қоғамдық ұйым – кәсіподақ.  Аймақтағы кәсіподақтар бірлестігі құрамында қазірде 12 салалық кәсіподақ болса, оның ішіне 1007 кәсіподақ ұйымы,  96 812 мүше біріккен. Өткен жылы жаңадан 16 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, 644 жұмыскер оның мүшесі атанды.

Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі мен ҚР Кәсіподақтар федерациясының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына, облыстық кәсіподақтар бірлестігінің негізгі іс-шаралар жоспарына сай бас кеңестің шешімімен 2023 жыл – «Қауіпсіз еңбек жылы» болып белгіленіп, соған орай түрлі шаралар ұйымдастырылды.

Сонымен қатар облыс әкімі бастамасымен  52  ірі кәсіпорын мен облыс әкімдігі, жұмыс беруші және облыстық кәсіподақтар орталығы арасында «Еңбек ұжымындағы әлеуметтік-еңбек жағдайы мен өндірістік процестердің тұрақтылығын қамтамасыз ету, жұмыс орындарын сақтау және персоналды жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы» меморандумдар жасалды. Келісімдер аясында кәсіподақ ұйымдарына ұжымдық шарттарды қайта қарастырып, өзгерістер енгізу ұсынылды.

Қауіпсіз еңбекті ұйымдастыру, еңбек жағдайының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәсіби сырқатты және өндірістегі зақымдануды болдырмау шаралары өткізілгеніне қарамастан, облыс өндірістерінде жазатайым оқиғалар болып жатады. Мәселен, өткен жылдың 12 айында еңбек қызметімен байланысты 45 жазатайым оқиға тіркелді. Кәсіподақтың негізгі қызметінің бірі еңбек қауіпсіздігі екенін ескерсек, ол бойынша 736 өндірістік кеңес құрылып, 758 техникалық инспектор қоғамдық жұмыс атқаруда.

Айта кетейік, облыста кәсіподақ белсенділерін, мүшелерін оқыту жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Өткен жылы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі 21 семинар-оқу жиынын өткізсе, оған 1297 маман қатысқан.

Бұл – еңбек адамының жұмыс барысындағы қауіпсіздігі мен құқығын қорғаушылар саны артып жатқанының айқын көрінісі.

Дина Мәделханқызы,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<