Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовті қабылдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады. Тимур Сүлейменов Ұлттық банктің былтыр және биылғы қаңтар-ақпан айларында жүргізген ақша-кредит саясатының қорытындысы туралы есеп беріп, алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспарын таныстырды. Қазақстандағы және әлемдегі экономикалық жағдайдың даму барысы, инфляцияның қарқыны мен оны тұрақтандыру шаралары жөнінде мәлімет берді: жылдық инфляцияның бәсеңдегенін және ішкі экономикада проинфляциялық факторлар сақталып отырғанын жеткізді; БЖЗҚ активтері мен алтын-валюта резервтерінің жай-күйі, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы жайында баяндады; Мемлекет басшысының бұған дейін экономиканың нақты секторын қаржыландыру ісін кеңейту жөнінде берген тапсырмасының орындалу барысы, сондай-ақ Ұлттық төлем жүйесін дамытуға, ашық банкинг қағидаттарын енгізуге бағытталған жобалардың іске асырылуы туралы айтты; клиенттердің қаражатын алаяқтардан қорғау мақсатында антифрод-орталық құру, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу және бюджет шығыстарының ашықтығы мен тиімділігін арттыру үшін цифрлық теңгенің әлеуетін пайдалану жайында мәлімет берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк қызметінің негізгі бағыттарына қатысты бірқатар міндет жүктеді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<