Ер атағын ел сақтар

364

0

Кеше облыс орталығындағы «Тағзым алаңында» Чернобыль апаты зардабының салдарын жою күніне арналған еске алу митингі өтті.

1986 жылы 26 сәуірде Украинадағы Чернобыль атом-электр стансасында алапат апат орын алған болатын. Апаттың радиоактивті зияны оннан аса мемлекеттің 145 мың шаршы шақырым жерін ластады, кем дегенде 5 миллионнан астам халық зардап шекті. Жүз мыңға тарта адам құрбан болды. Бұл зардаптың әлі қанша жылға баратыны белгісіз еді.

Еске алу митингісіне қатысушылар Чернобыль құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткіш белгіге гүл шоқтарын қойды.

Шарада облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы А.Есмаханов сөз сөйлеп, апат зардабына өз денсаулығын қалқан қылған елшіл де ержүрек аға буынның аты мен ісі ұрпаққа үлгі болып қала беретінін айтты. Күллі адамзатқа қасірет әкелген оқиғаның тірі куәгерлерін бас июге лайық бүгінгі заманның батырлары деп атады. Бірлік пен ынтымаққа ұйысып, алға басқан қазақ еліне амандық тіледі.

Мұнан соң облыстық «Чернобыль» қоғамдық бірлестігінің төрағасы С.Сандыбеков сөз сөйледі.

– Сыр өңірінен апат салдарын жоюға аттанған сол кездегі 25 пен 30 жас аралығындағы қайсар рухты 800 азаматтың бүгінде 225-і қалды. Біз олардың ерлік ісін есте сақтаудың барлық шараларын жасайтын боламыз, – деді ол.

Соғыстан кем болмаған сойқан оқиға көптеген жерлесіміздің өмірін мезгілсіз қиғаны анық. Мұны тағзым етуге қалың қара болып келген Чернобыль апатына қатысушылардың жесірлері де растап тұрғандай.

Шара соңында «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің найб имамы Ж.Әбенов апат салдарынан қайтыс болған аруақтарға арнап Құран бағыштады.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<