Еңбекке құлшыныс еңсені тіктейді

682

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жалағаш және Сырдария аудандарында жұмыс сапарымен болды. Сапар барысында аудан халқымен жүздесіп, атқарылған жұмыстар барысы сараланды. Алдағы уақытта аймақта және аталған екі ауданда жүзеге асатын игі бастамалар, жаңашыл жобалар жөнінде ой қозғап, тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерді тыңдады.

Алдымен жалағаш кентіндегі Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінде халықпен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы міндеттер жөнінде кеңінен әңгімелеп берді.

– Биыл өңірге 350 млрд теңге инвестиция тарту көзделген. Индустрияландыру бағдарламасы аясында құны 9 млрд теңгені құрайтын 5 жоба ел игілігіне айналады. Сондай-ақ, «Шалқия» кен орнында тау-кен байыту комбинатын салу жоспарлануда.  Оның жалпы құны – 235 млрд теңге. Ауданда 2018 жылдан бері жұмысы жүрмей тұрған «Мия зауытын» қайта жөндеу маусым айында басталмақ. Қазір осы мақсатта шетелдік мамандармен тиісті іс-шаралар жүргізілуде, – деді облыс әкімі. 

Биыл облыста су тапшылығына қарамастан күріш көлемі 78 мың гектарды құрады. Үкімет тарапынан су тапшылығын жою үшін 3,6 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде аудандағы Шонық, Бозарық және Әйтек каналдарын механикалық тазарту жүргізілуде. Оған қоса 15 дана насос сатып алынбақ.

Бүгінде облыста азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында көкөніс-бақша өнімдерін егу үшін бос жатқан жерлерді игеруге ынталы азаматтар кірісіп кетті. Ол барлық ауданда жүргізілуде. Нәтижесінде жоспардан тыс Жалағаш ауданында 250 гектар жерге қосымша егін егілді. 

Биыл облыстық бюджет есебінен Жалағаш кентінің Қазыбек би көшесі, М.Шәменов ауылына кіреберіс жол жарықтандырылады. Республикалық бюджет қаражаты есебінен Жалағаш кентіндегі «Ақтерек» теліміне электр және сумен жабдықтау желілері толығымен тартылмақ. Оған қоса, осы телімге газ апару бойынша құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті.

– Жалағаш ауданының 55,2 шақырым жолын жөндеуге 2,1 млрд теңге қаралды. Биыл «Қызылорда-Жалағаш», «Қызылорда-Жалағаш-Самара-Шымкент-Бұхарбай батыр», Жалағаш кентіндегі Конституция, Н.Апрезов көшелері, Еңбек,  Мырзабай, Шәменов, Аққыр, Жаңадария ауылдарындағы бірқатар көшелер жөндеуден өтеді. «Самара-Шымкент-Еңбек-Есет батыр-Жаңадария» автомобиль жолы бойындағы көпір республикалық бюджет есебінен қайта жаңғыртылады. Сол арқылы аудандағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі 93%-ке  жетеді, – деді облыс әкімі.

Биыл Жалағаш кентіндегі «Ақмаржан», «Күншуақ» және №19 санаторлық типтегі балабақшалардың бу қазандығы газға ауыстырылады. Инклюзивті білім беруді қолдау аясында ауданда 3 мектепке инклюзивті кабинет, 3 логопункт ашылады. Облыстық бюджет есебінен Жалағаш кентіндегі №123 мектепке 200 орындық қосымша құрылыс салудың жобалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптама қарауында. Медицина саласы бойынша Таң елді мекеніндегі дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріледі. Облыстық бюджеттен Мырзабай және Аламесек ауылдарында дәрігерлік амбулатория құрылысының жобалық құжаттамасы әзірленді.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында М.Шәменов ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілмек. Аудан орталығындағы 200 орындық оқушылар үйі мен 50 балаға арналған өнер мектебі, дене шынықтыру кешені және стритбол алаңы пайдалануға беріледі.

Облыс әкімі мәдениет үйінің кіші залында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Мұнан кейін «Серпін» аграрлы-индустриалды аймағында «Өркен Әлем» ЖШС-ның арнайы киім тігу және әскери каска дайындау цехының жұмысымен танысты.

Облыс әкімі Таң ауылдық округінде абаттандыру жұмыстарына зер салды. Сондай-ақ, Мақпалкөл ауылдық округіндегі «Ер Әлі» шаруа қожалығының көкөніс өнімдері егілген егістік алқабымен танысып, «Құрманбай ата» шаруа қожалығының алма бағын көрді.

Түстен кейін сапар Сырдария ауданында жалғасты. Алдымен аудандық мәдениет үйінде жергілікті жұртшылықпен жүздесіп, алдағы мақсат-міндеттер туралы кеңінен баяндады.  

Биыл «Шаған» шаруа қожалығында күріш өңдеу цехы іске қосылмақ. Жоба құны – 150 млн теңге. Онда 25 адам еңбекпен қамтылып, жылына 600 тонна өнім өндірілмек. Қазір құрылыс жұмыстары толықтай аяқталды. Жақын күндері іске қосылады.

– Биыл аймақтағы су тапшылығын жою үшін Үкіметтен бөлінген қаржы есебінен Сырдария ауданына 6 дизельді насос алынды.  Одан бөлек, облыстық бюджет есебінен Н.Ілиясов, Айдарлы ауылдық округтеріне 3 насос қондырғысы сатып алынды. Сондай-ақ, Жетікөл ауылдық округіндегі «Хозцентр», «Жыңғылдыкөл» каналдарына тазалау жүргізілуде. Азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін Сырдария ауданында 150 гектарға қосымша егін егілді, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, облыстық бюджет есебінен аудан орталығы – Тереңөзек кентіндегі тұрғын үйлер аулаларын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Оның аясында балалардың ойын, спорт алаңдары, көгалдандыру жұмыстары жөнге келмек.

Биыл Тереңөзек кенті толығымен газбен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде ауданды табиғи газбен қамту үлесі 20%-ке жетті. Аудан әкімдігі тарапынан Қалжан ахун ауылын газдандыру жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Бұл бойынша келесі жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында газ кіргізу жұмыстары басталады.

Биыл республикалық және облыстық бюджеттер есебінен Сырдария ауданындағы 55 шақырым жол жөндеуге 2,3 млрд теңге қаралған. Бұған «Қызылорда-Жалағаш», «Айдарлы-Тартоғай», «Жалағаш-Тереңөзек» және Бесарық, Ақжарма ауылдарында бірқатар көшелер орташа жөндеуден өткізілсе, «Қоғалы-Шіркейлі» автожолын, Н.Ілиясов ауылындағы көшелерді жөндеу жалғасуда. Осы жұмыстарды аяқтау арқылы Сырдария ауданында жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі 100%-ке жеткізілмек.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен халықтың табысын арттыруда нақты іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Өңірде 30 мыңнан астам, оның ішінде Сырдария ауданында 2156 жұмыс орнын ашу жоспарда тұр. Биыл 5 айда ауданда 1052 жаңа жұмыс орны құрылса, оның 448-і тұрақты. Білім саласы бойынша Сырдария ауданына қарасты Амангелді елді мекеніндегі №42 мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ аудан орталығы – Тереңөзек кентіндегі 2 балабақша және 1 мектептің жылу қазандығы газға ауыстырылады. Инклюзивті білім беруді қолдау аясында ауданда 3 мектепке инклюзивті кабинет, 7 логопункт ашылады. Н.Ілиясов ауылында дәрігерлік амбулатория құрылысының жобалық құжаттамасы әзірленген. Биыл Бесарық елді мекеніндегі спорт кешенінің құрылысы жалғасады.

– Алдағы міндетіміз – экономика салаларына  инвестиция тарту, салық базасын ұлғайту, саяси тұрақтылықты сақтау, жаңа жұмыс орындарын құру және кәсіпкерлік саласын дамыту. Осы мақсатта арнайы іс-қимыл жоспары бекітілді. Өңірде жүзеге асатын әрбір жобаның құрылысы облыстық мәслихаттың шешімімен бекітілетін кезектілік тізімі негізінде ғана орындалуы тиіс, – деді облыс әкімі.

Мұнан кейін облыс басшысы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Шіркейлі ауылындағы «Мәді Қажы» ЖШС-ның картоп, көкөніс, бақша дақылдары егістігін көріп, ауыл тұрғындарымен жүздесті. Серіктестікке қарасты алқапта жаздық бидайға орақ түсіп,  диқан қауымының еңбегіне тілектестік білдірді.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<