2004 жылы Қазақстан адам саудасына қарсы күрес туралы халықаралық конвенцияға қол қойды. Сол кезден елімізде тиісті заңнамалық база жасалып, үкіметтік емес ұйымдар халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықта белсенді жұмыс істей бастады.
Солардың бірі – қиын жағдайға ұшыраған немесе адам саудасының құрбаны болған жандарға көмектесетін «Кіші кәсіпкер әйелдер қоғамы» қоғамдық бірлестігі 2017 жылы орталық құрды. Онда көмекке мұқтаж жандар қажетті заңгерлік және психологиялық көмек алады.
Жыл басынан бері бірлестік облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірге адам саудасының құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жобасын іске асыру бойынша жұмыс жасап келеді.
Осыған орай сол жағалаудағы Жастар ресурстық орталығында «Мигранттардың құқықтары: негізгі проблемалар мен шешімдер. Мигранттарда кездесетін құқықтық аспектілерді, оларды қорғау әдістерін талқылау» тақырыбында кездесу өтті.
Кездесуге Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілі Дәурен Шәріпбаев, облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы басшысының орынбасары, полковник Сағындық Камитбеков, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы нысаналы топтарды әлеуметтік қорғау бөлімінің бас маманы Оралхан Бәкида және еңбек мигранттары қатысты. Іс-шараның мақсаты – мигранттардың құқықтары мен бостандықтары және оларды қорғау шараларын ұйымдастыру.
«Кіші кәсіпкер әйелдер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Салтанат Сыздықованың айтуынша, мұндай кездесулер мигранттар мен мемлекеттік органдар арасындағы мәміле үшін өте қолайлы. Мұнда шетелден келген мигранттар өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, құзыретті орган өкілдерінен жауап ала алады.
– Біздің ұйым қиын жағдайға тап болған мигранттарға және адам саудасының құрбаны болған жандарға көмек көрсетеді. Сондай-ақ еңбекші мигранттардың құқықтық сауаттылығы, жұмыс берушімен ара-қатынасы, жұмыс жағдайы және олардың қызметтерін заңдастыру мәселелерін қарастырады. Ел экономикасының дамуы мен халықтың әл-ауқатының артуы ең алдымен Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстаннан мигранттардың көптеп келуіне түрткі болды. Десек те, олардың қызметі көбіне экономиканың «көлеңкелі» тұсында қалып отыр және көбінің мәртебесі айқындалмаған. Міне, осындай қиындыққа тап болған жандарға көмек қолын созу үшін арнайы орталықтар қажет, – деді ол.
Ал Дәурен Шәріпбаев елімізде мигранттардың құқықтары заңнамалық деңгейде қорғалғанын атап өтті. Алайда қиындыққа тап болмас үшін шетел азаматтары сол елдің заңдарын қатаң сақтауы тиіс.
– Қазіргі кезде біздің елде және өзге елдерде адам саудасы әлі де бар. Сондықтан сақтық шараларына мән беру керек. Бұл тұрғыда үкіметтік емес ұйымдар жүргізетін профилактикалық жұмыс өте маңызды. Өйткені, жастар тәжірибенің аздығынан қиын жағдайға тап болуы мүмкін. Егер қоғам болып осы мәселенің шешілуіне атсалыссақ, кем дегенде оның салдарын азайта аламыз, – деді ол.
Одан соң Сағындық Камитбеков ресми деректерге сүйеніп, жыл басынан бері облысқа келген мигранттар туралы ақпарат берді.
– 10 айда 18 670 шетелдік азамат уақытша тіркелген. Басым көпшілігі ТМД елдерінен, оның ішінде 340 азамат жақын және алыс шетелдерден келген. Көші-қон заңнамасына сәйкес 3 мыңнан астам құқықбұзушылық тіркелді. Сондай-ақ шетелдік азаматтарға қатысты заңнаманы бұзғаны үшін 764 хаттама толтырылып, 146 азаматқа қатысты шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін тиісті шаралар қабылданды. Елден 87 шетелдік азамат шығарылды, ал 28 шетелдік тұрақты тұруға өтініш берді, – деді.
Негізі мұндай қиындықтарға ұшырамас үшін заңға қайшы келетін әрекеттерден аулақ болу керек. Бұл басқа елдерден келген мигранттарға ғана емес, шетелде жұмыс істеуге ниетті қазақстандықтарға да қатысты.
– Қазіргі уақытта халықты адам саудасының тәуекелдері туралы ақпараттандыру аса өзекті. Ірі қалаларда ғана емес, шағын елді мекендерде де түсіндіру жұмыстарын жүргізу өте маңызды. Қазақстан үшін мигранттарды интеграциялау мәселесі өзекті. Өйткені, 2000 жылдардың басынан бастап ел Орталық Азия республикаларынан келген еңбек мигранттары үшін жайлы болды. Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының тұжырымдамасы ел шеңберінде халықтың оңтайлы қоныстануын реттеу, этникалық және еңбек көші-қонын басқару мәселелеріне бағытталған. Негізінен әлеуметтік мекемелер мен құқық қорғау органдарының және үкіметтік емес ұйымдардың қиын жағдайға тап болған азаматтарды қолдау, олардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі атқарылып жатқан жұмыстарды әлі де пысықтау керек, – деді Оралхан Бәкида.
Бүгінде мигранттар мәселесімен үкімет қана емес, қоғамдық ұйымның айналысатыны қуантарлық жағдай. Бұл – аса маңызды мәселе қоғамдық қолдаумен шешілетін жағдайға жетті деген сөз. Кездесу соңында жауапты сала мамандары мигранттарға қатысты туындаған мәселелерді кейінге қалдырмай, қажетті бастама көтеру керектігін айтты.
Аружан ЕРАЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<