Қызылордада инновациялық әдіспен мал азығы өндіріле бастады. Оның ерекшелігі – топырақты қажет етпейтінінде. Зоотехник Өміржан Қашқынбаевтың тың идеяны қолға алғанына бір ай да өткен жоқ. Соған қарамастан цехта жем-шөп әлден қаулап өсіп тұр.
Топырақ пайдаланбай-ақ құрама жемге балама бола алатын экологиялық таза өсімдік өсіру тәсілін ғылымда «гидропоника» дейді. Агрономдар бұл әдісті мал шаруашылығы үшін тиімді деп есептейді. Өнім құнарлы әрі сапалы болғандықтан сіңімділігі де жоғары көрінеді. Мұны цех өкілдері өздері жүргізген экспериментке сүйеніп растап отыр.
– Тәжірибе ретінде цех ауласында сиыр мен бөдене ұстап, қоректендіріп, бұларға қаншалықты әсер ететінін байқап көрдік. Күніне небәрі екі-ақ литр сүт беретін ірі қарада үш күннен кейін өзгеріс біліне бастады. Бастапқыда үш, сосын төрт-бес литрге дейін көбейді. Ал бөдене біраздан бері жұмыртқа басуды қойған екен. Үш күннен кейін ол да өндіріп басатын болды. Жұдырықтай ғана құстың еті де, жұмыртқасы да мың түрлі дертке дауа екенін өзіңіз жақсы білесіз. Голландық ешкі ұстайтындарды білем. Қызылордаға әкелгесін, біріншіден, климаты, екіншіден, жем-шөбі жақпай өнімділігі азайып кеткен. Біздің өнім – бұл ретте таптырмас қорек, – деді Өміржан Қашқынбаев.
Жаңа технологияның тиімділігі сол, жер жыртып, қара терге түсудің қажеті жоқ. Жем-шөп егіп, оны күтіп-баптап, жинау үшін қыруар жұмыс күші, техника, жанар-жағармай керек. Кейіпкеріміз осының бәрін цехта айналдырған екі адам атқарып келе жатқанын жеткізді.
Цех технологы Айдос Беркінбаев күнделікті жұмысы ауа температурасын қадағалап, желдеткіштерді қосудан басталатынын айтты. Гидропоника әдісі бойынша әр қатарда шаршы тәріздес секцияға бөлінген ыдыстар орналастырған. Бидайды (оның орнына басқа да дәнді дақыл түрін қолдануға болады) әбден жуып тазалағасын қолайлы жағдай жасап, осында өсіруге кіріседі. Нәтижесінде бір апта ішінде дәнді дақыл шөпке айналады.
– Бидай бес рет жуылады. Микроб, иіс жоқ, таза. Тамыр протеині, оның үстінде шөп өсіп тұр. Құрамындағы заттар таразы арқылы өлшеніп, дәл есеппен салынады. Артық-кем болып кетсе, егілген өнімді көгертіп алуымыз мүмкін. Өсімдік те адам сияқты тыныс алады, күтімді қажет етеді. Мұның бәрі – атам мен әкемнен көріп, үйренгенім. Ол кісілер гектарлап бақша еккен. Мен де сол кісілердің жолын жалғап келемін, – дейді технолог.
Гидропоника тәсілімен егілген шөпті мал-құс тамырымен жейді. Тамыры протеинге бай болғандықтан мұны деликатес деуге болады. Ерекше әдіспен өсірілген мал азығы ет, сүт өнімділігіне әсер етеді. Дегенмен, ол мал мен құстың күнделікті рационының 70 пайызынан аспауы керек. Былай қарасаңыз, адамның дәрумен тұтынғаны сияқты.
– Бидай өскінін шырын сыққышқа салып, одан шыққан шырынды капсулаға айналдырып, адамдарға ұсынуға болады. Қазіргі күні соны сертификаттау бағытында жұмыс атқарылып жатыр, – дейді Өміржан Қашқынбаев.
Кейіпкеріміз осылайша алдағы уақытта витграсс немесе бидай өскіндерінен әзірленетін шырын өндірісін қолға алуды көздеп отыр. Бұл өнім тағам саласында кеңінен қолданылады. Өскін құрамында хлорофилл, жасушалар, Е дәрумені мен антиоксиданттар бар. Витграс асқазан-ішек жолдары аурулары үшін пайдалы. Сонымен қатар қышқыл-сілті теңгерімі мен қандағы қант деңгейін бір қалыпта ұстауға әсер етеді.
Цехта тұқымды жасанды жарықтандыру, автоматты су бүрку, озонатор, бульбулятор және басқа технологияларды қамтитын арнайы гидропондық аппарат бар. Ол тәулігіне 50 түлікті азықтандыруға жететін немесе 200 келі өнім өндіруге қабілетті. Келісі – бар-жоғы 100 теңге. Жарнамасы жетпегендіктен бе әлде халық тиімділігін әлі түсіне қоймады ма, кеңінен нарыққа шығару сәл қиын соғып тұр.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»
Суреттерді түсірген:
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<