Кезінде спортшы, кейін аудан көлемінде басшылық қызмет баспалдағынан өткен Көлбай Данабайдың есімі Арал жұртшылығына жақсы мәлім. Оның бастамасы әрі демеушілігімен №260 орта мектепте өткен «Ертегімен ертеңіме сенемін» атты әдеби-танымдық іс-шара өскелең ұрпақты халық даналығына, қазақ халқының рухани асыл мұрасына деген сүйіспеншілікке, патриотизмге тәрбиелеу, елдік пен ерлік рухын, намысшылдық, қайсарлық сынды қасиеттерге баулуды көздеген болатын. Өзінің құттықтау сөзінде мектеп директоры А.Сауяев шараның маңыздылығы мен мақсатына тоқталып, оқушыларға сәттілік тіледі.
Шараға 2 сынып оқушылары арасынан 11 талапкер қатысты. Жазғы демалыс кезінде оқыған халық ертегілерінің мазмұнын көпшілікке баяндаған «Ертегі сиқыры», «Өзім сүйіп оқитын ертегі» атты тақырыптық кезеңдер бойынша бақтарын сынады. Тағылымды шарада қатысушылар ертегі кейіпкерлерін ата-аналарымен бірге сахналық көріністер арқылы сомдаса, кейбірі ертегі желісін бейнеролик арқылы жеткізді.
Жарыс нәтижесінде 2 «а» сынып оқушысы Айша Жалғасова жеңіске жетіп, бас жүлдені иеленді. Ерекше белсенділігімен көзге түскен 2 «ә» сыныбының оқушысы Нұрәли Ермекбай бағалы сыйлықпен марапатталса, өзге қатысушыларға ынталандыру сыйлығы тапсырылды.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Арал қаласы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<