Ерен еңбектің лайықты бағасы

876

0

Коронавирус инфекциясымен күресте белсенділік танытқан қызылордалықтарға «Халық алғысы» медалі табысталды. Оларды облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова марапаттады.

Аймақ басшысы қиын-қыстау кезеңде халық саулығы үшін басын тәуекелге тігіп, қажыр көрсеткен жандардың еңбегін жоғары бағалады.

– Бұл медаль – халықтың ыстық ықыласы мен шын құрметіне ие болған азаматтарға тағайындалатын арнайы марапат. Індетпен күресте адам өмірінің сақшысы болған дәрігер, тәулік бойы қоғамдық тәртіптің сақталуын қа­да­ғалаған полицей, облыс орталығы мен ауыл-ауылды аралап, жұқпалы кесел ошағын за­лал­сыздандыруға қатысқан әскерилер, қайы­рымдылық шараларын толассыз жүргізіп, ауруханаларды қажетті медициналық бұйымдармен, құралдармен қамтамасыз еткен кәсіпкерлер, қаржысыз көмек қолын созған еріктілер, індет ошақтарынан жылдам ақпарат таратқан журналистердің еңбегі ерен, – деді облыс әкімі.

Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес 100-ден астам адам медальға лайық деп танылды. Соның бірқатарын аймақ басшысы табыс етіп, алғыс білдірді.

«Халық алғысын» алғандардың бірі – облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі Болат Асанбаев.

– Пандемия кезінде күн-түн демей, үй көрмей жұмыс істеуге тура келді. Көптеген қиындық туындап, оны шешуге араластық. Дегенмен, қазір жағдай біршама тұрақталды. Бүгінгі марапат – қатерлі індетті ауыздықтауға аянбай үлес қосқан азаматтардың еңбегіне берілген лайықты баға деп білемін, – дейді ол.

Бұған дейін 8 марапат иесі 2020 жылғы 23 маусымда Президенттің қатысуымен өткен «Biz Birgemiz» онлайн-форумы аясында марапатталды.

Жиында облыс әкімі «COVID-19» вирусымен уақытпен санаспай күрескен азаматтарды «бейбіт күннің батырлары» дей келе, халықты денсаулыққа жете мән беріп, сақтық шараларын сақтауға шақырды.

Назерке Саниязова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<