Биыл кәсіподақтар бастамасымен еңбек заңнамасында еңбек дауларын шешу тәртіптері бойынша бірқатар өзгерістер орын алды. Оның ішінде инфляция деңгейінен кем емес мөлшерде жұмыскерлердің жалақысын төлеу жүйесін жетілдіру, күнкөріс деңгейінің шамасын және тұтыну себетінің құрылымын қайта қарау да бар. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қызылорда облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев айтты.
– Бұл өз кезегінде еңбек дауларының алдын алуға септігін тигізеді деп сенеміз. Өйткені кейінгі екі жылда өңірдегі мекемелер мен кәсіпорындарда 14 ұжымдық еңбек даулары орын алды. Көтерілген мәселелердің басым бөлігі – еңбекақы мөлшерін ұлғайту, еңбек заңнамаларының сақталуы, ұжымдық шарттың орындалуына қатысты. Әрине, оның бәрі өз шешімін тапты. Дегенмен, алда мәселе болмас үшін өзгерістер қажеттігі туындады. Жалпы, салада өзге де оң өзгерістер жетерлік. Қазір кәсіподақ ұйымдары еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік жағдайдың нығаюы бойынша қоғамдық ұйымдармен өзара жұмыс жүргізуде. Бұдан бөлек, былтыр аймақ басшысының қолдауымен облыстағы 52 ірі және орта кәсіпорынмен арнайы меморандум жасалды. Қазіргі таңда осы меморандум бойынша келісілген міндеттемелер мен жауапкершіліктер аясында еңбек ұжымдарында мониторинг жүргізілуде, – деді ол.
Айтпақшы, жаңадан қабылданған әлеуметтік кодекске байланысты еңбек заңнамасында толықтырулар да енгізілді. Бұл заң әлеуметтік және еңбек салаларындағы қатынастарды реттеуге бағытталып отыр.
– Негізгі өзгерістер мен толықтыруларға бірлесіп жұмысқа орналастыру ұғымын енгізу, жылжымалы жұмыс кестесі бойынша еңбек жағдайларын анықтау, төрт күндік жұмыс аптасын қолдану мүмкіндігін енгізу, Еңбек кодексінің өзінде еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша жәрдемақыларды тағайындау және төлеу мөлшері мен тәртібін бекіту шаралары жатады. Осы енгізілген жаңа құжат әрбір жұмыскердің еңбек құқығын қорғауына және жұмыс беруші арасындағы өзара келісімді нақтылауға ықпал етпек, – деді «Қызылорда облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің бас маманы Майра Боранбаева.
Жаңа өзгерістер мен толықтырулардың артықшылығы алдағы жылдары сарапталатын болады. Егер бұдан қандай да бір кемшін тұстар байқалса, қайта өзгеріс енгізілуі мүмкін.
Орайы келгенде айта кетейік, облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінде 12 салалық кәсіподақ қамтылып, онда 1020 ұйым мен 95 мыңнан астам мүше біріктірілген.
Ақтілек БІТІМБАЙ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<