Ерлан Карин QazCovid-in вакцинасын салдырды

684

0

ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Карин отандық QazCovid-in вакцинасын ерікті түрде салдырды. Бұл жайында ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Facebook парақшасында жарияланған ақпаратта айтылған.

«Қазақстандықтардың көпшілігі зерттеудің ресми хаттамасымен тыс ерікті түрде вакцина салдыруға дайын екендігін білдіріп жатыр. Осы жылдың 25 желтоқсанында ҚР Президентінің көмекшісі Е.Т.Карин клиникалық зерттеуден тыс өз келісімімен QazCovid-in вакцинасын салдырды», – делінген комитет ақпаратында.

Комитет мәліметінше, 19 желтоқсанда ҚР БҒМ Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты ғалымдары әзірлеген QazCovid-in вацинасына клиникалық сынақтың ІІІ фазасы басталды. Клиникалық сынақтың I және II фазасына 244 қазақстандық қатысты. Зерттеудің алдын ала нәтижелері вакцинаның жоғары қауіпсіздігін, иммуногенділігін және тиімділігін көрсетті. ІІІ фазаға 3 мың ерікті қатысатын болады. Зерттеудің барлық қатысушыларына бір реттік сыйақы мен медициналық сақтандыру төленеді.

Соңғы уақытта Ғылым комитетіне ресми волонтер болып, бағдарламаға қосылғысы келетін қазақстандықтардың тарапынан өтінім көп түсуде. Осыған орай ведомство екі қаладағы зерттеу жүргізілетін медициналық ұйымның мекен жайын жариялап отыр:

«МИПО клинкасы» ЖШС – Алматы қ., Торайғыров к., 49/1

Алматы қаласының №4 клиникасы, Торайғыров к., 12 «а»

Тараз қ., Қалалық көпбейінді аурухана, Әл-Фараби к., 2 «В» үй

ҚР БҒМ Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының клиникалық зерттеуге жауапты өкілі Берік Хайруллинің телефон нөмірі: +77013823824.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<