Ерлік – елге ұран, ұрпаққа үлгі

538

0

Сурет ашық дереккөзден

ТӨЛЕГЕН ЖҮНІСОВ

Ерлік – елге ұран, ұрпаққа үлгі

Төлеген Жүнісов 1921 жылы Тереңөзек ауданы «Жаңарық» ауылында дүниеге келген.

1942 жылы қызыл әскер қатарына қабылданып, кіші командирлер дайындайтын курста білім алады, 688-атқыштар полкінде ұрыста болған. Украинаны жаудан азат ету жолында ерліктің ерекше үлгісін көрсетеді.

Берлинге дейін жеткен майдангер жеңістен кейін елге қайтарылмай сонда қалып, қала маңында патрульдік қызмет атқарады.

1946 жылы елге оралған соң өз ауылында бейбіт еңбекке араласады. Теміржол саласында жол монтері болады. Тозығы жеткен шпалдарды ауыстыру, төсеу, шегендеп қағып, бекіту секілді жұмыстармен айналысады. 1983 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясында еңбек етеді.

Фашистерге қарсы күрестегі жауынгерлік ерлігі үшін майдангер «І дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордені, «Германияны жеңгені үшін», «За боевые заслуги», «За отвагу», «КСРО Қарулы күштеріне – 60 жыл», «КСРО Қарулы күштеріне – 70 жыл» және бейбіт күндерде «Еңбек ардагері», «Астанаға – 10 жыл» медальдарымен марапатталған.

ЯХИЯ ТАСЫРОВ

Ерлік – елге ұран, ұрпаққа үлгі

Яхия Тасыров 1922 жылдың 2 қазанында  Тереңөзек ауданының бұрынғы «Ақ түйе» ауылында дүниеге келген.

Ташкентте текстиль оқуын оқып, 1940 жылы текстиль фабрикасына шебердің көмекшісі болып жұмысқа орналасады. 1941 жылдың аяғында Ташкент облысы Фрунзе аудандық әскери комиссариатынан әскерге алынған. Сібірде, Омбы қаласында алғашқы әскери дайындықтан өтіп, 1942 жылдың қазанында майданға жіберілген. Сталинградты, Курскіні, Польшаны жаудан қорғаған. Гданьск жерінде портта аяғынан ауыр жараланған. 1944 жылы шекарадан Германияға кірген. 1945 жылы тамыздың аяғында елге оралған.

Бейбіт өмірге араласқаннан кейін аудан орталығындағы сүт зауытында қойма меңгерушісі болып 16 жыл жұмыс жасаған. 1960 жылы Жалағаштың сүт зауытында мастер, 1982 жылы аудан орталығындағы астық қабылдау пунктінде жұмыс жасап, зейнетке шыққан.

«Қызыл жұлдыз»  орденімен, «І-ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Ұлы Жеңістің 40-50-60 жылдығы» медальдарымен марапатталған.

ТІЛЕУБЕРГЕН ТОБАБЕРГЕНОВ

Ерлік – елге ұран, ұрпаққа үлгі

Тілеуберген Тобабергенов 1924 жылдың 1 қаңтарында Қазалы ауданы «Басықара» елді мекенінде дүниеге келген.

1942 жылы қаңтар айында Қызыл әскер қатарына шақырылған. Ол неміс басқыншыларынан Беларусьті, Польшаны, Чехословакияны, Калининград қаласын азат етуге қатысқан. Жеңісті Берлин қаласында қарсы алып, елге 1947 жылы оралған.

1948 жылдан бастап теміржол станциясында 1982 жылы зейнетке шыққанға дейін қызмет атқарған.

Бүгінгі күні 7 баладан 31 немере, 16 шөбере сүйіп отыр.

ӘБДІРАХМАН БӘЙТІКОВ

Ерлік – елге ұран, ұрпаққа үлгі

Әбдірахман Бәйтіков 1924 жылы 27 қарашада Қызылорда қаласында дүниеге келген.

1942 жылы Ашхабад қаласында командирлер дайындайтын курсқа оқуға түсіп, аяқтамастан майданға аттанған. 1943 жылы Курск доғасында ауыр жарақат алып, ІІ топ мүгедегі болып, 1944 жылы 20 жасында елге оралған.

ҰОС жылдарындағы көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының маршалы Г.Жуковтың ІІ дәрежелі медалімен,  «Қарулы күштердің 50 жылдығы» орденімен,  Жеңіске 20, 30, 40, 55, 65, 70, 75 жыл, т.б. медальдармен марапатталды.

1944 жылы соғыстан оралған соң «Кооператор» (кейінгі атауы «Комсомол») колхозының қой шаруашылығында учетчик, есепші және зейнет жасына дейін бригадир болып жұмыс атқарған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<