Облыстың оңтүстігінде орналасқан Жаңақорған ауданында аграрлық саланы дамытуға әбден болады. Елдің ішінде төрт түлікті түлетіп, жайқалта егін өсірген шаруалар бар. Оған қоса жеміс ағаштарын өсіруге бейімделген азаматтар қатары артып келеді. Облыстық ішкі саясат басқармасы мен аудан әкімдігі қолдауымен өткізілген баспасөз туры барысында сондай игілікті істерге көз жеткізіп қайттық.
Қазір аудан орталығы – Жаңақорған кентінен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолының бойына шығатын тұста жайқалған жеміс ағаштары көрген адамға ерекше көңіл-күй сыйлары сөзсіз. Мұнда жеміс-жидек көшеттерін өсіру питомнигі орналасқан. Жасыл желекті жайқалту ісін әбден меңгерген бағбан Амантай Сарбасов басшылық жасайтын «7 KZ Сыр табиғаты» ЖШС үш жыл бұрын аталған істі қолға алған еді. Былтырдан бастап жеміс-жидек көшеттерін өндіруді жолға қойды.
Бүгінде аталған алқапта жайқалған жеміс ағаштары қаз-қатар бой түзеп тұр. Олардың арасында алма, алмұрт, алхоры, өрік, шабдалы, шие және гүлдің қаншама түрі бар. Жүзімнің де көптеген түрін кездестіруге болады. Тіпті, мұнда негізінен тропиктік аймақта өсетін бамбук өсімдігінің де бой тіктеп тұрғанын аңғардық. Барлығы 65 мың түпті құрайды.
– Көпшілік арасында жеміс-жидек біздің жерімізге өсе бермейді деген қасаң пікір қалыптасқан. Бұл жөнсіз айтылған. Қызылорда облысының қай ауданында да бау-бақша өсіруге толық мүмкіндік бар. Әрине, олардың әрбіріне күтім жасалуы тиіс. Сол арқылы облысты жеміс-жидекпен толық қамтамасыз етуге болады. Өкінішке қарай, қазір біз мұндай өнімдерді сырттан тасымалдауға мәжбүрміз. Ал өзімізде қаншама жер кәдеге аспай жатыр. Мен мына талдарды суару мақсатында арнайы скважина қаздырдым. Сондықтан су мәселесі бойынша ешқандай қиындық туындап отырған жоқ, – дейді бағбан.
Оның айтуынша, алдағы уақытта питомникті 50 гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, өнімдерді өңдейтін арнайы цех ашуға мән бермекші. Бүгінде сырттан тасымалданып жатқан шырын сусындарын сол цехта шығару ойда бар.
Сырдария өзенінің құм беткейіндегі Келінтөбе және Қаратөбе ауылдарының тұрғындары егін және мал шаруашылығымен де қоса-қабат айналысады. Ауылдарда мал басын арттырып, сол арқылы мол табысқа кенеліп жүрген азаматтар баршылық.
Ұзақ жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында қызмет атқарып келе жатқан Керімхан Егізбаевты жерлестері білікті маман ретінде жақсы таниды. Бүгінде жетпіс жасқа аяқ артқан ағамыз әлі де қым-қуыт тіршіліктен қол үзген емес. Төрт түлікті түлетіп, егін өндірісінде де жемісті еңбек етіп жүр. Өзі жетекшілік ететін «Orda Агротехнология» ЖШС 2016 жылы мемлекеттік бағдарламалар арқылы ет бағытындағы 150 бас асылтұқымды «санта-гертруда» қашарларын сатып алды. Олардың басы 300-ден асты. Шаруашылық бүгінде асылтұқымды репродуктор мал шаруашылығы деңгейіне көтерілді. Серіктестік оларға қажетті малазығындық дақылдарды өсіру ісіне де жеткілікті деңгейде мән беріп отыр.
Ауылда жергілікті жастардың қолдауымен жүзеге асқан игілікті іске куә болдық. Жастар асар әдісімен үшінші топ мүгедегі, кәмелеттік жасқа толмаған мүмкіндігі шектеулі баласы бар Шырынкүл Бекметоваға тұрғын үй салуда. Оған 2 млн теңге шамасында қаржы жұмсалған. Қазіргі таңда үйдің ішкі жұмыстары жасалуда. Желтоқсан айына дейін баспана құрылысы толық аяқталады деп күтілуде. Аталған шара барысында аудан әкімі Руслан Рүстемов игілікті іске ризашылығын білдіріп, өз атынан бұл отбасыға түрлі-түсті теледидар тарту етті.
Қаратөбе ауылдық округінде тұратын Құлмағанбет Исаханов 1996 жылы «Сұңқар» шаруа қожалығын құрып, ауыл шаруашылығы және мал өнімдерін дайындаумен айналысып келеді. Қазір шаруа қожалығында 606 бас жылқы, 577 бас ірі қара, 302 бас түйе малы өсірілуде. Өнімдерді Жаңақорған кенті мен көршілес Түркістан қаласына өткізеді.
– Мал шаруашылығы оңай кәсіп емес. Бейнеті мол. Жыл бойы төрт түліктің бабын жасауың тиіс. Олай етпесең, еңбегіңнің өтеуі қайтпайды. Шаруа қожалығында қаншама адам еңбек етеді. Таңның атысы, күннің батысы тынымсыз тірлік жасаймыз. Рас, бұл тірлікті қиын көретін адамдар көп. Еңбек еткен адамның еңсесі биік болады. Ширек ғасырдан бері осы кәсіпті жүргізіп келемін. Несібеме бұйырған табысты тауып жүрген жайымыз бар, – деді қожалық төрағасы.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<