Қоғам дамуының негізгі бағытының бірі – волонтерлік қызметті дамыту және қолдау шараларын күшейту. Бұл бағытта облыстық және аудандық Жастар ресурстық орталықтары жанынан аймақтық волонтерлер фронт-офистері құрылған.
Ресми ақпарат бойынша аймақта екі мыңнан астам волонтер тіркелген. Бұған қоса, 30-ға жуық волонтерлік топ бар. Жылдан-жылға еріктілердің қатары көбейіп келеді. Оларға мемлекет тарапынан қолдау да аз емес.
– Біздің «Ұлттық волонтерлік желі» заңды тұлғалар бірлестігі еріктілерді қолдау мақсатында біршама іс-шара өткізеді. Оның қатарында еріктілердің біліктілігін жетілдіру де кіреді. Сондай-ақ, әр өңірдің волонтерлік жұмыстары жайында үздік кейстер жинаймыз. Сол арқылы волонтерлікті дамытудың жаңа жол картасын әзірлейміз. 2020 жылдан бастап осындай карта бойынша жұмыстар атқарылды. Үш жылды қорытындылап, жаңа картамен 2027 жылға дейін жұмыс істейтін боламыз. Жаңа картаны дайындаудың басты себебі – уақыт өткен сайын технологиямен қатар адамдардың ойлау қабілеті де дамып келеді. Сондықтан ескі картамен жұмыс істеу тиімсіз, – деді «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ атқарушы директоры Татьяна Миронюк.
Бүгінде өңірдегі 3 оқу орнының өз еріктілер ұйымы бар.
– Барлық оқу орындары тарапынан еріктілерді қаржылық ынталандыру, арнайы іссапарға жіберу, демалыс орындарына жолдама беру бойынша қолдау тетіктері қолға алынған. Жыл басынан бері облыстық ҚХА жанындағы волонтерлер қозғалысы жүзеге асырған қайырымдылық шараларды қоса алғанда барлығы 183 түрлі бағыттағы шара өтіп, 7 мыңға жуық тұрғын тартылды, 5 мың отбасыға әлеуметтік көмек көрсетілді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығына өңірден үміткерлерді қатыстыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Айта кету керек, жыл қорытындысымен үздік деп танылған 30 волонтерге «Жыл волонтері» облыстық сыйлығын табыстау жоспарланып отыр, – деді облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Артур Қамбаров.
Сондай-ақ, аймақта волонтерлік ұйымдардың бастамаларына қолдау көрсету, бизнес және жеке тұлғаларды қайырымдылық жобаларына тартуға бағытталған іс-шаралар жалғасын табады.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<