Ерлан Қарин: Ұлттық кеңесте ұсынылған әлеуметтік бастама Мәжілісте қолдау тапты

545

0

Президенттің көмекшісі Ерлан Қарин Telegram каналында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Мәжіліс жалпы отырысының бірінші оқылымында мақұлданғанын жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Аталған заң жобасы ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін сапалы білім алуға біркелкі қол жеткізу жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған», деп жазды Мемлекет басшысының көмекшісі.

Ерлан Қарин аталмыш заңнамалық баста Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде талқыланғанын еске салды. «Бұған дейін, 2021 жылғы 25 ақпанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың саны өсіп келе жатқанын, бірақ осі іске мамандандырылған ұйымдардың жұмысын реттейтін қолданыстағы нормалар ескіргенін атап өткен болатын. Осыған байланысты Мемлекет басшысы өңірлердің ерекшелігін және заманауи стандарттарды ескере отырып, осы саладағы нормативтерді жаңартуды тапсырды», – дейді Ерлан Қарин.

Сондай-ақ, ол бүгін Мәжілісте қаралған заң жобасында оқу бағдарламалары ерекше қажеттіліктері бар балаларға арнап бейімделетінін, аталмы санат үшін жеке дамыту бағдарламалары әзірленетінін, психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу енгізілетінін жеткізген.

«Мүмкіндігі шектеулі балаларды психологиялық-педагогикалық қолдауға мемлекеттік білім беру тапсырысын қаржыландырудың жан басына шаққандағы нормативі әзірленетін болады. Осылайша, Президенттің Ұлттық кеңес қызметі шеңберіндегі әлеуметтік бастамаларының тағы бір маңызды блогы Мәжілісте жұмыс істеуде. Бұл шараларды заңнамалық ресімдеу ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін сапалы инклюзивті білім алу мүмкіндігін кеңейтуге мүмкіндік береді», – деп жазды Президент көмекшісі.



 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<