Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ұзақ жыл мемлекеттік қызметте абыройлы еңбек еткен, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жарқынбаев Ғайнулла Зейнуллаұлын 70 жасқа, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбжанова Камила Әбжанқызын 75 жасқа толуымен құттықтады.Іс-шараға облыстың зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары қатысты.Басқосуда аймақ басшысы мерейтой иелеріне ізгі тілегін жеткізді.
«Біз – «үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген аталы сөзді ұрпағының бойына сіңіріп өсірген халықпыз. Елдік мұраттар жолында адал қызмет атқарған алдыңғы буын ағалардың орны әрқашан бөлек, қалтқысыз еңбегі көпке үлгі.
Мәнді де мағыналы ғұмыр кешіп, сый-құрметке бөленген аға буынның арасында Ғайнулла Зейнуллаұлының тұлғалық келбеті, адами болмысы ерекше. Ол қай салада қызмет етсе де ең өзекті, кезек күттірмейтін мәселелердің оңтайлы шешімін тауып, жүйелі жұмыс жүргізді.Камила Әбжанқызы КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов түсірген «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» кинофильмінде Мақпал бейнесін сомдап, киноэкранда да, облыстық театр сахнасында да кәсіби шеберлігін көрсетті. Сыр мәдениеті мен өнерінің дамуына, оның ішінде театр саласының өркендеуіне қосқан үлесі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын иеленіп, министрліктің Алғыс хаттарымен марапатталған.Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына, мәдениет, руханият саласына қосқан сүбелі үлестеріңіз үшін сіздерге алғысымыз шексіз. Тілеулес азаматтардың, ақадал ниетті жерлестеріңіздің атынан мерейтойларыңызбен шын жүректен құттықтап, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілейміз!», – деді Н.Нәлібаев.
Жиында мерейтой иелеріне Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталып, халқымыздың игі дәстүріне сай сый-сияпат жасалды.
Сонымен қатар, Парламент Сенатының депутаты Руслан Рүстемов, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық-музыкалық драма театрының режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хұсейін Жүсіпұлы, Қызылорда облысының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Шакизат Төребаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев мерейтой иелерін құттықтап, еңбек жолындағы жетістіктеріне тоқталды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<