Ерекше қамқорлық

307

0

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай «Ақбота» лигасы қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінде «Ерекше балаларға – ерекше қамқорлық» атты іс-шара өтті.

Іс-шараға мектеп директоры Бек Тумырзаев пен қоғамдық бірлестік төрайымы Шолпан Базарбаева қатысып,  балаларды құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.

– Ең алдымен кішкентай бүлдіршіндерді 1 маусым – Балаларды қорғау күнімен құттықтаймын. Балдырғандарымыз аман болсын. Мерекелік кеш ұйымдастырып, керемет көңіл-күй сыйлаған бірлестік ұжымына алғыс айтамыз. Еңбектеріңіз жемісті болсын, – деді мектеп директоры Бек Тумырзаев.

Мерекелік іс-шарада мектеп жанындағы қосымша білім беру орталығының өнерпаздары өнер көрсетіп, кештің сәнін келтірді. «Көркем-ай»  би тобы мың бұралып би билеп, балаларға жақсы көңіл-күй сыйлады. «Жас дарын» хор үйірмесінің мүшелері әсем ән шырқады.

– «Ақбота» лигасы қоғамдық бірлестігі 2002 жылы ерекше балаларға қамқорлық көрсету мақсатында құрылды. Жалпы мемлекет тарапынан ерекше балаларға көмек көрсетілуде. Соның аясында түрлі іс-шаралар өтіп, бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Біздің бірлестік ерекше балаларды ғана емес ата-аналарды да психологиялық тұрғыда қолдап келеді. 21 жыл ішінде балалардың өздерін қоғамның бір мүшесі ретінде сезінуі үшін аянбай еңбек етіп келеміз. Алдағы уақытта тағы да іс-шаралар өткізу жоспарда бар, – деді қоғамдық бірлестік жетекшісі.

Кеш соңында қоғамдық қор ерекше балаларға сый-сыяпат тарту етіп, естелік суретке түсті.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<