Еңбек пен маңдай тердің жемісі

763

0

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Волонтерлік – өмір белесі» атты облыстық волонтерлер слеті аясында «Достық үйінде» азаматтық қоғам өкілдерімен кездесу өтті. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет қатысып, жыл басынан бергі қиын сәтте қайырымдылығын аямаған, бірліктің нағыз үлгісін көрсете білген барша азаматқа алғыс білдірді.

– Тәу етер Тәуелсіздігіміз – біздің ең басты құндылығымыз! Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында «Ол – ата-бабаларымыздың азаттық жолындағы жан алысып, жан беріскен сан ғасырлық күресінің заңды жалғасы, халықаралық құжаттармен бекітіліп, мәңгілікке берген сыйы», – дегенін жақсы білесіздер. Тәуелсіз ел болудың арқасында біз ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып, аз ғана мерзім ішінде көптеген жетістіктерге қол жеткізіп келеміз. Осы ретте, жабырқағанның жанына жалау болып, қамыққанға қол ұшын беру, қайырымдылық жасау – халқымыздың қанына біткен асыл қасиеттердің бірі екенін айта кеткеніміз абзал, – деді Серік Ахмет.

Еңбек пен маңдай тердің жемісі

Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары мерейлі мереке аясында жалпыұлттық деңгейде «Қайырымды істер» марафоны бас­тау алып, аймақ волонтерлері бұл бастамаға ерекше қолдау көрсетіп жатқанын атап өтті. Бұл ретте, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «30 игі іс» марафоны, «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық акциясы аясында 1476 іс-шара ұйымдастырылып, оларда 61660 адам қамтылған. 5 мыңнан астам мұқтаж отбасыға әлеуметтік көмек көрсетіліп, көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған 3 мың отбасының мектеп жасындағы балаларына қажетті оқу құралдары табысталды.

– Волонтерлеріміз қуаңшылықтан зардап шеккен Арал, Қазалы аудандарына мал азығын жинақтап, жөнелту жұмыстарына да белсене атсалысты. Бірқатар аудандарда жас волонтерлер мен кәсіпкерлердің көмегімен тұрмысы төмен, аз қамтылған, жалғызбасты қарт кісілер тұратын отбасыларға 48 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Өңір кәсіпкерлері де игі бастамалардың жанынан табылуда, бірі мұқтаж отбасылардан шыққан оқушыларға қажетті оқу құралдарын үлестірсе, енді бірі азық-түлік көмегін ұсынды. Мұның барлығы – еткен еңбектің, төккен тердің жемісі, – деді облыс әкімінің орынбасары.

«Қоғамдық келісім» КММ-нің директоры, облыстық волонтерлер фронт-офисінің жетекшісі Болатбек Айтбенбетов, облыстың бас имамы Болатбек Әбуов, облыстық мәслихат депутаты Аида Әбибуллаева сөз сөйлеп, волонтерлік қызметті ұйымдастыруға бағытталған азаматтық бастамаларды дамыту мен қолдау мақсатында қабылданған кешенді шаралар туралы ойларын ортаға салды.

Атап айтсақ, «Сыр волонтерлері» орталығы құрылды. Орталықта мыңнан аса волонтерлердің мәліметтер қоры жасақталып, 7 бағыт бойынша волонтерлік топтар құрылды. Аталған топтармен барлығы 75 іс-шара ұйымдастырса, оның ішінде 45-і қайырымдылық бағытта өткізілді. Сонымен қатар, волонтерлік қызметті үйлестіретін мамандарға арналған семинар-тренингтер мен бірқатар спорттық, интеллектуалдық сайыстар ұйымдастырылды. Волонтерлік қызметті ақпараттық қолдау бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Айта кету керек, бүгінгі таңда аймақта облыстық волонтерлер фронт-офисімен қатар 7 аудандық фронт-офистер жұмыс жасайды. Оларда 2625 волонтер тіркелген. Қоғам үшін жасаған пайдалы істері мен қиын кезеңде жақынына қол ұшын созған азаматтардың еңбектері бағаланып, бірқатар мемлекеттік наградалармен марапатталуда. Оның ішінде, Мемлекет басшысының Жарлығымен аймақтың 75 азаматы «Халық алғысы» медалімен марапатталды.

Кездесу барысында да облыс әкімінің орынбасары бірқатар азаматтарға Мемлекет басшысының 2021 жылғы 2 желтоқсандағы Жарлығына сәйкес «Халық алғысы» медалін тапсырды. Атап айтқанда, облыстық мәслихат депутаты Аида Әбибуллаева, облыстың бас имамы Болатбек Әбуов, «Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің директоры Айнакүл Баймаханова, облыстық мәслихат депутаты Нұрболат Ибраев, «Қоғамдық келісім» КММ директоры Болатбек Айтбенбетов, Жалағаш аудандық мәслихат депутаты Нарбота Серәлі, белсенді волонтерлер Баян Қарабекова, Еркінбек Айнахожаев, Бақытжан Жақсылық «Халық алғысы» медалімен марапатталды.

Сондай-ақ, іс-шарада аймақтың белсенді азаматтарына Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің, Республикалық волонтерлер фронт-офисі директорының, облыс әкімі орынбасарының алғыс хаттары мен «Жыл волонтері» облыстық сыйлығы табысталды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<