Еңбек ұжымдарындағы ахуал тұрақты бақылауда

399

0

Фото: Облыс әкімдігі

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен бүгінгі мәжілісте аймақтағы еңбек ұжымдарында қалыптасқан жағдай талқыланды. Мәжіліске құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы, құзырлы мемлекеттік органдар мен еңбек дауы туындауы ықтимал мекеме басшылары қатысты.

Нұрлыбек Машбекұлы жұмысшылардың құқықтарын қорғау, жұмыс орындарындағы еңбек жағдайын жақсарту, қауіпсіз еңбек жағдайын жасау және жалақыны арттыру назардағы басты мәселелердің бірі екенін қаперге салды.

«Соңғы уақытта тек біздің аймағымызда ғана емес, республика көлеміндегі мекемелерде еңбек даулары орын алды. Жұмысшылардың басты талаптарының бірі – жалақыны көтеру. Қоғамда шиеленіске жол бермей, оңтайлы шешім қабылдау – біздің басты міндетіміз.

Бұл ретте, ең маңыздысы – басшылық құрамның емес, қарапайым жұмысшылардың жалақысын көтеру керек. Қысы-жазы, тәуліктің қай мезгілінде де жұмыс орнынан табылатын жандардың еңбегі лайықты бағалануы, әр маманның маңдай терінің өтеуі атқарған жұмысына сай болуы тиіс. Сонымен қатар, жалақыны уақытылы төлеуге баса мән беру қажет», – деді аймақ басшысы.

Жиында облыстағы мекемелердің қызметкерлеріне жалақының дер кезінде берілуі, айлық мөлшерін арттыру және кәсіптік зейнетақы жарналарын аудару мәселелері талқыланды. Қызылорда облысының бақылау жөніндегі басқармасының басшысы Ғанижан Қалиев осы жылдың бірінші тоқсанында еңбек қатынастары бойынша 321 өтініш қаралып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданғанын баяндады. Осы орайда, 60 өтініш бойынша тексеру жүргізілген, 58 бұзушылық анықталып, 47 нұсқама берілген. Сондай-ақ, 11,4 млн.теңге көлемінде 137 айыппұл салынып, өткен жылмен салыстырғанда 8 есе артқан.

Мұнан бөлек, мәжілісте аймақ кәсіпорындарындағы еңбек жағдайы қаралып, тиісті тапсырмалар берілді. Алдағы уақытта кемшіліктердің алдын алу үшін облыстық бақылау жөніндегі басқармасы Қызылорда қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп, еңбек дауының туындау тәуекелдеріне тұрақты түрде мониторинг жүргізуі тиіс.

Жиын соңында аймақ басшысы жұмысшылардың еңбек жағдайының қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестігін қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<