Еңбек қауіпсіздігін елемеуге болмайды

748

0

Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) 28 сәуірді Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні деп жариялаған. Бұл күн әлемнің барлық елдерінде атап өтіледі және  жұмысшылардың қауіпсіздігін бақылау қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Жұмыста қайтыс болған, жарақат алған немесе кәсіби аурулары бар адамдарды еске алады.

Қазақстан Республикасы – 1993 жылдан бастап ХЕҰ-ның мүшесі. Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні 2005 жылдан бастап атап өтіледі. Бұл акция жұмыс берушілердің, қызметкерлердің, жұртшылықтың назарын еңбекті қорғаудың шешілмеген проблемаларына аудару үшін өткізіледі.

Бұл күні өндірісте зардап шеккен қызметкерлерге құрмет көрсетіліп, қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі шараларды сақтауға шақырып, еңбек мәдениеті насихатталады.

Еліміздің Конституциясының 24-бабы 2-тармағында «Әркімнің қауіпсіздік пен гигиена талаптарына жауап беретін еңбек жағдайына, еңбегі үшін қандай да бір кемсітусіз сыйақы алуға құқығы бар» делінген.

Адам – ең құнды ресурс, сондықтан адам өмірін сақтау және қамқорлық барлық меншік түріндегі кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмыс берушілерінің (басшыларының) басты міндеті. Осы бағытта еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғаудың бағдарламалары бар. Облыс аумағында Үкімет қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасында қауіпсіз еңбекті қамтамасыз етудің 2025 жылға дейінгі іс-қимыл жоспарын» жүзеге асыру үшін тиісті іс-шаралар жүргізілуде.

Атап айтқанда, «Қауіпсіз еңбек» ақпараттық науқаны аясында облыстағы жазатайым оқиғаларға жүргізілген талдау нәтижесімен өндірістік жарақаттану бойынша тәуекел дәрежесі жоғары деп танылған 27 кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау талаптарының сақталуын қатаң бақылауды, профилактикалық жұмыстар жүргізуді, жазатайым оқиғалардың орын алуын алдын алу және болдырмау үшін қабылданатын іс-шаралар жоспары бекітілді.

Сонымен бірге, қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының ережелеріне ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде.   

Жұмыскерлердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының сақталуын бақылауға арналған «Халықтық бақылау» жобасы 8 кәсіпорында құрылған. 107 кәсіпорында халықаралық стандарттар енгізілген және 30 кәсіпорын 3030 жұмыс орнын аттестаттаудан өткізген, 33 кәсіпорында «Нольдік жарақаттану – Vizion Zero» тұжырымдамасы енгізілген.

Құрылыс алаңдарында қосалқы кәсіпорындар жұмыскерлерінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының сақталуына мердігер  компаниялар тарапынан тікелей (вертикальдық) бақылау қарастырылған. 

Жалпы жұмыс берушілер жұмыскерлердің еңбек жағдайын жақсарту мен қорғалуына бағытталған шараларды күшейтіп, тұрақты жүргізуі тиіс. Ал жұмыскер ереже талаптарын бұлжытпай сақтау керек. Сол кезде ғана өмір қауіпсіздігін сақтап қалу мүмкіндігі жоғарылап, жазатайым оқиғалар азаяр еді.

Т.ЖОЛЫМБЕТОВ,                                                  

облыстық еңбек саласындағы бақылау

басқармасының  басшысы