Еркін елдің айбары

661

0

Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына арналған «Таңбасы тарих, байрағы биік – Қазақстан!» атты патриоттық акция ерекше салтанатпен ұйымдастырылды.

Рәміздер алаңындағы мерекелік іс-шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, зиялы қауым өкілдері, өнер саласының қызметкерлері мен белсенді жастар қатысты.

Аймақ басшысы барша Сыр жұртшылығын мерейлі мерекемен құттықтады. Мемлекеттік рәміздер тәуелсіздіктің баға жетпес құндылығы екенін атап өтті.

– Кез келген елдің елдігін, мемлекеттің мәртебесін айқындайтын басты құндылықтары, ол – шекарасы, астанасы және мемлекеттік рәміздері. Ту, Елтаңба және Гимн – Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Елтаңба, Ту, Әнұран – Тәуелсіздігіміздің басты құндылықтарының көрінісі, бейбітшіліктің, бірлік пен келісімнің, өсіп-өркендеудің белгісі» деп атап өткен болатын. Көгімізде көк байрағымыз асқақтап, тұлпар тұрпатты Елтаңбамыз жарқырап, Гимніміз шарықтай берсін, Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын! Мемлекеттік Рәміздеріміздің мәртебесі арта берсін, – деді облыс әкімі.

Жиында аймақ басшысы тәуелсіз еліміздің Елтаңбасы авторларының бірі, танымал сәулетші жерлесіміз Жандарбек Мәлібековтің мерейлі 80 жасына орай Сыр өңірінде айтулы шаралар ұйымдастырылатынын атап өтті.

Патриоттық акцияда айтыстан үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов, ауыр атлетикадан әлем чемпионы Илья Ильин, химия-биология бағытындағы халықаралық, республикалық олимпиаданың жүлдегері Жангерей Зинелов ұлтты ортақ мүддеге ұйыстыратын бұл мерекенің мәні мен маңызын жеткізді.

Арнайы іс-шарада облыс әкімі зиялы қауыммен бірге «Жас ұлан» ұйымының қатарына қабылданған оқушыларға арнайы галстук тағып, қадамына сәттілік тіледі.

Мұнан кейін іс-шара авто-мото және велошерумен жалғасты. 20-дан астам жеңіл көлік, 10 мото, 200-ден астам велошабандоз мерекеге көрік берді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<