Еңбекті ел бірлігі ширатады

676

0

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Қазалы, Қармақшы аудандарында болды

Аралдан соң облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың жұмыс сапары Қазалы және Қармақшы ауданында жалғасты. Облыс басшысы қос ауданның халқымен жүздесіп, өңірлер үшін аса өзекті мәселелерге тоқталды. Сондай-ақ екі өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстарды көріп, бірқатар әлеуметтік нысандардың ашылуына да қатысты.

Алдымен аймақ басшысы аудан орталығы – Әйтеке би кентінде жаңадан салынған емхананың ашылу салтанатында болды. 250 келушіге арналған медициналық ғимараттың құрылысын жүргізген «SCS Инжиниринг» ЖШС. Жобаның құны 2 млрд 700 млн теңгеден асады. Үш қабатты ғимаратпен қоса жылу қазандығы, демалыс алаңы, қоқыс төгетін орын, келушілерге арналған алаң қарастырылған. Емхана ішінде қабылдау, педиатрия, жұқпалы аурулар, рентгендік-диагностикалық, ортопедиялық-бронхоспкопиялық бөлімі, УЗИ кабинеті, зертхана, стоматология және хирургия бөлімі, 20 төсектік күндізгі стационар, кіші операциялық зал бар. Гинекологиялық пен процедуралық бөлім, әкімшілік, конференц-зал және дәріхана жұмыс істейді. Мұнда білікті дәрігерлер мен тәжірибелі мейірбикелер қызмет көрсететін болады. Облыс басшысы жаңа емхананың ашылуына орай сөз сөйлеп, барша қазалылықтарды құттықтады.

– Бүгін сіздермен көптен күткен аудандық емхананың ашылу салтанатында жүздесіп отырмыз. Бұл – қазалылықтар үшін ғана емес, барша облыс халқы үшін аса маңызды жаңалық. Дана халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп, оған аса зор мән берген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жыл сайын Жолдауында ұлт денсаулығына жіті мән беріп, халықтың денсаулығын жақсарту жайын ұдайы айтып келеді. Өйткені, кез келген мемлекеттің болашағы – оның халқының денсаулығына байланысты екендігі дәлелдеуді қажет етпейтін шындық.

Қазалы ауданында да денсаулық сақтау жүйесі жылдан-жылға өркендеп келеді. Бұған дейін жаңа заман талабына сай 150 орындық аурухана ашылды. Жаңа аурухана науқастарға сапалы медициналық көмек көрсету үшін заманауи медициналық техникамен, құралдармен жабдықталған. Ресейден «Ангиограф» медициналық аппараты алынып, орнатылды. Бұл коронарография жасайтын аппарат аудандар ішінде тек Қазалыда ғана бар. Жақында Қазалы теміржол ауруханасынан МРТ орталығы ашылды. Енді сіздер Нұр-Сұлтан, Алматы секілді ірі қалаларға бармай-ақ, осы жерде медициналық қызметтер ала аласыздар. Бұның барлығы – сіздердің сапалы дәрігерлік көмек алуларыңыз үшін жасалып жатқан игі істер. Жаңа заманауи емхана халық игілігіне қызмет етіп, денсаулықтарыңыз зор болсын деп тілеймін, – деді облыс әкімі.

Мұнан кейін «РЗА» акционерлік қоғамының президенті, облыстың құрметті азаматы Самұрат Имандосов барша жерлестерін құттықтап, өз лебізін білдірді. Жаңа нысанның лентасын қию рәсімінен соң облыс әкімі емханадағы медициналық кабинеттердің жұмысымен танысты.

Облыс әкімі Қ.Пірімов атындағы ауылға барды. Мұнда құны 350 млн теңгеге жуықтайтын жаңа спорт кешені тұрғызылған. Былтыр басталған құрылыс дер кезінде аяқталып, пайдалануға беріліп отыр. Енді кешенде футбол, баскетбол, волейбол сынды спорт түрлерінен бөлек, балалар шығыс жекпе-жегі бойынша үйірмелерге қатысып, бокс және күреспен шұғылданатын болады.

– Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Тәуелсіздік жылдары Сыр спортшылары халықаралық ірі жарыстарда топ жарып, көк байрағымызды асқақтатып келеді.

Біздің жерлестеріміздің арасында өз Отанын әлемге танытып жүрген көптеген кәсіпқой спортшылар бар. Біз олимпиада жүлдегерлері және әлем  чемпиондарымен мақтанамыз, олардың бірінші болуға ұмтылуы жас ұрпаққа үлгі. Сол спортшылардың қатарында қазалылық Марина Вольнова да бар. Қазалының қайсар қызы 2012 жылы Ұлыбританияда өткен Олимпиада ойындарында бокстан қола медальді жеңіп алып, үздік нәтиже көрсетті.

Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту, қазақстандықтарды көптеп тарту жөніндегі тапсырмасы нақты орындалуда. Жыл сайын дене шынықтыру және спорт саласының материалдық-техникалық базасы нығайтылып келеді. Аймақта биыл 7 спорт кешенін беру жоспарланса, оның бірі осы  ауылдағы спорт кешені. Бүгін есігін ашқан кешен ауыл тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға үндейтін, жастарды бұқаралық спортқа тартатын тәрбие ошағы болатынына сенімдімін. Қашақбай Пірімов ауылы мен көршілес орналасқан Жалаңтөс батыр және Басықара елді мекендерінің жас жеткіншектері осында жаттығып, ел абыройын асқақтады деген ойдамын, – деді өз сөзінде аймақ басшысы.

Айта кетейік, облыста спортпен тұрақты шұғылданушылар саны 280 адамнан асады. Ал Қазалыда бұл көрсеткіш 27 мың адамға жуық.

Облыс басшысының сапары Ә.Тыныбаев атындағы «Басықара» су торабында жалғасты. 1970 жылы салынған плотинаның негізгі міндеті – Арал және Қазалы ауданын аяқсумен қамтып, көлдер жүйесіндегі балық шаруашылығын дамытуда қамтамасыз ету. Аталған нысанда 22 жұмысшы-инженер жұмыс істейді. Нысан басында ауыл ақсақалдарымен кездескен аймақ басшысы ел ішіндегі кейбір мәселелерге құлақ түрді. Басықаралықтар ауыл ішіндегі жөндеуді қажет ететін көшелердің жайы мен егінге қатысты су тапшылығына байланысты сөз қозғады.

Облыс әкімі Роза Бағланова атындағы мәдениет үйінде аудан халқымен кездесті. Жиын барысында алдымен өңірде атқарылған негізгі жұмыстар айтылып, Қазалы ауданы үшін өзекті мәселелерге тоқталды. Оның ішінде өнім өндіруге бағытталған жобалар да тарқатылды.

– Биыл ауданда «1200 басқа арналған ірі қара мал өсіру кешенінің және сүт өңдеу зауытының ІІ кезеңі және «Балық қалдықтарынан жасалған балық ұнын өндіру кешені» жобаларын жалғастырамыз. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында мал басы санында өсім бар. Мәселен, Қазалы ауданында ет 101,3%, сүт 105%, мал басы 115% өсті. Ендігі кезекте мал шаруашылығы өнімдерін өндірумен бірге оны терең өңдеуге мән береміз, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Облыс әкімі халыққа аса қажет ететін жолдарды жөндеу, газ тарту мәселелерін де шет қалдырмады. Айта кетейік, биыл Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы аралығындағы автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталады. Сондай-ақ Қазалыдан Аралға қарасты Жаңақұрылыс ауылына, Бекарыстан би ауылынан Майдакөл елді мекені бағытына қарай жолға  орташа жөндеу жұмыстары жүруде. Бұған қосымша Қазалы қаласынан Кәукей, Қожабақыдан Бекарыстан би және Абай ауылынан Басықара елді мекені бағытындағы автомобиль жолдарын орташа жөндеу биыл толық аяқталады.

Мұнан бөлек «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында биыл Қазалы қаласының 10 көшесі жарықтандырылып, 16 шақырым электр желісі жаңғыртылады. Ал бұған дейін Әйтеке би кенті мен Ғ.Мұратбаев ауылы тұрғындары «көгілдір отынға» қол жеткізсе, сәуір айында облыс әкімі ауданға жасаған жұмыс сапары барысында Қазалы қаласын газға қосу рәсіміне қатысқан болатын. Енді биылғы ерекше жаңалық, Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов, Басықара ауылдарына газ кіреді.

Аймақ басшысы Қазалы ауданында кәсіпкерлік, өндіріс, ауыл шаруашылығы, білім мен денсаулық салаларында атқарылған жұмыстарды баяндап, биыл қолға алынған жобаларды да тізбеледі. Мәселен, азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында жоспардан бөлек, ауданда 114 гектар жерге қосымша егін егілген.  Мұнымен қоса «Қарлаң» көпірінің мәселесіне арнайы тоқталды.

– Аудан  жұрты үшін ғана емес, аймақ үшін Қарлаң көпірінің маңызы зор. Әсіресе, көктем мен күзгі сең жүрген уақытта екі ортадағы жол қатынасында қиындық туындайтынын білеміз. 10 елді мекенді аудан орталығымен байланыстыратын көпір мәселесін арнайы барған уақытта мердігермен ақылдасып, негізгі жұмыстарды бағдарлаған едік. Биыл басталған көпір құрылысының қазір 20 проценті орындалды. Көпірді 2024 жылы аяқтаймыз, – деді облыс әкімі.

жиын соңында Нұрлыбек Нәлібаев тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Мұнан соң кезектілік тәртібімен азаматтардың жеке мәселелері бойынша қабылдап, аудан әкімі мен жауапты сала басшыларына нақты тапсырма берді.

Облыс әкімі Әйтеке би кентінде салынып жатқан 250 орындық мектептің құрылысын да көрді. «SCS Инжиниринг» ЖШС  салып жатқан ғимарат қыркүйек айында бітпек. Құны 847 млн теңгеден асатын білім ошағының бүгінде қабырғысы толық қаланып, төбесін шатырлау жұмыстары жүруде.

Мұнан соң Қазалы қаласында салынып жатқан «Өрімтал» балабақшасының құрылысы назарға ұсынылды. Жобаның құны 680 млн теңгеге жуықтайды. Мектепке дейінгі білім беретін мекеме 140 орынға арналған. Оның ішінде 2 жастан 7 жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеуге 8 топ жасақталатын болады. Балабақша пайдалануға берілген соң 38 тұрғынды жұмыспен қамту жоспарланған.

Аймақ басшысы Өркендеу, Ғани Мұратбаев ауылында болып, тұрғындармен кездесті. Сондай-ақ Ақжона ауылдық округіне де аялдап, Майдакөл ауылы тұрғындарының бақша егу жұмыстарын көрді. Елді мекенге жақын орналасқан «Құлпыбай» учаскесінен 30 және «Қурайлы» мен «Бозарық» каналы бойынан 20 және «Жаңаталап» учаскесінен 20 гектар жер дайындалып, түрлі дақыл егіліпті. Әсіресе, жергілікті халық қауын, қарбыз, картоп дақылының тұқымын молынан еккен. Әзірге шығымы жақсы бақша өнімдерін диқандар күз айында аудан орталығынан бөлек, Арал, Байқоңыр және Ақтөбе қаласына сатуды жоспарлап отыр.

Облыс әкімі қазіргі кезде егісті әртараптандырудың маңызды екенін және әр ауылдың өзіндік ерекшелігін ескере келе, өнімділікті көбейту қажеттігін баса айтты. Сондай-ақ, арналарға су жеткізу, насос қондырғыларын уақытылы алу мәселесін жеделдетуді тапсырды.

Қазалыдан кейін Қармақшы ауданында жұмыс сапарын жалғастырған облыс әкімі Жаңажол ауылдық округіне қарасты Дүр Оңғар ауылына аялдап, мұнда да бірінші кезекте жергілікті жұрттың бақша егу жұмыстарын көріп, диқан қауымға сәттілік тіледі.

Айта кетейік, ауылдық округтегі 123 отбасы 25 гектар жерге түрлі дақыл еккен. Бұған елдегі «Жаңажол» ЖШС техникамен жәрдемдесіп, су келер каналдар мен қарықтарды қазуға көмектескен.

– Биыл аудан бойынша барлық егіс көлемі 24336 гектар болса, оның ішінде негізгі дақыл – күріштің көлемі 12773 гектар болып отыр. Әртараптандыру бойынша мақсары, бидай, арпа, жүгері, күнбағыс, жоңышқа және биыл қант құмайы сияқты жаңа дақыл түрін енгіздік. Облыс басшысының тапсырмасымен азық-түлік қорын өзімізде қамту үшін жеке тұрғындарға бақша егу мәселесі бойынша жұмыстар жүргіздік. Әр ауыл маңынан барлығы 316 гектарды құрайтын агроаймақ құрылып, кейбір ірі шаруашылықтардың көмегімен жер дайындалып берілген еді. Енді аудан бойынша 837 отбасы бақша дақылдарын, картоп, көкөніс түрлерін егіп, күтіп-баптауда. Бұл жұмыстардың барлығы халық жағдайының әлеуметтік тұрғыдан жақсаруына үлкен көмек екені даусыз, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әсет Омаров.

Облыс басшысы ауыл орталығына салынған «Жаңажол» саябағымен танысты. Ел ішіне көрік берген нысанды салуға шаруашылық 250 млн теңге жұмсаған. Саябақ ішінде арка, стелла, субұрқақ, сауда үйі және балаларға арналған спорттық ойын алаңы бар. Мұнда Нұрлыбек Машбекұлы аудандағы егін шаруашылығы бойынша аудан әкімінің қысқаша баяндамасын тыңдап, қосымша аудандағы күріш егетін ірі шаруашылық төрағаларымен де пікірлесті.

Ал мұнан соң Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен халықпен кездесуде облыс әкімі өңірдегі атқарылған бірқатар жұмыстар мен алдағы іске асатын жобалар жайында айтып өтті. Мемлекет басшысының Жарлығы аясында аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын баяндап, аудан тұрғындарымен ашық диалог орнатты. Жергілікті жұртты толғандырған мәселелерге баса назар аударып, көпшілікпен бірге талқылауға қатысты.

– Аймақ халқының тұрмыс сапасын арттыру үшін бізге экономикалық өсім мен тұрақтылық керек.  Биыл өңірге 350 млрд теңге инвестиция тарту көзделген. Индустрияландыру бағдарламасы аясында биыл құны 2,2 млрд теңгені құрайтын 3 жобаны іске қосамыз. Соның ішінде Қармақшы ауданындағы жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасы да бар. Сондай-ақ былтыр құрылысы басталған «Балық өңдеу цехын ашу» жобасын жыл аяғына дейін пайдалануға береміз.

Су тапшылығын жою үшін Үкіметтен 3,6 млрд теңге қаржы бөлінді. Ал ауданға 7 насос қондырғысы алынып, 3 канал тазартылды. Облыстық бюджеттен 2 елді мекенге 3 насос қондырғысы алынып, 2 каналды тазарту жұмыстары басталып, оның біреуі аяқталды. Біз қазір азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін әр ауылдың мүмкіндігіне қарай көкөніс және бақша өнімдерін өзімізде өндіру үшін бос жатқан жерлерді икемдеп, егін егуге ынталы азаматтарға бөліп беруіміз қажет. Менің тапсырмаммен бұл жұмыстар барлық ауданда жүріп жатыр. Қазір жоспарлы егістен бөлек, Қармақшы ауданында 316 гектар жерге қосымша егін егілді, – деді жиында облыс әкімі.

Сондай-ақ тұрғындар тарапынан инфрақұрылым тарту мәселесінде сұрақтар жиі түсетінін айтты. Мұндай өзекті мәселе бойынша алда атқарылар жұмыс аз емес. Биыл Қармақшы, Т.Көмекбаев және Алдашбай ахун елді мекендерінің ауызсу жүйелері қайта жаңғыртылмақ. Тағы бір мәселе – «көгілдір отынмен» қамту. Жақында ғана Төретам мен Ақай елді мекендерінің тұрғындарымен кездескен Нұрлыбек Машбекұлы аталған елді мекендердегі ең өзекті мәселелердің бірі болған табиғи газға қосылатынын айтқан еді. Биыл екі ауылға да газ тарту жұмыстары басталып, таяу арада «көгілдір отын» игілігін көретін болады.

– Инфрақұрылым жұмыстары бойынша тағы айтар болсақ, Ақжар мен Т.Көмекбаев елді мекендері арасындағы автомобиль жолын күрделі жөндеу және Жосалы кентінің 12 көшесін орташа жөндеуді биыл аяқтаймыз. Осы жұмыстарды аяқтау арқылы Қармақшы ауданындағы жақсы, қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесін 80 процентке жеткіземіз, – деді облыс басшысы.

Әлеуметтік нысандардың құрылысы да тоқтамайды. Облыс әкімінің баяндамасында айтылғандай, биыл аймақта 6 мәдени нысан ел игілігіне табысталмақ. Оның ішінде құрылысы былтыр басталған Қуаңдария елді мекеніндегі ауылдық клубы да бар. Ал келер жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасымен ауруханаға күрделі жөндеу жүргізілсе, Ақжар және Дүр Оңғар ауылдарында дәрігерлік амбулатория салынады. Спорт саласында тұрғындардың спорт нысандарына қолжетімділігін арттыру мақсатында биыл 7 дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға беріледі. Оның ішінде Жосалы кенті және Ақай ауылдық округіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені барын айтуымыз керек. Сондай-ақ биыл аудан орталығындағы «Тәуелсіздік» ықшам ауданында балалар ойын алаңы пайдалануға беріледі.

Халықпен кездесу соңында тұрғындар тарапынан бірнеше сұрақтар қойылып, облыс басшысы жауап берді. Жиында көтерілген газдандыру, жол, көпір, құрылыс және әлеуметтік салалар бойынша аудан басшысы Әділбек Ерсұлтановқа және тиісті салалық басқарма басшыларына тапсырмалар жүктеді. Мұнан соң жеке қабылдау өткізіп, өз өтінішімен келген тұрғындардың талап-тілегіне де назар аударды.

Сонымен, облыс басшысы үш ауданның негізгі мәселелерін тыңдап, алдағы іске асатын маңызды жұмыстарды тағы бір пысықтады. Ауыл ақсақалдарымен пікірлесіп, жұрт ішіндегі маңызды мәселені електен өткізді. Халық айтқан өтініш-тілектің барлығы тиісті мамандар арқылы қағазға хатталып, алда қаралатынын айтқан өңір басшысы ең алдымен, шалғай ауылдағы мәселелердің шешімі шет қалмайтынын жеткізді.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<