«…Еңбек еткен ер жомарт»

285

0

Сыр диқандары тағы бір жауапты маусымның мәресіне келді. Жаз бойы жайқала өскен егіннен мол өнімге негіз қаланды. Жергілікті еңбеккерлер бұл іске үлкен жауапкершілік танытып, әрбір дәннің ысырапсыз қамбаға құйылуына зор үлес қосты. Жекелеген шаруашылықтар жоғары өнім жинап, тіпті кейбір күрішшілер рекордтық деңгейге жетті. Бұл – әрине, еңбекпен келген елдің несібесі.

Су – тіршілік нәрі

Кейінгі жылдарда қызылордалық егіншілерді дария деңгейі алаңдатып тұрғаны рас. Оның себебі де жоқ емес. Түрлі себеппен жоғарыдан келетін су мөлшері азайып кетті. Бұл диқандардың жоспарланған көлемде егін егуіне кедергісін келтірді. Сондықтан жыл басында «биыл судың жағдайы қалай болады?» деген сауал көпшілікті алаңдатқаны рас. Тіпті күріш көлемін едәуір қысқартуға ұсыныс жасағандар да  бар. Әрине, жергілікті жердің климаттық, әлеуметтік жағдайы оған мүмкіндік бермейді. Күріш егілмеген алқап тұзданып кетеді. Ал елдегі ағайынның кәсіп көзінің басым бөлігі осы – егіншілік.

– Рас, кейінгі жылдарда облысқа өз мөлшерінде су келген жоқ. Бізге бөлінетін судың лимиті 3,5-3,7 млрд текше метр шамасында белгіленген еді. Алайда вегетациялық кезеңде сол судың небәрі 60-70 пайызы жетті. Диқандар барынша үнемді пайдалануға ден қойды. Біздің тарапымыздан суды кезектесіп беру тәртібі қалыптасты. Жан-жақты ымыралы әрекеттің арқасында жақсы өнім жиналды.

Күріш көлемін сәл қысқартқанымыз жасырын емес. Жылдың басында да көкейде сол сауал тұрды. Осы орайда облыс басшылығының ұсынысы, Үкіметтің қолдауы нәтижесінде ұтымды жұмыс жасалды. Лимит бойынша бөлінген суды толықтай алдық. Бұл жөнінен диқандар қиналған жоқ, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.

Басқарманың мәліметіне сүйенсек, биыл 189,4 мың гектарға егін егілген. Оның ішінде күріштің көлемі – 85,6 мың гектар. Судың жағдайына байланысты өткен жылмен салыстырғанда егін 3,9 мың гектарға азайды. Басым бөлігін күріш құрайды.

Кейінгі үш жылдың көлемінде облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жергілікті тұрғындарды әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерімен қамтамасыз ету бағытында тиісті іс-шаралар атқарылды. Нәтижесінде 4,3 мың отбасына ұжымдық түрде бақша егуге қосымша 5 мың гектар жер дайындалды. Елдегілер 916,7 гектарға картоп, 817 гектарға көкөніс,  1445,7 гектарға бақша дақылдарын орналастырды. Одан жылма-жыл жоғары өнім алынуда.

Жақсы сорт – жақсы өнім

Облыста егінді әртараптандыру мәселесіне жете көңіл бөлініп отыр. Атап айтқанда, соя 111, қант құмайы 240, дән жүгері 1 мың, сүрлем жүгері 1,3 мың гектарға ұлғайтылды. 

Сыр өңіріндегі ілкімді ісімен көзге түсіп жүрген «Таң ЛТД» ЖШС Шиелі ауданындағы «Таушұқыр» учаскесінде 5000 гектар жердің 800 гектарына тамшылатып суару әдісімен жүгері еккен. Жүгеріні кептіретін қондырғыға «Бестам» ауылдық округінен жер табысталған. Тиісті инфрақұрылым облыстық бюджет есебінен жүргізіледі. Нысан іске қосылған соң, тамшылатып суару әдісімен егілетін жүгері және басқа да дақылдарды 3000 гектарға ұлғайту жоспарлануда. Ол  кезде 50 адам тұрақты жұмысқа қол жеткізеді.

Серіктестіктің жаңашыл жобасын арнайы барып көрген облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев компанияның озық тәжірибесін басқа шаруашылықтарға енгізуді ұсынды.

Ал облыста егілетін күріштің басым бөлігін ресейлік сорттар құрайды. Олардың қатарында негізінен «Лидер», «Янтарь» секілді сорттар бар. Биыл егіннің түсімі ойдағыдай. Ол былтырғы жылы 47,9 центнерден келген еді.

– Дақыл сортына байланысты мәселені әрбір шаруашылық өзі шешеді. Қандай сорттар тиімді? Қайсы сорттан жақсы өнім алынып жүр? Соны сараптай отырып таңдайды. Жергілікті диқандар «Лидер» және «Янтарь» сорттарын егіп келе жатқанына біраз жылдың жүзі болды. Өнімділік жаман емес. Кейінгі уақытта ресейлік «Каурис» сорты сынақтан өткізілуде. Диқандардың айтуынша, оның да өнімділігі жоғары. Қазір украиндық «Маршал» секілді сорттарды егуге мән беріліп отыр. Әзірге ол жөнінде нақты шешім жоқ, тек тәжірибелік негізде егілуде, – дейді басқарма басшысы.

Ал Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты тарапынан бұған дейін «Сыр сұлуы», «Айгерім», «Ару» сорттары шығарылды. Алайда олардың егілу көлемі жаппай сипат алған жоқ. 

Сыр өніміне сұраныс зор

Кейінгі жылдары Сыр өңірінің ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс артып отыр. Биыл 1 шілдедегі мәлімет бойынша 36,9 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортқа шығарылған. Оның ішінде күріш, балық өнімдері, қамыс, күріш қалдығы бар. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, экспорт көлемі 118,3 пайызға жетті. Оның жалпы бағасы 20 млн долларды құрайды.

Шетелге шығарылған өнімнің 93,7 пайызы күрішке тиесілі. Оған Ресей, Беларусь, Әзербайжан, Тәжікстан, Украина, Моңғолия, Өзбекстан және Ирак мемлекеттерінен үлкен сұраныс бар. Бұл елдерге 34 мың тоннадан астам күріш экспортталды.

Талғат Дүйсебаевтың айтуынша, кейінгі жылдарда күріш бағасы диқандар үшін тиімді болып тұр. Нарықта 2-3 жыл көлемінде тұрақтылық байқалады.

Қысқасы, облыс диқандары биылғы «Алтын дән» мерекесіне лайықты нәтижемен келді. Дәстүрге сай аталып өтетін мерекелік іс-шаралар тек диқанның ғана емес, төрт түлік өсірген шаруа мен осы саланың ыстық-суығына көндігіп, бейнетін жан-тәнімен сезініп келетін барша еңбеккерлер үшін өте маңызды. Өйткені, еңбек адамы дәріптелуі тиіс

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<