Ерте жүктіліктің ертеңі бұлыңғыр

1416

0

Ол көз жанарындағы мұңын жасырғысы келіп, күле сөйлегенімен, өкініші бар адам сияқты көрінді. Түйсігім алдамапты, алдымда ерте жүкті болып қалғандықтан болашаққа құрған жоспарынан бас тартқан жап-жас келіншек отыр.

– Арманым дәрігер болу еді. Сабағымды жақсы оқыдым. 9-сыныптан ке­йін оқуға түстім. Қалаға алғаш келуім. Бәрі таңсық көрінді. Қыздармен пәтер жалдап тұрдық. Бұрын ата-анам ешқайда шығармай, қадағалап отыратын. Мұнда келгеннен кейін өзімді еркін сезіндім. Құрбы қыздармен жиі қыды­рып, сауық кеш­теріне бара бастадық. Сондай кештің бірінде бір курс жоғары оқитын жігіт сезімін білдірді. Екеуміз кездесе бастадық. Біршама уақыт өткеннен кейін өзімді нашар сезіндім. Ұйқым келіп, басым айнала бастады. Басында әлсіздік шығар деп мән бермедім. Бірақ бұл өзгеріс жиіледі. Содан интернетке қарап жауабын тапқандай болдым. Жігітіме жағдайды түсіндірдім, ата-анасымен сөйлесіп, ашығын айтты. Екі от­басында да ұрыс-керіс болды. Бірақ амал жоқ еді. Біз үйлендік. Оқу аяқсыз қалды. Бала дүниеге келгеннен кейін жауапкершілік арта түсті, – деді ол.

Бұл – тек бір мысал. Егер осындай тағдырлар ондап, жүздеп кездессе ше? Мәсе­ленің алдын алу үшін не істеу керек? Әлі бала, бірақ ана атанғандардың шалыс басуына не себеп? Мәселен, өткен жылы 119 қыз ерте жүкті болған. Оның 3-нің жасы 15-ке де толмаған, 4-і түсік тастаған. Мұндай дерек аудандарда да тіркелген. Биыл тағы  81 жағдай анықталды. Ақпарат көз­дерінде ең жас ананың бірін­ші мүшелге де жетпегені айты­луда. Жас­өспірімдердің түсік жасатуы бойынша еліміз алдыңғы ондыққа енген. Міне, ешкімнің көңіліне қарап, басынан сипамайтын статис­тика осылай дейді. Жастай жасалған жасанды түсік соңы бедеулікке соғатынын албырттықпен тү­сін­­бейді. Шалыс басып, сү­рін­­генін мойын­дағысы кел­­мейді.

Бұл мақалада халқы­мыз­дың қыз тәрбиесіне қа­тыс­ты ұста­нымдарын, ға­­сыр­­­лар бойы бұзыл­май жет­­кен қағидаларын, мақал-мәтелдерін мысалға кел­­тіріп, ақыл айтудан аулақпыз. Мектеп қабыр­ға­сында жүріп жүкті болып қалған қыздардың, ең сорақысы жасанды түсік жасатып үлгергендердің ер­теңгі тағдыры алаңдатпай қой­майды. Ата-ана қы­зының жүктілігін жасыру, «ат атандырып, сүйек сындырды» деген сөзге қалмаудың жалғыз жолы – түсік жасату деп ойлайды. Ең өкініштісі мұның қалыпты дағдыға айналып бара жатқаны.

Жасөспірімдердің, жас­тар­­дың ерте жыныстық қа­тынасқа баруы, одан туын­дайтын зардаптар күрделі мәселеге айналып барады. Физиологиялық тұрғыда жетіліп үлгермей жатып, жыныстық жолмен жұғатын ауруларға шал­дығып, өмі­рі ластануда. Нақты деректер келтіретін болсақ, 2018 жылы 15-29 жас аралығындағы 82 қыз-жігіт мерезге шалдыққан, өткен жылы 68 науқас тіркеліп, 1,2 есеге төмендеген. Мамандар бұл жұқпалы кеселдің жас­тар арасында кең таралуына да алаңдаулы.

Денсаулық сақтау, білім беру саласындағылар проб­ле­маның салдарымен емес, шығу төркінімен күресу керек дейді. Екі құрылымның бірлескен шешімімен облыс көлемінде 17 отбасын жос­парлау кабинеті ашылған. Онда ерте жүктіліктің алдын алуға бағытталған шаралар мен жас отбасыларын қолдау мақсатында көп­те­ген жұмыстар жүзеге асыры­лады. Сонымен қатар Жастар денсаулығы орта­лығы жұмысын бастады. Орта­лықта жасөспірімдер мен жеткін­шектердің ден­сау­лық­қа қатысты сұрақ­тарына жауап беретін мамандар бар. Қазір оның қызметіне жүгіне­тіндердің саны арт­қан. Әсіресе, гинекологтан кеңес алатын 15-18 жас аралығындағы қыздар көбей­ген. Тұрмысы төмен отбасылардан шық­қан, кәмелет жасына жетпеген 1135 қыз бақылауға алынып, олармен жұмыс жүр­гізілуде. Сондай-ақ, кә­сіпк­ерлердің бастамасымен «Ана үйі» қоғамдық қоры құрылған. Жобаның мақсаты – жас аналардың жаңа туған сәбиінен бас тартуына жол бермеу. Алданған қыздың тағ­ды­рына араша болатын осындай қоғамдық қор елі­міздің барлық өңір­ле­рін­де жұмыс істейді.

Гинеколог мамандардың айтуынша, ойнап жүріп от басқан қыздар жүкті бол­ғанын білген бойда өсіп келе жатқан ішін жасы­рудың,  баланы тү­сірудің түрлі әрекетін жасайды, дәрі-дәрмек ішеді. Ата-анасына айтуға қорқып, психологиялық күйзеліске ұшырайды. Жасанды түсікті жасырын жасауға бел буады. Осы жағдайдың алдын алу үшін отбасында, ана мен қыздың арасындағы әңгіме ашық өрбуі керек. Бірақ қазіргідей ақпараты ашық қоғамда қыздардың жыныстық сауаттылығы кемшін түсіп жатыр деп айту қаншалықты дұрыс?

Кәмелет жасына жетпей жүкті болу қыз бала­ның денсаулығына зиянын тигізіп қана қоймай, психологиялық тұрғыда да әлсіретеді. Бұл жағдайлар құрсақтағы нәрес­тенің де денсаулығына кері әсерін тигізбей қоймайды. Міне­кей, ойланбай жасалған бір қадамның залалы алдымен қыздың өзіне, ата-анасына, болашақ тағдыры мен құрсақтағы нәрестенің ертеңіне осылайша ізін қалдырады.

Қыз тәрбиесіне қашанда  ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Ол – салиқалы ұрпақтың жалғас­ты­рушысы. Сол се­бепті, қыз­дың саналы, иба­лы және тәрбиелі өсуіне қоғам болып атсалыс­қа­нымыз жөн.

Сара  АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<