Ербол Қарашөкеев Сыр еліне жұмыс сапарымен келді

540

0

Бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Қызылорда облысында жұмыс сапарымен болды. Сапар барысында өңірдегі шаруашылықтардың жұмысымен танысып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Шырақпайұлы мәлімдеді.

– Көктемгі егіс науқанын сәтті өткізу үшін қажетті жағдайлар жасалуда. Бұл мақсатқа жұмсалған қаражат көлемі 140 млрд. теңгені құрайды, оның ішінде Қызылорда облысына 2,2 млрд. теңге бөлінді. Сондай-ақ көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге арзандатылған дизель отынының көлемі былтырғы жылға қарағанда 13,0 мың тоннаға ұлғайтылып, 413,0 мың тоннаны құрады. Ал Қызылорда облысына 12,1 мың тонна бөлінді. Бұл жерде Шымкент мұнай өңдеу зауытына келетін болсақ, 12 сәуірден бастап зауыт жөндеуден шығып, оңтүстік өңірлерге дизель отынын жөнелтуді бастады. Оның ішінде, өңірге 200 тонна тиелді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес субсидиялау жүйесін жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілді. Мал басын асылдандыру, жер қатынастарын реттеу, цифрландыруды дамыту бойынша бірқатар заңнамалық және нормативтік құқықтық актілер, ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Ол ауылдық жерлерді әлеуметтік дамытуға, оның инженерлік инфрақұрылымына және ауылдағы шағын және орта бизнесті дамытуға және оларды кооперациялау есебінен ауыл тұрғындарының іскерлік белсенділігін ынталандыруға бағытталған. Осы тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде биылдан бастап Мемлекет басшысының бастамасымен «Ауыл аманаты» арнайы бағдарламасы бойынша ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған ауқымды жұмыс басталды. Бұл мақсатқа 1 трлн. теңге бағытталатын болады. Оның ішінде, биыл 100 млрд. теңге бөлінеді. Бұл ретте, Қызылорда облысына осы жылы 3 млрд. теңге бөлінеді. Бұл 600 микрокредит беруге және 636 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, – деді Ербол Шырақпайұлы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<