Жақында елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйымдастыруымен «qaiyrymdylyq jarshylary» ІІІ республикалық еріктілер форумы өтті. Форум жұмысына ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған мүфтият ұжымы мен дін қызметкерлері, «Зекет және қайырымдылық» қорының өңірлердегі өкілдері, еріктілер қатысты.
– Халқымызда ағайынның ауыртпалығын еңсеруге бел шеше кірісу, мұқтаж жандарға қол ұшын созу, өмір сүріп отырған ортаңа, қоғамға пайдаңды тигізу – қанымызға сіңген игі қасиеттің бірі. Жұртымыз: «Жылуы жоқ үйден без, қайырымы жоқ биден без» дейді. Расында қайырымдылық жасау әр адамның қолынан келе бермейтін іс. Жомарт болу – өзіңде барды зәру адаммен шын жүректен бөлісу. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, шын мәнінде, жаны таза адам ғана волонтер бола алады. Еріктілер – өзгенің мәселесін өз ісіндей көретін жүрегі кең, ниеті дұрыс жандар. Біздің еліміз дәл осындай азаматтардан кенде емес. Аллаға шүкір, біздің арамызда да қайырымдылық, адамгершілік қасиеттерді ту еткен, өзгелерге жанашырлық пейілдерін танытып жүрген жандар аз емес. Бұл бізді қуантады. Біз сіздерді әрқашан мақтан тұтамыз. Қара шаңырағымыз – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қоғамдық игі істерден шет қалмай, менің тапсырмам бойынша 2022 жылы «Зекет және қайырымдылық» қоры жанынан «Қайырымдылық жаршылары» еріктілер тобы құрылған еді. Содан бері олар еліміздің әр өңірінде қайырымдылық шараларына белсенді түрде атсалысып келеді. Ел басына күн туған қиын-қыстау сәттерде ортақ іске жұмылған сіздерге тағы да өзімнің және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы атынан айрықша алғысымды білдіремін, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Республикалық форумда сырбойылық еріктілердің де ерлікке тең еңбегі ерекше атап өтілді. Әсіресе, олардың елімізде су тасқынына байланысты қалыптасқан күрделі жағдай кезінде атқарған жұмыстарына жоғары баға берілді. «Зекет және қайырымдылық» қорының Қызылорда облысы бойынша өкілі Оңталап Жидебайдың 2022 жылы Президент Қ.Тоқаевтың Жарлығы бойынша «Шапағат» медалімен наградталып, оны Мемлекет басшысының өз қолынан алғанын – барлық еріктілердің еңбегіне берілген баға деп білемін», деген Бас мүфти форумға арнайы шақырту алған қызылордалық еріктілерді өзінің Алғысымен марапаттады. Олардың қатарында «Торғай-Петролеум» АҚ Бас директоры Дәурен Әбілқайыров, жеке кәсіпкерлер Өмірзақ Асанов, Ержан Ақбергенов, еріктілер Әділжан Ысқақов, Нұрсұлтан Мықтыбаев, Әділ Отар және Жансая Әбдіразақ бар.
– Сіздер еліміздің кейбір аймақтарында орын алған алапат су тасқыны салдарынан зардап шеккен отандастарымызға көмек қолын созып, нағыз еріктіге тән ерлік көрсеттіңіздер. Сол секілді мүфтияттың қайырымдылық іс-шараларында үнемі белсенділік танытып келесіздер. Өзгелерге үлгі боларлық осы істеріңіз үшін ерекше алғысымды білдіремін. Сіздерге Алла разы болсын! – деді Бас мүфти хазірет.
– Елорда төрінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының арнайы Алғысымен марапатталған қызылордалықтардың қай-қайсысы болмасын жақсылыққа жарысып, көмекке зәру жандардың қамқоршысы болып, жылы сөз, жүрек жылуын арнап, жығылғанға жәрдемдесіп, демеушілік көрсетіп жүрген жандар. Мәселен, Дәурен Әбілқайыров кешегі табиғи апат кезінде өзі бас болып тасқыннан зардап шеккен 5 өңірге әрқайсысы 20 тонналық 10 үлкен жүк көлігімен 50 млн теңгенің 120 тонна қайырымдылық көмегін ұйымдастырды. Осы көмекті ұйымдастырудың басы-қасында болып, бүкіл қиыншылығын көтеріп Нұрсұлтан Мықтыбаев пен Әділ Отар бауырларымыз жүрді. Нұрсұлтан мен Әділдің екеуі де ерікті ретінде «Зекет және қайырымдылық» қорының, жалпы мешіттің қайырымдылық шараларынан қол үзбей келеді. Ал жеке кәсіпкерлер Өмірзақ Асанов, Ержан Ақбергеновтің жөні мүлдем бөлек. Өмірзақ Орынбекұлы ініміз қолында барын өзгемен бөлісіп, мұқтаж жандарға үнемі қарайласып отырады. Ол Мұхаммед пайғамбарымыздың (Оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын!) сүннетін жалғап, біздің облыста «Бауырластық» жобасын тірілтіп, бірнеше отбасыны өзінің қамқорлығына алған жомарт азамат, – дейді «Зекет және қайырымдылық» қорының Қызылорда облысы бойынша өкілі Оңталап Тасболатұлы.
Еріктілер форумына қатысқан Нұрсұлтан Мықтыбаев пен Әділ Отар аталған шараның тәжірибе алмасуда үлкен септігі тигендігін айтады.
«Qaiyrymdylyq Jarshylary» республикалық еріктілер форумы өзге өңірлерден келген осы саладағы азаматтармен тәжірибе алмасып, пікір бөлісуге, олармен жақынырақ танысуға мүмкіндік берген жиын болды. Басқа аймақтардағы еріктілер жұмысының қалай жүзеге асатынымен таныстық. Жалпы, ерікті болу – жалаң ұран емес, халқымыздың бойында ежелден қалыптасқан қасиет. Ол жас, қызмет талғамайды», – дейді олар.
Айдын ӘБДІХАЛЫҚ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<