Биыл Сырдария ауданының құрылғанына 95 жыл. Кеше аудан орталығы Тереңөзек кентінде айтулы мереке аталып өтті. Мерейтойға арналған шаралар полиция аға лейтенанты Талғат Қозыбаевты еске алуға арналған қазақ күресінен республикалық турнирмен басталды.
Талғат Қозыбаев – О.Мәлібаев атындағы ауылдың тумасы. 2003 жылдың наурызында өзіне бекітілген учаскеде қоғамдық тәртіпті қорғау кезінде қаза тапты. Қарулы қылмыскерді құрықтаудағы ерен еңбегі үшін ҚР Президентінің Жарлығымен қайтыс болғаннан кейін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.
Сонымен қатар, аудан орталығындағы «Еңбек даңқы» музейінде Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Жәркен Ысмағұлов туындыларының көрмесі өтті. Шебердің қылқаламынан белгілі тұлғалардың портреттері мен түрлі тақырыптағы туындылар шыққан. Мүсіндік композициялары Астанада және республиканың басқа да қалалары мен елді мекендерінде қойылған.
Сондай-ақ «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, журналист-этнограф Тынышбек Дайрабайдың 80 жасқа толуына орай аудандық мәдениет үйінде облыстық жазба ақындар мүшәйрасы өтті. Сырдариялықтар мерейтой иесіне құрмет көрсетті. Өз кезегінде Т.Дайрабай жерлестерін туған өлке тарихындағы маңызды кезеңге айналған мерейтоймен құттықтап, жыр мүшәйрасына қатысушыларға сәттілік тіледі.
Мүшәйраға облыстың барлық аудандарынан ақындар қатысып, сырдариялық Бақтөре Айтбаев бас жүлдені жеңіп алды. Бірінші орын қармақшылық Тұрар Бекмырзаевқа, екінші орын Шиеліден келген ақын Рахметолла Жолтаевқа бұйырды. Үшінші орынды Сырдария ауданынан қатысқан Ақерке Әбдіғаппарқызы иеленді.
Мерекелік шаралар ақын, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Жадыра Дәрібаеваның 75 жылдығына арналған көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауымен жалғасты. Ақынның шығармашылығын, оның қазақ әдебиеті мен поэзиясына қосқан үлесін насихаттауды мақсат еткен байқауда Ж.Дәрібаеваның Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік тақырыбындағы өлеңдері оқылды.
Сырдария ауданының 95 жылдығына арналған мереке орталық стадионда өткен салтанатты шарамен қорытындыланды. Оған қатысқан облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов аймақ басшысының аудан халқына арнаған құттықтау хатын оқып берді. жиналғандарды аудан әкімі Берік Сәрменбаев құттықтады.
– Бүгінгі жетістіктерде әр сырдариялықтың еңбегі бар. Туған жеріміздің гүлденуі жолында еңбек ету – баршамызға ортақ парыз. Осы сәтті пайдалана отырып, ауданымыздың әрбір тұрғынына алғыс айтқым келеді, – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ өлкенің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқандарға «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағын, ауданның Құрмет грамотасын табыстап, сала үздіктерін марапаттады.
Салтанатты шара эстрада жұлдыздары қатысқан гала-концертке ұласты.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<