Еңбек бағаланған жерде еңсе тіктеледі

890

0

«Еңбек Жер» – бұл  ауылдың айнасы іспеттес. Ауылмен аттас шаруашылық жыл сайын елдегі ақсақалын құрметтеп, жас буынын игі іске қарай жетелеп жүр. Ал еңбекте үздік көрінген жігіттеріне темір тұлпар мінгізіп, баспана сыйлауда серіктестіктің тындырғаны көп. Сондай-ақ ел ішіндегі қандай да бір игі шарада демеушілік көрсетуде еш тартынбапты. Еңбекті сүйген, елді сүйген азаматтарды біз осы елден байқадық.

Биыл 1400 гектар күріш еккен «Еңбек Жер» ЖШС Жалағаш ауданына қарасты «Еңбек» ауылының 100-ге жуық тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Әр жылдың соңында егін қорытындысымен өз озаттарын марапаттайтын шаруашылық биыл да бұл үдеден жаңылмады. Серіктестікте үздік атанған 35 жұмысшы құрмет төрінен көрінді.

Ауылда өткен шарада аталған шаруашылықтың төрағасы Шәкізатхан Ысқақов биылғы егін орағы бойынша барлық диқандарды құттықтап, жоғары өнім алған еңбеккерлерге алғысын жеткізді, қаржылай сый-сияпатын берді. Айталық, күрішші Еркін Досмағанбетовке автокөлік, механизатор Дархан Бекқожаев пен жұмысшы Анар Нұрпейісоваға тұрғын үй кілті табысталды. Бұған қоса, бір күрішші мен бес жұмысшыға Шымкент қаласындағы «Қазақстан KZ» шипажайына жолдама берілген еді. Бүгінде олар аталған сауықтыру кешенінде ем алуда.

Мерекелік шарада серіктестік басшылығы шаруашылықта жұмыс істеп, зейнетке шыққан Сералы Құйрықбаевқа шапан жауып, теледидар сыйға тартты. Тағы бір қуаныш, жақында ғана отау құрған жас жұмысшыға 1 млн теңге қаржылай сыйақы берді.

Кеш әсерлі ән мен көңілді биге жалғасып, республика мен облысқа танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен концерт берілді. Түрлі ойын ойнатылып, ұтыс жеңімпаздары да бағалы сыйлықтан құр қалмады. Сондай-ақ ауылдағы «Ақжүніс» жеке балабақшасының бөбектері шаруашылық жұмысшыларына өз өнерлерін көрсетті.

Айта кетейік, шаруашылық төрағасы осы елді мекендегі М.Бәйділдаев атындағы №232 орта мектепке құны 1 млн 250 мың теңге болатын, терезені күн сәулесінен қорғауға арналған жалюзи алып беріпті. Сондай-ақ әрбір мерекеде ұдайы қаржылай колдау көрсетіп жүр.

– Шаруашылық ауыл ішіндегі көркейту-көгалдандыруға да көп үлесін қосып келеді. Мысалы, биыл серіктестік төрағасы жеке қаражаты есебінен ұзындығы 1500 метр болатын Қ.Адаев көшесін асфальттап берді. Ал қазіргі уақытта елдегі Мүсірәлі баба атындағы мешіттің ішкі жұмыстарына көмектесіп, жылу, су құбырларын ауыстыруға демеушілік көрсетуде. Жаңа жыл мен Наурыз мерекелерінен бөлек, атаулы күндерде де шаруашылық басшылығы балалар мен қарттарға, көпбалалы аналарымыз бен ұстаздар қауымына ұдайы сый-құрмет көрсетіп отырады, – дейді «Еңбек» ауылдық округінің әкімі Қайрулла Қалданов.

Расы сол, Қызылорда күрішінің қадірі жыл санап артып келеді. Судан тапшылық көрсе де, сағы сынбай жыл сайын өнім мол алып жүр. Екіншіден, Сырдың басты дақылы шетел асқалы көп жыл өтті. Экспорт әлеуеті кеңейді. ТМД елдерінен бөлек, Иран мен Ауғанстанға да жіберілуде. Күріштің қадірін құнттай білген біздің диқандар мың мәрте құрметке қашаннан лайық болатын. Маңдай терін мақтаныш еткен «Еңбек» ауылының егіншілері де осы саптың қатарында.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Жалағаш ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<