Еңбек нарығында қандай мамандықтар сұранысқа ие? Оларды даярлауда қандай жұмыстар атқарылуда? Жастар жұмысшы мамандықтарына қаншалықты қызығады? Жұмысшы мамандардың мәртебесі олардың мәселесін реттеумен көтеріле ме? Кәсіптік бағдар беру жүйеленген бе? Осы сұрақтар төңірегінде өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өтті.
Оған Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Сәулет және құрылыс өндірісі» БББ жетекшісі Гүлназ Жақапбаева, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжі директорының оқу-өндірістік жұмыстар жөніндегі орынбасары Мағрипа Айтенова, «Orda» жоғары колледжі директорының оқу-өндірістік жұмыстары жөніндегі орынбасары Арайлым Қонақбаева, әдіскері Айнұр Бекенова, Жалағаш аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің әдіскері Айтбай Нұрмағанбет қатысты.
Өңірде жұмысшы мамандарды даярлайтын іргелі оқу орындары бар. Олар сұранысқа сай мамандарды оқытып, жұмысқа орналасуына септігін тигізіп келеді.
Гүлназ Жақапбаева жұмысшы мамандықтарға қатысты қандай жобалар жүзеге асырылатынына шолу жасады.
– Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті бастамаға белсене қатысып, жұмысшы мамандықтардың маңыздылығын кеңінен насихаттауда. Кәсіптік бағдарлау және жұмысшы мамандықтарға қызығушылықты арттыруда іс-шаралар ұйымдастырылуда. «Жұмыспен қамту жол картасы» және «Даму» мемлекеттік бағдарламалары аясында түрлі гранттар ұсынылып, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері кеңейтілді. Алдағы уақытта құрылыс саласын жандандыру жоспарланып отыр. Кәсіби білім беру жүйесін жетілдіру, жастарды еңбек нарығының қажетті мамандықтарына тарту – маңызды қадам. Бұл шаралар аймақ экономикасының дамуына және жастардың жұмысқа орналасуына оң әсерін тигізеді, – дейді ол.
Жалағаш аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің әдіскері Айтбай Нұрмағанбеттің айтуынша, бұл сала елдің экономикалық негізін қалыптастыруда басты орынға ие. Дегенмен жастар бұл мамандықтарды оқығанымен, көпшілігі өзге саланы таңдайды екен. Сондықтан агроном мен ветеринар тапшы.
– Қазір жастар агроном болуға қызықпайды. Көпшілігі мұғалім, заңгер сынды салаға бет бұрады. Сонда шаруашылықта келешекте кімдер еңбек етеді? Күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерін өндіретін осы сала. Сондықтан біздің сала мамандары қашанда сұранысқа ие әрі өміршең екенін ұмытпаған жөн, – дейді ол.
Ал «Orda» жоғары колледжі директорының оқу-өндірістік жұмыстары жөніндегі орынбасары Арайлым Қонақбаева оқу орындары сапалы маман даярлауда жүйелі жұмыс атқарып жатқанын айтты. Білім беру жүйесін жетілдіру және техникалық мамандықтарды дамыту мақсатында «Orda» жоғары колледжі шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнатып, халықаралық тәжірибені енгізуге басымдық берген. Осы бағытта 2023 жылы Германия мен Швейцариядан білікті тәлімгерлер шақырылып, студенттерге өз тәжірибелерін бөліскен. Бұл мамандар SES компаниясынан арнайы шақырылып, колледж студенттерінің біліктілігін халықаралық деңгейде арттыруға ықпал еткен.
– Жергілікті мемлекеттік, жеке кәсіпорындардан электрик, дәнекерлеуші мамандарына сұраныс жоғары, 3,4 курс кезінде өндірістік тәжірибеден өтіп, жұмысқа қабылданып жатқан студенттер де бар. Жақында колледжге жеке мекеме басшысы келіп, электрик мамандығында оқып жатқан екі студентті жұмысқа қабылдады. Олар біраз тәжірибе жинақтады. Тұрақты жалақысын алды. Бұл – жастарға берілген үлкен мүмкіндік, –дейді ол.
Ал И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжі директорының оқу-өндірістік жұмыстар жөніндегі орынбасары Мағрипа Айтенова жұмысшы мамандықтарды оқытуда атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.
– Колледж 34 мамандық және 35 біліктілік бойынша орта буын техникалық мамандарды ел экономикасының сұранысына сай кадрлар дайындауда. Үкімет қаулысына сәйкес, арнайы іс-шаралар жоспарын әзірлеп, оны жүйелі жүзеге асырып келеді. Ірі кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатып, олардың біліктілік талаптарына сәйкес мамандарды даярлау ісін жетілдіруде. Қазіргі уақытта колледж Қызылорда облысына инвестиция салған Германияның Seven Rivers компаниясымен әріптестік орнатып, шыны зауытына қажетті техникалық мамандарды даярлау үшін арнайы білім бағдарламасын әзірлеуде. Бұл аймақтың өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Сонымен қатар, халықаралық тәжірибе алмасу ісі белсенді жүргізілуде. Былтыр оқу орны АҚШ-тың Флорида штатындағы NSSER біліктілікті бағалау орталығының халықаралық аккредитациясынан сәтті өтті. Осы аккредитация аясында колледждің 11 білім алушысы «Электрмонтаждаушы» құзыреттілігі бойынша халықаралық сертификатқа ие болды. Бұл олардың әлемнің 70-тен астам елінде өз мамандықтары бойынша жұмыс істеуіне мүмкіндік береді, – дейді Мағрипа Махмутқызы.
Брифинг барысында оған қатысушылар маман даярлауда кедергілер де бар екенін айтты. Жастар мардымсыз жалақыға жұмыс істегісі келмейді. Сондықтан таңдаған саласының шебері боламын деген ойынан айнып қалады. Өндіріс орындарының аздығы да олардың екі қолға бір күрек табуына кері әсерін тигізеді. Олар алдағы уақытта бұл мәселенің күрмеуі шешілетініне сенімді.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<