Еңбекпен есейген азамат

83

0

Таң шапағы арайлы тау тасасынан бойлай көтерілген күн нұрына тәтті бір сезіммен құмарта қараған Әлібек, автокөлігіне отырып ауыл шетіндегі төрт түлік мал жайғасқан үлкен базға қарай бет түзеді. Күнделікті дағдысы осы. Жастайынан еңбекпен буыны қатқан ол ерте тұруды бала жастан әдет етті. Тек ауылының ғана емес аудан көлемінде сөзінің уәлілігімен, аузы дуалы қария атанған әкесі Машбек ақсақал үнемі балаларына «Ерте тұрған еркектің ырысы артық», «Адамды адам еткен – еңбек» деген халық даналығын айтудан шаршамайтын. Жастау кезінде осы сөзді әкем неге қайталай береді дейтін. Өзі де есейе келе әке сөзінің мәнісін түсініп бағамдады. Осы күні әке сөзін өз балаларына айтып келеді. Сірә дана халқымыздың «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», «Еңбек – ер атандырады» деген уәлі сөзінің сыры осында жатса керек.

Атшаптырым ауқымды жерді алып жатқан қораға көлік тұмсығын тірегенде ішінде қарбалас тіршілік басталып кеткен екен. Бұл – кезінде өзі құрған «Игілік» шаруа қожалығы. Күнделікті таңертең және кешқұрым мұнда соғып кету оның дағдылы шаруасы. Қорада бордақылауға және өрістен ауырған немесе қоңы қайтқан жылқы, ірі қара мен уақ малдар бар. Солардың бабын жасап жүрген шаруалардың жұмысын бақылайды.

Әлібек еңбекке ерте араласты. Алдындағы ағасы Бердібек пен әпкесі Айсара жоғары оқу орындарына түсіп кетті де, үйдің үлкені болып қалды.

Әке-шешесі сонау үркіншілік кезінде 1928 жылдың сарша тамызында әкесі Сапарбайға ілесіп шекара асып Өзбекстанға, онан әрі Тәжікстанға барып бой тасалапты. Сол жақта соғыс аяқталғанша мекендеген олар кейін Қазақстанға қарай жақындаса да бірден көшіп келуге батпай Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданына қарасты Алғабас деген жерге келіп ат басын тірейді. Мұндағы халықтың негізгі кәсібі – мақта шаруашылығы. Көшіп келген жерлерінде Тәжікстандағыдай көп мал асырауға жағдай жоқ. Әр шаршы метр есепте. Бірлі-жарым малды тек қолда ұстап арқандап бағасың. Амал жоқ қолдарындағы малдарының сатылғанын сатып, сауынға деп бір-екі бас ірі қараны ғана алып қалады. Әлібек осы арада 1961 жылдың 1 қаңтарында дүниеге келді. 5 жасынан әкесі Машбек пен анасы Бибішке еріп мақтаның отағына барып, оны жинауға көмектесті. 1967 жылдың күзінде «Ақжол» ауылына көшіп келді. Осында жүріп алғаш мектеп табалдырығын аттады. 1976 жылы сегіз жылдық мектепті бітіріп өзінің бала кезден техникаға құмарлығымен құжаттарын №187 кәсіптік-техникалық училищеге тапсырды. Апта сайын ауылға келгенде бөлімшедегі механизатор Мырзахан, Әлмахан, Төрехан секілді ағалардың қасына еріп жүрді. Олардың бір пәс демалысын пайдаланатын, солардың көлігімен мал азығын қораларға тасыса, кейде күріш салысын артып алып қырманға қатынады. Механизатор ағалары техникалық жөндеу жұмыстарын жүргізгенде бұл да қарап қалмай көмектесті. Осылайша оқуын бітіргенше-ақ ол техника құлағында ойнайтын дәрежеге жетті. 1979 жылы шофер-механизатор мамандығы бойынша бітірді де, 1981 жылға дейін «Өзгент» кеңшарында механизатор болып еңбек етті. Сол жылы Отан алдындағы борышын өтеуге аттанып, 1983 жылы ауылға оралды.

Қайтадан бұрынғы механизаторлық қызметіне кірісті. Үйленді, бала-шағалы болды. Еңбекқор жігіттің талпынысы басшылық назарынан тыс қалмады. Әуелі механик, кейін гараж меңгерушісі, онан кейін жабдықтаушы қызметтеріне жоғарылатылды. Таңның атысы, күннің батысы жұмыста. Әйтсе де, жоғары білім алуы керек. Сонан Қызылордадағы Қорқыт ата университетіне құжат тапсырып өндірістен қол үзбей жүріп оқып, 1995 жылы инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп шықты. Сол жылы «Өзгент» өндірістік кооперативінің директорлығына тағайындалды. 1997 жылы шаруашылық тарағанша еңбек етті. Мұнан кейін облыстық көлік бақылау комитетінің бас маманы, Жаңақорған аудандық филиалының басшысы болып 2014 жылға дейін еңбек етті. Сол жылдан 2022 жылға дейін «Қазавтожол» Қызылорда облыстық филиалында аға шебер болып жұмысын жалғастырды. Қазір бір жағы сол баяғы өзі құрған «Игілік» шаруа қожалығының басшысы болса, екінші жағынан «Жаңақорған – Өрлеу 1» су пайдаланушылар кооперативінің басшысы болып еңбек етіп келеді.

Бірде әкесі Машбек қария ұл-қыздарына: «Қарақтарым, Құдайға шүкір сендердің балалық шақтарың бақытты өтті деуге болар, мен секілді тұрмыс тауқыметін көрген жоқсыңдар. Жастық шағым Кеңес өкіметінің аумағында демесең өзге республикаларда өтті. Әсіресе кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде мектеп көрмей сонау Памирден Самарқанға түйемен сексеуіл тасыдық. Ол кездері біз секілді 12-13 жастағы балаларға сен жас екенсің деп маңдайымыздан сипаған ешкім жоқ, сол сексеуіл таситын кірешілерге қосты. Сексеуілді бұтап-жинап түйеге артып Самарқанға қатынаймыз. Үйге 2-3 күн дегенде әзер ораламыз. Осындай сапарлардың бірінде майып болып екі аяқтан мүгедек болдым. Самарқанның ауруханасынан шыққаннан кейін де мені «сен мүгедек екенсің, жұмысты қоя ғой» деген адам болған жоқ. Қайтадан бұрынғы кәсібіме кірістім. Соғыстан кейін Қазақстанның шекарасына жақын көшіп келдік, мақта ектік. Алпысыншы жылдардың екінші жартысында туған жерде «Түгіскен» массивінің ашылуына орай елден Әбдіғаппар, Ақылбек, Бекмахан, Шерубай, Әламан, Құдабай секілді ел ағалары келіп, қуғын-сүргіннің тоқтағанын, елге жаңадан ашылып жатқан кеңшарларға жұмыс қолының жетіспей жатқандығын айтып, елге көшуге шақырды. Біз осылайша елге оралдық. Міне содан бері ширек ғасыр болды, біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүрудеміз. Азды-көпті еңбегім еленбей қалған жоқ, қолдан келер біраз жұмыс атқардым, звеновод болып күріш ектім, бригада басқардым.

Ендігі кезек мына сендердікі. Еліміз егемендік алды. Жұмыс істеймін, отбасымның жағдайын жақсартамын дейтін азаматтарға бар мүмкіндік жасалуда. Сендер де «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарсаңдар» алынбайтын асу жоқ. Мына ағаларың Әлібекті бас етіп, істі қолға алсаңдар Алла сәтін салар», – дегені бар. Машбек қария қателеспепті, Әлібек осыған дейін жинақтаған тәжірибелерінің арқасында шаруашылықты дұрыс басқарып келеді.

Әлібек алдымен кооператив ашып, несие рәсімдеді, сол қаржыға мал мен техника алды. Кеңшардан алған жерге күріш, бидай, жоңышқа екті. «Еңбек етсең ерінбей – тояды қарның тіленбей» демекші, еткен еңбектің де қайтарымы мол болды. Малдан да табыс молайып төрт түлік санын арттырып, бірнеше жылда аудан көлеміндегі көшбасшылардың қатарына енді.

Алғашқыда қарапайым уақ малдың басын көбейтуді ойлаған шаруақор азамат жылдар өте мал тұқымын асылдандыруды іске асырды. Мемлекет тарапынан сатылатын асылтұқымды қаракөл қой тұқымының қошқарларын әкелді. Еңбегі еш кеткен жоқ. Селлекциялық жұмыс санаулы жылда нәтиже беріп, асылтұқымды қой тұқымы қалыптасты. Бұл әрине қарапайым қойларға қарағанда мол өнімді әрі бағалы. Қазіргі таңда уақ мал басы бірнеше мыңға жетті. Сондай-ақ жылқы мен сиыр, түйе түліктерін де асылдандыруды қолға алды. Осыншама жұмыс оңайлықпен атқарылмағандығы көзіқарақты жанға белгілі болса керек. Әлібектің сан салалы жұмыстарында бұл күні жүзден астам адам жұмыспен қамтылып отыр.

Мемлекеттен несие алды. Жұмысы тоқтап дағдарысқа ұшыраған жанармай құю бекеттерін сатып алды, халық сұранысына орай 3-4 жерден жанармай құю бекеттерін ашты. Мемлекет тарапынан шаруалардың көктемгі дала жұмыстарына және күзгі егін жинау науқанына жеңілдетілген бағада берілетін жанар-жағармайды жеткізуші оператор ретінде жұмыс жасауда. Бұл да оңай шаруа емес.

Әлекең 2007 жылдан бері, яғни бес шақырылым бойы аудандық мәслихат депутаты. Халық сенімін әркез жоғары қою оның үлкен мақсат-мұраты.

– Ереке, әкем марқұм, «Тамшыдай өтірік, теңіздей сенімді бұзады», деп отырушы еді. Депутат – билік пен халық арасындағы алтын көпір. Халық өздерінің билікке жеткізе алмаған өтініш-тілектерін бізге айтады. Әрине, мен, сайлаушылар аманаттарын 100 пайыз орындадым десем, шындықтан алыс кеткенім. Кейбір мәселелер шешімін таппай қалатын кездер болды. Дегенмен сол аманаттарды келесі шақырылымда орындадым. Менің ел сенім артқан әріптестерім де солай.

Өзім депутат болған 17 жылдың ішіндегі «Ақжол» ауылындағы толық инженерлік жүйеге өтпеген егістік жерге су жеткізетін каналдарға тиісті орындарға шығып жүріп жеті млн теңгеге тазалау жұмыстары жүргізілді. Осы ауылға жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалануына деп спорт алаңын салдыруға қаражат бөлгіздім.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолынан «Аққұм» бекетіне 12 шақырым асфальт жол салдыруға атсалыстым. Орайы келгенде айта кетейін, Сол ауылдағы Тілеухан Мүсілімов есімді қария осы жол құрылысы аяқталғанша басы-қасында тұрды. Сондықтан Тілеухан қарияға ерекше ризашылығымды білдіргім келеді. Алтынсарин мөлтек ауданындағы тұрғын үйлер соңғы жиырма жылдың ішінде жөндеу көрмеген. Оны жөндеуге жергілікті бюджеттен қаржы аудартуға қол жеткіздім және биыл теміржол өткелінен Сырдария өзеніне дейінгі жолға орташа жөндеу жұмыстарына қаржы бөлініп, жол асфальтталды. Алтынсарин мөлтек ауданында 100 пәтер салынуда. Міне, осындай жұмыстардың жүзеге асуына депутат ретінде дәнекерлік танытып келеміз, – дейді Әлібек Машбекұлы.

Ол депутат ретінде тұрғындардың да мұң-мұқтажына сергек қарауда. Спортшыларға, өнерпаздарға демеушілік көрсетеді. Ал жем-шөп, жанар-жағармайдан көмек сұраушыларға жасалған қолдауы өз алдына бір төбе. Ауылдастарының өтінішімен ауылға мешіт, монша салып берді, депутат ретінде ауылдық клуб үйін күрделі жөндеуден өткізу, жаңадан мектеп салу, канал үстінен көпір салу, ауылішілік жолдарға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге тікелей ықпал етті.

Оның осындай еңбегі еленбей қалмады. Ел Президентінің, облыс, аудан әкімдерінің Алғыс хаттарымен, Құрмет грамоталарымен марапатталды. «Ерен еңбегі үшін» медалін, «Құрмет» орденін иеленді.

Әлібек Машбекұлы еңбекпен есейген азамат. Мен мұнша тірлік атқардым деп, ешкімге міндет артпайды. Міне түс қайта көлігіне мінген ол тағы да жолға шықты. Бағыты малшы ауыл, әрі қарай механизаторларға барып қайтпақшы. Еңбек адамында тыным жоқ…

 Ерубай ҚАЛДЫБЕК,

Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 Жаңақорған ауданының құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<