Еңбек даңқы асқақтаған дәстүрлі той

1329

0

Сыр еңбеккерлері тағы бір жылды жоғары нәтижемен қорытындылады. Ала жаздайғы маңдай тер мол несібеге негіз қалады. Ауызбірлік пен жауапкершілік арқасында абыройға кенеліп, табыс биігінен көрінді.  

Кеше аймақтағы егін жинау науқанының аяқталуына орай Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында «Алтын дән» салтанатты шарасы өткізілді. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев дала еңбеккерлерін марапаттап, олардың еселі еңбегін атап өтті. Сыр өңірінің қамбасын молайтып, уақытпен санаспай жұмыс жасаған барша азаматтың адал еңбегін жоғары бағалады.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз  болуы қажет. Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз. Әділетті Қазақстанда еңбекқор адам ең сыйлы адам болуы керек» деп адал еңбектің басты құндылық екенін алға тартты. Ерте көктемнен қимылдап, ала жаздай атыз жағалап, шыққан өнімді шашаусыз жинап, қамбаға астық жиған диқандарымызды құрметтеу, марапат төріне шығару – біз үшін зор мәртебе. Қазақ «Еңбек түбі – береке, көптің түбі – мереке» деген. Жыл сайын «Алтын дән» мерекесін тойлаудың игі дәстүрін жалғап, еңбегімен төрге озған озаттарды марапаттаудың алтын арқауын үзбей келеміз, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, өз сөзінде ежелден еткен еңбек пен төккен тердің қадірін білетін Сыр диқандары тағы бір белесті нәтижелі аяқтағанын атап өтті.

– Ақ күріштің атасы, дала академигі Ыбырай Жақаевтың, оның шәкірттері Цай Ден Хак, Шырынкүл Қазанбаева, Салима Жұмабекова, Балдырған Мұстафаева, Айнаш Балғабаева, Амангелді Ахметов сынды тағы басқа тұлғалардың ізбасарлары биыл да кездескен қиындыққа қарамастан ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Ырысты аймақта комбайн айдап, трактор жүргізген 70-тен аса әйелдің ерлермен бірге иық теңестіріп, қырман басындағы қызу тірлікке араласқанын ерекше екпін беріп айтуға тиіспіз.  Сыр диқандары биыл 188 500 гектар жерге егін ексе, оның ішінде негізгі дақыл – күріштің көлемі 78 592 гектарды құрап, әр гектардан 56,7 центнерден өнім алды, – деді облыс басшысы.

Кейінгі жылдардағы Сырдария өзені бассейніндегі су тапшылығы облыс диқандары мен малшы қауымына оңайға соқпай тұр. Мемлекет басшысының қолдауымен Сырдария өзенінің жоғары ағысында орналасқан мемлекеттер арасындағы келіссөздер нәтижесінде су көлемі былтырғы деңгейден көбейді.  Өңірдің су саласы мамандарының болжамына сәйкес жыл басында күріш көлемін өткен жылғы мөлшерден 20 000 гектарға қысқартып, 64 000 гектарға межеленген еді.

– Десек те, диқан қауымның ұсыныс-тілектерін ескере келе, Президенттің пәрменімен күріш егісі 78 600 гектар көлемінде бекітілді. Бүгінгі күні бұл жұмыс өз нәтижесін берді деп толық сеніммен айта аламыз. Өйткені, күріштің айналасында еңбек етіп жүрген мыңдаған азамат табыссыз қалған жоқ, алынып қойған тыңайтқыштары мен гербицидтері, дайындаған тұқымдары уақытылы себіліп, нәтижесінде күріштің әр гектарынан жоғары өнім алынды, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Қазір әлемде геосаяси жағдай күрделеніп, тауарлар, техникалар мен жабдықтар бағасын күрт өсіріп жіберді.

– Дегенмен қиындықты өздеріңізбен бірге еңсеріп, биыл күрішті егуде жылдағыдан ерте 15 сәуірде бастап, 10 қазанға дейін аяқтадық. Даңқты диқан Ыбырай Жақаев «егініне қарап – қырманы, күтіміне қарап – түсімі» деген. Күрделі жағдайға қарамастан күріштің әр гектарынан 70 центнерден аса өнім алған «Ақтөбе және К», «Жаңажол», «Абзал және К», «Мағжан және К», «Ақжарма және К», «Ақжарма-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерін атап өтуге болады. Сондай-ақ, күріштің әр гектарынан 90-100 центнерден өнім алған күрішші-звеноводтарымызды мақтан тұтамыз, – деді облыс басшысы.

Бұл ретте аздаған жер үлесі болғанымен, оны игеруге мүмкіндігі аз шаруа қожалықтар өндірісті шығынсыз ұйымдастырудың жолын іздегені дұрыс екені де айтылды.

– Өздеріңіз білесіздер, облыс еліміздің күрішке деген қажеттілігінің 90 пайызын өтеп келеді. Жыл сайын экспортқа 100 мың тонна көлемінде күріш шығарылуда. Демек, облыста күріш көлемін азайтуға негіз жоқ. Алайда, әлемдегі су ресурстары тапшылығы біздің суға деген көзқарасымызды өзгертуі керек. Су үнемдеу технологиясын енгізу, әсіресе, ауыл шаруашылығында күріштен басқа дақылдарды тамшылатып, жаңбырлатып суару көлемін ұлғайту – бүгінгі күннің басты талабы, – деп тоқталып өтті облыс әкімі.

Айтқандай, биыл өңірде тамшылатып, жаңбырлатып суару әдісімен күріштен басқа 793 гектар ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде 212 гектар көкөніс, 90 гектар бақша, 32 гектар картоп, 370 гектар жаңа жоңышқа, 87 гектар сүрлем жүгері, 1,6 гектар қант қызылшасы бар.

– Суды үнемдеу мақсатында ғалымдар күріштің тез пісетін сорттарын дайындауға көңіл бөліп, өндіріске енгізу қажет болса, шаруашылық басшылары жердің тегістігіне мән бергені абзал. Биыл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ішінен картоп, көкөніс, бақша егуге баса назар аударылып, оның көлемі 19 500 гектарға жеткізілді. Ірі шаруашылықтар егіс егуге ынталы ауыл халқына 10-15 гектардан жерін дайындап, нәтижесінде 6 802 отбасы 1833 гектарға бақша өнімдерін егіп, жемісін көруде. Алдағы жылдары өнім көлемін ұлғайтуға ниеттіміз. Облысқа берілетін су жеткілікті болғанымен, оны бөлу, кестеге сай жеткізуде орын алған кемшіліктер гектар өнімділігінің төмендеуіне әсер еткендігі айқын. Бұл салада мамандардың жауапкершілігін арттыру, әрбір шаруашылықты білікті гидротехник мамандармен қамту, суландыру жүйелерін автоматтандыру, судың қатаң есебін жүргізуге ерекше көңіл бөлеміз. Сонымен бірге биыл суды реттеуге жәрдемдесетін «Қызылорда» су торабының жөндеу жұмыстарын аяқтаймыз, – деді облыс әкімі.

Өткен жылы «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жоба» бекітілді. Мемлекет қолдауының арқасында облыстың ауыл шаруашылығы оң нәтижеге қол жеткізіп отыр.

– Биылғы жылдың 9 айында ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 127,5 млрд теңгеге жетіп, өсім 3,2 пайызды құрады. Кейінгі 3 жылдың ішінде ауыл шаруашылығының негізгі қорына салынған инвестиция көлемі 2,1 есеге өсті. Биыл құны 8,7 млрд теңгені құрайтын 10 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде қуаттылығы жылына 1500 тонна құс етін өндіретін «Қармақшы Құс» ЖШС мен жылына 3500 тонна құс етін өндіретін «Абдулла» ШҚ құс фабрикаларының жобасы бар. Сонымен қатар, «Қызылорда-Агроплюс» ЖШС Түрік компаниясымен бірлесіп, құны 13,8 млрд теңге болатын, жылына 24 мың тонна томат пастасын өндіретін зауыт салу бойынша келіссөздер жүргізудеміз. Келешекте түрік инвесторларымен бірге ауқымды жобаларды өңірде іске асыратын боламыз, – деді облыс әкімі.

Салтанатты шарада облыстың ауыл шаруашылығы саласын дамытуға айрықша еңбек сіңірген бірқатар азаматтарға «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағы табысталды. Мұндай құрмет Қызылорда қаласы мен аудандарда басшылық қызметте болған еңбек ардагері Жарылқасын Шәріпов пен «Таң ЛТД» ЖШС директоры Имамзада Шағыртаевқа көрсетілді.  Сондай-ақ, осы салада жемісті еңбек еткен ардагерлер және қызметкерлерге облыстың «Құрмет» грамотасы табысталды. Бір топ еңбек майталмандары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі мен «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін иеленді. Жыл қорытындысымен топ жарған озаттар түрлі номинация алды. Мерекелік марапатта облыс әкімі «Мағжан және К» ЖШС үздік қызметкерлеріне «Lada Vesta», «Жаңажол», «Ақжарма және К» шаруашылығы мамандарына «Lada Granta» жеңіл автокөліктерін сыйға берді. Ал, «Таң ЛТД» ЖШС мен «Ақжар» шаруа қожалығының озат жұмысшылары «Chevrolet» автокөлігіне ие болды.

Келесі кезекте аудандар арасында түрлі салалар бойынша жеңімпаздар анықталды. Қазалы ауданы «Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы» бойынша марапатталса, «Мал шаруашылығы» бойынша Арал ауданы үздік атанды. Сондай-ақ, «Егін шаруашылығы» номинациясы Шиеліге, «Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген үздік аудан» атағы Сырдарияға бұйырды.

Құрмет төрінен орын алған еңбеккерлер қатарында озат шопан, бақша өсіруші, күріш өсіруші, комбайншы, агроном, бригадирлер сыйға ие болды. 

Мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласты. Сыр өңірінің сахна жұлдыздары дала еңбеккерлерінің құрметіне әуезді ән айтып, мерекені думанға бөледі. Белгілі өнерпаз Бақтияр Тайлақбаев жерлестеріне жылы лебізін білдіріп, әннен шашу шашты.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<