Кешегі өткен кеңес заманында еңбек адамдарына деген құрмет ерекше-тұғын. Әсіресе, диқандар мен малшылар арасынан суырылып шыққан озаттардың есімдері елге кеңінен танылып, насихатталып, халықтың да, биліктің де ықыласы солардың үстінде болғанына куәгерміз.
Жастық жігеріміз тасып тұрған шақта әйгілі күрішші Ыбырай Жақаевтың тәрбие мектебінен өтіп, сол кісінің жетекшілігімен құрылған Жақаевшылар қозғалысының өркен жаюына үлес қостық. Алғашында құрамында 200-ден астам мүше болса, сексенінші жылдары олардың саны мыңнан асты. Сол екпінді еңбек жолында әрбір гектардан орташа есеппен 100 центрнерден Сыр салысын жинап, «Социалистік Еңбек Ері» атағына ие болдым. Мұның бәрін неге айтып отыр демеңіз.
Халқымызда «Еңбек ер атандырады» деген әдемі тәмсіл бар. Расында еңбек етіп, маңдайы терлегеннің әр заманда да жұлдызы биік болады. Өйткені, ол айналасына мейірімін төге білуімен, адалдығымен, еркін ойлайтындығымен, еңбекті ұйымдастыра білуімен ерекшеленеді. Міне, біздің өкшемізді басқан Имамзада Шағыртаев та – өзінің адал еңбегімен елдің алғысын арқалаған жан. Ұлттық мереке күнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан Ақордаға барып тәуелсіз елдің ең үлкен наградасы – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алуы Сыр өңірі үшін үлкен жетістік, лайықты еңбектің бағаланғаны деуге болады.
Ауыл шаруашылығында өнімді еңбек етіп жүрген азаматтардың бірі – Имамзада Шағыртаевтың ауылы да, шаруасы да көпшілікке үлгі екенін Мемлекет басшысы да атап өтті. Еселі еңбек еткен, талай жыл маңдай терін төккен ер азамат үшін мұнан асқан бақыт жоқ. Елдің гүлденуіне, дамуына үлес қосатын осындай еңбекқор азаматтарымыз көбейгеніне біз де қуаныштымыз.
Арапбек Әбиев,
Социалистік Еңбек Ері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<