Еңбек ардагерлерін құттықтады

89

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев еңбек ардагерлері Хұсейін Әмір-Темір, Сәдуақас Аңсат және Мұхит Әбдікәрімовті мерейтойымен құттықтады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайда: «Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Нағыз еңбек адамы бұл – істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат. Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс» деген болатын.

Біз елдік істе адал қызмет атқарып, саналы ғұмырын аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына арнаған, елдің қошеметіне бөленген азаматтарды ардақтап, лайықты құрмет көрсетуді дәстүрге айналдырдық.

Бүгін Н.Бекежанов атындағы өнер ордасындағы жарты ғасырға жуық қызметімен қоғам құрметіне кенелген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарының иегері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Хұсейін  Жүсіпұлы Әмір-Темір ағамыздың мерейлі 85 жасқа, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының төрағасы және республикалық «Тіл сақшысы» ақпараттық-танымдық газетінің бас редакторы, мемлекеттік тіліміздің жанашыры, Қармақшы ауданы мен Қызылорда қаласының Құрметті азаматы, «Парасат» орденінің иегері Сәдуақас Аңсат ағамыздың 80 жасқа және Қызылорда қаласының Құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхит Әбдікәрімов ағамыздың мерейлі 70 жасқа толуына орай арнайы бас қосудамыз.

Құрметті ел ағалары, мерейтойларыңыз құтты болсын! Сыр жұртшылығы сіздердің қазақ театр өнерінің өркендеуіне, ана тіліміздің жаңғыруына қосқан елеулі еңбектеріңізді құрметтейді. Абыздық асқақ мерейге, кемеңгерлік кезеңге жетіп, ел ағасы ретінде халықты бірлікке шақырып, туған елдің тұғырын нықтауға бағытталған өрелі істеріңіз кейінгі ұрпаққа әрдайым өнеге болып қала береді!

Сіздерді бүгінгі мерейлі жастарыңызбен құттықтап, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Тойларыңыз тойға ұлассын! – деді аймақ басшысы.

Жиында мерейтой иелеріне Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталып, халқымыздың игі дәстүріне сай сый-сияпат көрсетілді.

Сонымен қатар, Рауан Кенжеханұлы Сәдуақас Аңсатты Ахмет Байтұрсынұлы атындағы төсбелгімен марапаттады.

Парламент Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, Ұлттық құрылтайдың мүшесі Рауан Кенжеханұлы, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, профессор, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Бақберген Досмамбетов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Әріп Хожбанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы,  Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Алмасбек Алматов, Жаңақорған, Шиелі, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласының Құрметті азаматы Ибрагим Әбибуллаев құттықтау лебіздерін жеткізді.

Жиын соңында мерейтой иелері көрсетілген құрметке алғысын айтты. Сыр еліндегі  әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани жетістіктерді атап өтіп, игілікті істердің жалғасын табуына  тілектестік білдірді.

***

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ұзақ жыл мемлекеттік қызметте абыройлы еңбек еткен мемлекет және қоғам қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері,  Парламент Сенаты жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі Еламанов Бекмырза Қайыпұлын

75 жасқа толған мерейтойымен құттықтады.

Іс-шараға Сыр еліне арнайы келген Бекмырза Еламановтың замандас достары, зиялы қауым өкілдері мен еңбек ардагерлері қатысты.

Аймақ басшысы мерейтой иесіне ізгі тілегін жеткізді.

– Саналы ғұмырын халықтық іске арнап, елдің мұң-мұқтажын жанымен түсініп, еңбегімен төрге озған ағамыздың бүгінгі мерейтойына ел ағалары, ардақты азаматтарымыз есті естеліктер мен жарқын сәттерді жеткізу үшін жиналды.

Бабаларымыз «Арлы адамның орны – төр» деп, адалдық пен еңбекке бас игендерге қашанда лайықты құрмет көрсеткен.

Сіз Сыр елінің қарышты қадам басуына қомақты үлес қосып, қиын кезеңде елдің жүгін бірге арқалап, игілікті істердің бастамашысы болып құрметті қайраткер атандыңыз.

Қиын да өтпелі кезеңде  көпшілікті байыпты әрекеттерге бастап, елді ортақ мүддеге ұйыстыра білген табанды қасиетіңіз сізді қабырғалы қайраткер етті.

Сыр халқы  еліміз жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға ауысқан күрделі кезеңде облыстың бірнеше ауданын басқарып, күрмеулі мәселелердің орнықты шешудегі қажырлы еңбегіңізді ерекше бағалайды.

Әсіресе, ауыл шаруашылығы басқармасын басқарып, облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған уақытыңызда аграрлық саланың жандануына елеулі еңбек сіңірдіңіз.

Ауыл тіршілігінің тамырына нәр беріп, туған жердің тұғырлы болуына еткен еңбегіңізді Қармақшы, Жаңақорған жұрты айрықша құрмет тұтады.

Сіз Сенат депутаты болған тұста халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған  бастамалар көтеріп, олардың заңнамалық негізделуіне елеулі үлес қостыңыз.

Қазақ халқының дәстүрінде өзіңіздей елге тілеулес, ұлтқа жанашыр жоталы ақсақалын ардақ тұтып, құрмет төріне оздырған.

Сізді жерлестеріміздің, өзімнің атымнан мерейлі жасыңызбен шын жүректен құттықтаймын!

Ақыл-парасат, даналық пен даралық секілді  төл өнегеңіз ұрпаққа нұр, ұлтқа ұлағат бола бергей, – деді Н.Нәлібаев.

Жиында мерейтой иесіне ұзақ жылғы қажырлы еңбегі және елдің өркендеуіне, қоғамның жаңғыруына, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атағы беріліп, Құрмет грамотасы табысталды және халқымыздың игі дәстүріне сай сый-сияпат жасалды.

Сонымен қатар мемлекет және қоғам қайраткерлері, Жамбыл облысының әкімі, Қазақстанның Республикасының Өзбекстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі лауазымды қызметтерін атқарған, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Бөрібай Жексенбин, Парламент Сенатының VII шақырылым депутаты, Алматы облысының әкімі лауазымын атқарған, ауыл шаруашылығы саласының белді маманы, «Құрмет» орденінің иегері Аңсар Мұсаханов,  Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары болған, Қазақстан Республикасы Сенатының  VII  шақырылым депутаты, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Рашид Әкімов, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, профессор, Қызылорда облысының Құрметті азаматы, «Құрмет», «Парасат» және ІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері Бақберген Досмамбетов,  Парламент Сенатының депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Наурызбай Байқадамов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қызылорда облысының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Серік Дүйсенбаев мерейтой иесін құттықтап, еңбек жолындағы жетістіктеріне тоқталды.

Жиын соңында Қызылорда облысының және Қызылорда қаласының, Қармақшы, Жаңақорған аудандарының Құрметті азаматы Бекмырза Еламанов көрсетілген құрметке алғысын жеткізіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өркендей беруіне тілектестігін білдірді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<