Еркіндік нышанынан биік ешнәрсе жоқ

888

0

Бүгін – мемлекеттік рәміздер күні

Бүгін еліміздің басты белгілері – Мемлекеттік рәміздердің қабылданғанына 30 жыл толды. Осынша уақыт төрімізге айбат, жанымызға рух, көгімізге сән берген Елтаңба, Әнұран мен Туымыздың қадір-қасиетін қаншалықты бағалаймыз?  Кейінгі күндері осы сұрақ қоғамда ең көп талқыланғандар қатарында.

Әлеуметтік желіні дүр сілкіндірген бір оқиғада Шымкенттегі дүлей дауыл кезінде шатыр қирандысының арасынан көк Туымызды басын қатерге тігіп, алып шыққан қос азаматқа сүйсіндік. Олар тек көкте желбіреп тұруы тиіс қасиетті байрақ жерде тапталмасын деп алға ұмтылыпты.

Екінші оқиға осыған мүлде керіағар, өзін «әншімін» деп есептейтін «жердегі жұлдыздар» Алматы стадионына жиналған жастардың алдында көк Туымызды умаждап, қала берді былапыт сөздер айтып айналасына уын шашты. Өр намысты азаматтар дүр көтеріліп, рәмізді қорлағандарға қолданылатын жазаны қатаңдату, қасиетті сахнаны былғағандарға тыйым салу мәселесін күн құрғатпай көтеруде.   

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тақырыпқа орай өз ойын былай жеткізді:

 – Жастардың отаншылдық рухын күшейту керек. Қазір әлеуметтік желіде мемлекеттік туды қадірлеу туралы көптеген ой-пікірлер айтылып жатыр. Өкінішке қарай, қасиетті көк туымызға байланысты орын алған жағымсыз жағдайлар азаймай тұр. Сондықтан байрағымызды пайдалану тәртібін қайта қарау керек деп ойлаймын. Қажет болса, тиісті заңдарға өзгертулер енгізуге болады. Өйткені көк туымыз –  қастерлі Тәуелсіздігіміздің символы.

«Туған жерге туыңды тік» деп халқымыз бекер айтпаған. Біз –  Туын әрқашан биік ұстаған елміз. Осы ретте Қаныш Сәтбаевтың бір ойы өзекті болып отырған сияқты: «Өз елінің қара тасын мақтан ете алмаған, өзге жердің алтынын да мақтап жарытпақ емес».

Мемлекеттік рәміздерімізді қастерлеу – әр азаматтың перзенттік парызы. Осыны өскелең ұрпақтың санасына сіңіретін ең әуелі  – сіздер, яғни зиялы қауым, – деді Мемлекет басшысы.

Қылмыстық кодекстің 372-бабында Мемлекеттік рәміздерді  қорлағандарға 2 мың айлық есептiк көрсеткiшке дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 2 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу болмаса сол мерзiмге бас бостандығынан айыру қарастырылған.

Рәміздерді қорлағандарға жазаны қатаңдату мәселесі Сенатта да талқылануда. Сенатор Нұртөре Жүсіп мұндайларды сахнадан аластатуға шақырды.

– Қазақстан Республикасының туы келемеж етілді. Әншілер тарапынан әдепсіз, анайы сөздер айтылды. Іле-шала кешірім сұрағаны және айыппұл төлегені мәлім болды. Біздің бәріміз Жаңа Қазақстан құрамыз деген ниеттеміз. Жаңа Қазақстанның ең басты талабы – заң үстемдігі. Заң бәрімізге ортақ. Құр кешіріммен құтылу – жауапкершіліктен жалтару деген сөз. Қоғам бұл оқиғаға ҚР Бас прокуратурасы, Ішкі істер министрлігі қандай құқықтық баға беретінін әлі де күтіп отыр, – деді Н.Жүсіп.

Сондай-ақ сенатор концерт ұйымдастырушыларға жоғарыда көрсетілген айыппұлды төлей салу түкке тұрмайтынын айтып,  Мемлекеттік рәміздерді қорлау бойынша заң баптарын барынша қатайтуды ұсынды. Белгіленген айыппұл мөлшерін екі есе көбейту және жаза мерзімін 5 жылға дейін ұзарту туралы айтты.

Әлем елдерінде Мемлекеттік рәміздерді қорлағандарға қандай жаза қолданылатынын бағамдап көрген едік. Содан бірді-екілі мысал келтірейік. Израильде 3 жылға дейін түрме жазасы немесе 60 мың шекел айыппұл төлетеді.  Испанияда 4, Германияда 3 жылға сотталады. Түрік ағайындар өз елінде ғана емес, тіпті шет елдерде байрағының қорланғанын байқаса, қатаң айыптайды. Түрік әскери қызметкерлерінің делегациясы Грекиядағы әскери колледжге ізгі ниет елшісі ретінде барғанда Түркия туына бейәдеп сөздер жазылғанын көреді. Грек тарапы кешірім сұрағанымен, делегация ол жерден кетіп қалады. Сыртқы істер министрлігі арқылы Афиныдан ресми кешірім сұратқызып, кінәлілерді жазаға тартқызады.

Жоғарыда атап өтілгендей, Туды қорлағандардың іс-әрекетіне әлі де құқықтық баға берілген жоқ. Алдағы уақытта беріле жатар,  бірақ бір нәрсе анық, ол – қасиетті көк Туымызды қорлағандар кешірім сұраумен құтылмауы керек.

Қазақтың төл әдебиетінде Сүйінбай Аронұлының «Бөрілі менің байрағым, Бөрілі байрақ көтерсе, Қозып кетер қайдағым» деп жырлаған, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз» деп ұрандаған өлеңдері бар. Ел басына күн туғанда күллі қазақтың Абылайдың ақ туының астына жиналғаны тарихта таңбаланған. Қазір «Көк Тудың желбірегені, жаныма қуат береді» деген әнді қосыла шырқап жүрміз. Бәлкім, осындай рухты әндер халық көп жиналатын орындарда ұдайы қосылып тұрса, Мемлекеттік рәміздердің қадір-қасиеті туралы балабақшадан бастап айтылса, келеңсіз оқиғалар болмас па еді?

Бүгінгі мерекеде көңілге кірбің түсірер тақырыптың айналасын шиырлау бізге де оңай тиіп отырған жоқ. Дегенмен тамшының тас тесетінін ескеріп, Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету, қастерлеу туралы айта бергеннің артығы жоқ. Көк Туымыз тек биік тұғырында желбіресін!

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<