Еншімізде  екі медаль

655

0

Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында дзюдодан Әлем чемпионаты өтуде. Онда еліміздің атынан барлығы 17 балуан сынға түсуде.

Дүбірлі додада ерлер арасында құрамаға Елдос Сметов пен Мағжан Шамшадин  (60 келі), Ғұсман Қырғызбаев (66 келі), Данияр Шамшаев (73 келі), Абылайхан Жұбаназар (81 келі), Дидар Хамза (90 келі), Ислам Бозбаев пен Шархан Нұрлыхан (100 келі), Ерасыл Қажыбаев (100 келіден жоғары) енгізілген еді.

Әйелдер құрамасында айтулы аламанға Әбиба Абужақынова (48 келі), Гауһар Ирмағамбетова (52 келі), Севара Нышанбаева (57 келі), Мөлдір Нарынова мен Есмигүл Куюлова (63 келі), Анастасия Маякова (70 келі), Аруна Жангелдина (78 келі) және Кәмила Берліқаш (78 келі) шақырту алған болатын.

Жарыстың алғашқы күнінде ел құрамасынан Елдос Сметов, Әбиба Абужақынова татами төріндегі тайталасқа шықты. Бұған дейін көптеген жарыстарда жүлде алған тәжірибелі балуан Елдос бұл жолы да бәсекеден құралақан қайтқан жоқ. Өз салмағында қола жүлдеге ие болды. Ол қазірге дейін екі мәрте Олимпиада жүлдесіне қол жеткізсе, Әлем чемпионатында бір мәрте алтын алса, бір мәрте үздік үштіктен көрінді. Ал 25 жастағы Әбиба Абужақынова мұндай жоғары жетістікті алғаш рет бағындырып отыр. 

Дүбірлі додада ел құрамасы сапында қызылордалық Мағжан Шәмшадин мен Абылайхан Жұбаназар татамиге шықты. Бұл – қос балуанның да мұндай жоғары деңгейде қатысып отырған алғашқы жарысы. Тәжірибенің аздығынан шығар, екеуі де жүлделі орыннан көріне алған жоқ. 

Сондай-ақ, ел құрамасынан Ғ.Қырғызбаев, Д.Шамшаев, Г.Ермағамбетова, C.Нышанбаева, М.Нарынова мен Е.Куюлова жарыс жолынан шығып қалды.

Әзірге қазақстандық дзюдошылар 2 қола медальмен жалпыкомандалық есепте тоғызыншы орында келеді.

Қазірге дейін Жапония құрамасы  9 (5 алтын, 3 күміс, 1 қола) жалпыкомандалық есепте көш бастап тұр. Одан кейінгі орындарда Моңғолия 3 (1-1-1), Бразилияның 2 (1-0-1), Грузияның 1 (1-0-0) медалі бар.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<