Еріктілердің еңбегі ерлікпен бірдей

248

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Birgemiz» республикалық Волонтерлер фронт-офисінің ашылу рәсімінде «Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау – халқымыздың көне заманнан келе жатқан дәстүрі. Біз осы дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Себебі, біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет» деп атап өткен еді.

Қазіргі уақытта, экологияны қорғауға және қиын тұрмыстық жағдайға тап болған адамдарға көмек қолын созуға дайын белсенділер бар. Солардың бірі – Сырдария ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру және инспекторлық жұмыс бөлімінің бас инспекторы Есенгелді Ережеп Есенгелдіұлы.

Ол 2015 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Кәсіптік оқыту» мамандығы бойынша тәмамдаған. Жалпы еңбек өтілі 6 жылдан асса, оның 5 жылын мемлекеттік қызметте өткізуде. Еңбек жолын 2018 жылы туған жеріндегі №139 орта мектепте технология пәнінің мұғалімі болып бастаған.

Қазақ халқы «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген даналыққа сүйенеді. Әкесі Есенгелді Майлыбаев ұзақ жылдар бойы «Айдарлы» ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы қызметін атқарса, анасы Күлшарай Ниязбекова ауылдық дәрігерлік емханада медбике болып еңбек еткен. Бүгінде екеуі де құрметті зейнет демалысында.

Әрбір азамат үшін туған жер – ең қастерлі мекен. Отанға деген сүйіспеншілік сөзден емес, нақты істен көрініс табуы тиіс. Есенгелді Ережеп осы қағиданы берік ұстанып, туған елінің игілігіне аянбай еңбек етуде. «Айдарлы» ауылдық округі әкімі аппаратының қызметкері ретінде ол ауылдың қоғамдық өміріне де белсене араласады.

Қазір ол ауыл жастарын игі іске тартып, волонтерлік жұмыстарға жұмылдыруда. Жастар бригадасының бастамасымен және демеушілігімен ауылдың кіреберісіне арнайы қақпа орнатылған. Сонымен қатар, тұрмысы төмен екі отбасының үйлерінің шатырын жаңартып, ауыл маңына 700 түп ағаш отырғызған. Ауыл жастары облыс және аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Жас мемлекеттік қызметкердің туған ауылын көркейту жолындағы еңбегі әлі де жалғасын табады деп сенеміз. Бұл бастамалар өзге де жастарға үлгі болып, ел игілігі үшін атқарылар жұмыстардың жаңа кезеңіне жол ашпақ.

Талғат НҰРТАЕВ,

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша

департаментінің басқарма басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<